Талғарда жалпы 163 зағип жан бар болса, олардың қатарында тағы 50 көзінен мүгедек блған бала бар. Оның 12-сі ата-анасының көзінен мүгедек болуына байланысты туа бітті соқыр болып өмірге келген балалар. «Қазақ соқырлар қоғамы қоғамдық бірлестігінің Талғар оқу-өндірістік кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 41 адам жұмыспен қамтылып түйме, картон т.б. заттар жасаумен айналысады. Ал 20-сы сыртта түрлі салада жұмыс істейді. Қалған 9-ы мектеп, басқа да жоғары оқу орнындарында оқиды.
Талғарда «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің 85 жылдығына арналған мерекелік шара өтті. Қазанның 7-ші жұлдызы аудандық әкімдіктің қолдауымен өткен мерейтойға «Талғар ауданы зағиптар қоғамының бастаушы ұйымына» қарасты көзінен мүгедек жандар, облыстық инватаксидің басшысы Айдар Оразбаев және аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев, аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері, демеушілер, еріктілер қатысты. Бұл қоғам жыл сайын «Наурыз», «Зағиптар күні» қатарлы атаулы мерекелерді белсенді түрде атап өтеді. Шара барысында өздері дайындаған қойылымдарын көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашты. Қызықты комедиялары арқылы жиналған жұртты күлкіге қарық қылды. Скрипка, домбыра сынды аспаптарда ойнап көздері соқыр болса да, көкіректері ояу екендерін көрсетті. Аудан әкімі Қайдар Абдыханов атынан құттықтау сөзін алған аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев олардың өмірге құштарлықтары мен құлшыныстарына тәнті екенін жасырмады. Төрт мүшесі түгел адамдардың өзі өмірге налып, өкпе айтып жататынын айта келе, мүгедек жандардың еш өкпе-назсыз, үмітпен өмір сүруі бәрімізге үлкен күш-қуат беретінін тілге тиек етті. Сондай-ақ оларға мықты денсаулық, қажымас қайрат тіледі.
Сәкен Қайдарұлы атындағы «Қазақ соқырлар қоғамы» 1937 жылы құрылған қоғамдық ұйым. Бұл қоғам әлемдік және еуропалық соқырлар одағының мүшесі. Ұйымның 1-съезінде Орталық басқарма төрағасы болып 1-топтағы мүгедек Зекен Бейсеков сайланды. 1941 жылға дейін оқу-өндірістік мектеп Алматы, Талғар, Шымкент, Семей қалаларында жұмыс істеді. Сол орындарда 200-ге жуық зағип жан аяқ киім, қол дорба, себет даярлаумен айналысты. 1997 жылы 11 ақпанда ҚР Азаматтық заңнамасына сәйкес «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық ұйымы болып қайта тіркеуден өтті.
Соқырлар қоғамының басты мақсаты – І, ІІ-топ мүгедекке жататын зағиптардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қамсыздандыру, еңбекке қосу. Осындай міндетті арқалаған «Талғар ауданының зағиптар қоғамының бастаушы ұйымының» төрағасы Сәке Тленчиев: « Мүмкіндігі шектеулі жандар көбірек көңіл бөлуді қажет етеді. Оларға қамқорлақ жасау – біздің қоғам алдындағы парызымыз. «Кәусар бұлақ» атты қайырымдылық қорымен бірлесе отырып оларды концерт сияқты мерекелік шараларға апарамыз, кейде арнайы кеш ұйымдастырып, олардың үйде отырып қалмай өмірдің көркем тұстарын көре білуіне мүмкіндік жасаймыз. Қоғамнан тыс қалмай, өздерін сол қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезінуі оларға үлкен мүмкіндік пен сенім бағыштайды. Үнемі қол ұшын созатын демеушілер азық-түлікпен, балаларды оқу-құралдарымен қамтамасыз етіп отырады. Ауданымызда жалпы 330 бірінші топтағы мүгедекке төрт инва такси тегін қызмет көрсетеді. Емхана, базар, Халыққа қызмет көрсету орталығы сынды орындарға апарып, алып келеді. Мемлекетке алақан жайып отырмай демеуші іздеп кеш ұйымдастырып, жатып қалған, мұқтаж жандарды азық-түлік, керек-жарақпен қамтамасыз етіп отырамыз», – дейді.
Олар өмірге өкпелі емес. Жүрек түкпіріндегі мейірім нұрымен өмір сүреді. Мына өмірге ғашық. Иә, тағдырдан қанша төпеу көрсе де, ешкімге ренжімейді. Әлемді алақанмен көреді, саусақпен сезеді. Қазақ қоғамы да оларға кедергісіз келешек қалыптастырып, көз жанарынан айырылған жандардың қоғамның бір мүшесі ретінде белсенділік танытуына жағдай жасап келеді.
Зорагүл Әбдіқадір