Жарымжан болсақ та салауатты өмір салтын ұстанамыз

Жарымжан болсақ та салауатты өмір  салтын ұстанамыз

Көз жанарынан айрылса да қоғам өмірінен тысқары қалмайтын зағип жандардың жаратылысы бөлек. Тек түйсіктің сезімталдығы арқылы олар барлық іске икемділігін көрсете біледі. Бүгінгі кейіпкеріміз – Аукен Айдос Алматы облысы Талғар ауданында дүниеге келген. Отбасындағы 3 баланың үлкені. Туғаннан көру мүмкіндігінен айрылған екінші топ мүгедегі. Бірақ ол – қиындыққа мойымаған, басына түскен ауыр сынақтан сағы сынбаған мықты адам.

Бәрін үйренуге тырысқан, тек ұмтылыста болған. Жасы 22-ден асқан азамат бүгінде тоғызқұмалақтан республиканың күміс жүлдегері. Қазіргі таңда «Кәусар бұлақ» мүгедектер қоғамдық бірестігінің жетекшісі. Айдос Талғар қаласындағы Қазақтың соқырлар қоғамының Талғар оқу-өндірістік кәсіпорны ішіндегі ғимаратта зағип жандарға арналған жаттығу залын ашқан. Бұл жаттығу залын ашу үшін Айдос «Zhas Project» жобасына қатысып, сол арқылы 1 млн теңге жеңіп алған. Осы жобаны үш ай бойы іске асырып, қыркүйек айының соңына қарай Талдықорғанға барып, екі күн арнайы тренинген өтіп, сертификат алды. Осы зағип жандарға арналған жаттығу залының жобасы Алматы облысы бойынша 63 жобаның арасына іліккен. Сол қаражатқа жаттығу құрылғыларын сатып алған.

Аталмыш дене шынықтыру залына кіріп барғанымызда орталықтың тіршілігі қыза бастағаны бірден білінді. Адам ағзасының әрбір дене мүшесіне, бұлшық еттерінің қимыл-қозғалысына қан айналымына лайықталған жаттығу құрылғыларының саны көп. Тұрақты келушілер де күн санап артуда. Қазір мұнда Абилов Аманхан есімді дене шынықтыру нұсқаушысы жұмыс істейді. Осы салада 20 жылдай тәжірибе жинақтаған, спорт саласында білімі бар жаттықтырушы әр адамның денсаулық жағдайына, жас ерекшелігіне байланысты жеке бағдарламаларын құрып, соған сай тиісті құрылғылармен жаттығуға көшеді. Зағип жандар мұнда түскі сағат 2-ден кешкі 9-ға дейін жаттыға алады. Осы уақыт аралығында осында 25 мүмкіндігі шектеулі адам келіп, дене шынықтырып қана қоймай демалып қайтады екен. Жаттығу залында жүгіруге арналған жолдар, велоқұрылғы, айналдырмалы шеңбер, турник, эплипстік жаттығу құрылғысы, қол бұлшық еттерін нығайтуға арналған құрылғы, қол күресін шынықтыратын үстел сияқты тағы да басқа құрылғылар бар. Мысалы, қос жанарынан айырылған Тайжанова Мадина Шабденқызы осы жаттығу залына келіп дене шынықтырғанына бір айдан астам уақыт болыпты.

— «Өте жақсы! Ұнап жатыр! Біз жарым жан болсақта салауатты өмір салтын ұстануға тырысамыз. Сол үшінде жұмыстан босаған уақытымызда күніне бір рет осы жерге келіп жаттығамыз. Маған көбінесе велоқұрылғы, айналмалы шеңбер, турник, эплипстік жаттығу құрылғысы, қол бұлшық еттерін нығайтуға арналған құрылғымен жаттығу ұнайды. Осындай жаттығу залын ашқан Айдос балама рақмет! Үйіміздің іргесінен тегін әрі денсаулығымызға орасан зор пайдалы іс ашқанына өте қуанышымын. Бұл жерге балаларым да келеді. Көбінесе жұрттар зағип жандарды «қолдарынан ештеңе келмейді» деп ойлайды. Алайда олар біздің өмірге деген құштарлығымыздың қандай екенін білмейді» – деді Мадина Шабденқызы.

Қазір де ол мүмкіндігім шектеулі деп қол қусырып отырған жоқ. Ол Алматы қаласындағы көздері көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханада корректор болып жұмыс істейді. Қиыншылыққа мойымаған Мадинаны талабы мен ерлігіне тамсандық. Себебі мұндағы жағдай басқаша. Өзі тағдырлас адамдар. Келушілермен ортақ тақырыпта әңгімелесіп, ой бөлісуге мүмкіндік бар.

Сондай-ақ басқа кабинетте интеллектуалдық ойындарының үстелі орнатылған. Тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы сынды адамның ой-өрісін дамытатын ойындар да бар. Әсіресе, тоғызқұмалақ ойыны адамның математикалық ойлауын жетілдірумен қатар төзімділік пен есте сақтау қабілетін шебер ұштастыра білуге бейімдейді. Айдос алдағы уақытта жаттығу залын үлкейткісі келетінін айтты. Өз ісін ашқан жігітке ісіне сәттілік тілеп, алдағы уақытта бұдан да ірі жобаларды іске асыруына тілектес болып қайттық.

 

Кәусар Әбдікерім