Бүгінде «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген есті мақалдың ескіргеніне куә болып жүрміз. Олай деуімізге – өзен арналары мен аңғарларына толған қоқыс себеп. Иә, бұл мәселе өзімізге ғана емес, өзені бар өлкелердің барлығына қатысты. Әрине, өкінішті-ақ…
Бірлік ауылы мен Талдыбұлақтың ортасын бөліп жатқан шағын ғана өзен бар. Оны Талғар мен Алматы екі ортасына қатынайтын жан біткеннің бәрі біледі. Шіркін, сол өзеннің айналасы таза болып, жаздың күндері жағасында бала-шаға суға шомылып, асыр салып ойнап жүрсе деп армандаймын. Өкініштісі сол, аядай өзенннің айналасынанда бала ойнағанды қойып, аяқ басатын орын жоқ. Мөлдір суы сарқырай ағып жатқан өзен арнасындағы пластикалық құтылардан бастап, машинаның доңғалағы, ит-мысықтың өлексесі дейсің бе, іші толы қағаз қораптар полиэтилен дорбалардың түр-түрі, қап-қап құрылыс қалдықтары, бәрі-бәрі осында жатыр. Ол аз десеңіз, әкесінің жеке өзені секілді талтайып тұрып талыстай машиналарын жуатындар ше? Күл-қоқыс пен химиялық қалдықтардан көзі ашылмаған кішкене өзенге жан бітсе, жағасына қоқ-соғын төгіп, қоқысын лақтырып жүргендердің жотасынан таспа тілер еді. Әттең, жансыз… Қолдан келер қайран болмаған соң, «қоқыстан көрген қорлығымыз-ай…» деп, амал жоқ, ақ қағазға қара сиямен мұң шағып отырған жайымыз бар.
Ауылға қатысты мәселе болса таяқтың жуан басы алдымен әкімнің басына тиетіні де шындық. Бірақ, айтыңызшы, өзендерге қолымен әкеп қоқыс тастап, көлігін жуып жүрген әкім-қараны көрдіңіз бе? Шындығында, сол апат бәле жапқыш, күйе жаққыш пенделердің өз қолымен істеліп жатқан жоқ па! Осы мәселені шешу үшін ауыл азаматтары бас болып көшелердегі көрнеу жерлердің бәріне қоқысты албаты жерге тастамауға, ауыл тазалығын сақтауға шақыратын түрлі тақтайшалар да ілді. Қайран қайсы, бірен-саран болмаса, оған қарап жатқан жан баласын көрмедік десек артық айтқандық бола қоймас.
Бұл ретте былыққаны сонша, жаңбыр жауса толып кеткен қоқыстан батпағы білінбей қалатын көше тазалығы туралы айтпай-ақ қояйық. Осындайда «осы пенде деген неге осынша надан екен?» деп ойланбасқа шара жоқ.
«Айтпаса сөздің атасы өледі», өзенді жағалай келіп Бірлік ауылына өтетін жердегі екі ауылдың ортасын жалғап, Мәлкеев көшесіне бұрылатын шағын көпірдің бір жағын кім жұлып әкеткен? Былай демеске лаж жоқ. Көпірдің оң жағы мүлдем жоқ болса, сол жағындағы жаяу адамға арналған тұсы астаң-кестең, жұлым-жұлым қалпында жатыр. Көлікпен қабаттасып келген жаяу адам ұшып өтпесе, басқа амал жоқ немесе көлікпен жарыса өтеді. Ал бұл жермен көбіне балалар сабаққа қатынайтынын ескерсек, қауіп қайдан дейтін жағдайда емеспіз?…
Ол аздай, неге екені белгісіз, өзен жағасының өртенген тұсы көп. Оны өртеу кімге, не үшін керек болғаны тағы түсініксіз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», қураған шөптің арғы шеті тұрғын үйлерге тиіп тұр. Ала жаздай жаңбыр тамбай, қурап тұрған қу шөпке қойылған өрт үйлерді шарпыса не болмақ? Тағы да еріксіз «о, тоба!» дейсің…
Айтпақшы, сөз реті келгенде айта кетейік, осы өзеннің Талдыбұлақ ауылынан өтер тұсында іші қоқысқа толған бақандай 3 құбыр құдығының беті ашық жатыр. Біреуінің бетіне ырымға жабылған жұқа плстикалық қақпақ ортасына опырылып жатса, екіншісінде полиэтилен қағаз байланған таяқ, ал «Тәуекел – Н – Алғабас» ЖШС-гі орналасқан екі қабатты құрылыстың дәл қақпасының алдында жатқан үшінші құдықта жуан, әрі ұзын құбыр қадалып тұр. Айналайын-ау, «Айпаса сөздің атасы өледі», бұл қай мазақ, кімге жасалған қастық? Аталмыш мәселеге қатысты жауапты мекемелер ай қарап, жұлдыз санап отырмаса мына жағдайды дереу реттеуі керек. Жуырда ғана иақтайдай болып жасалған бұл жолмен осы ауылдың жарты халқы мен автокөліктері ары-бері қатынайды. Ауылға кіретін ауыр көліктердің де көбі ауыл тұрғындары арасында «китайский трасса» аталып кеткен осы жолмен жүреді. Жарайды, күндіз жүрген жолушылар амалдан жүре берер-ау, қыс мезгілінде тас қараңғыда тарайтын оқушылардың амандығына кім кепіл? Өзі тар жолда көліктен қашып аяғы анда бір, мында бір тиіп жүгіріп жүретін адамдардың өміріне төнетін қауіптен қалай құтылмақпыз? Сол құдықтарға мал түсіп кетсе де обал-сауабы сұралады емес пе, бетін аулақ қылсын, ал абайсызда адам құлап кетсе немесе осындай жағдайлар салдарына мерт болса кім жауап береді? Қандай бір жағдайда халық «Ертөстік» ертегісіндегі «Сор құдықтың басына сорға бола қонды әкем» деп Ертөстіктің әкесі Ерназарды кінәлайтын Кенжекейдей болғанымен, кінәлі «Ерназарды» қайдан іздеп табады?
Құрылыс саласын түрлі тас-құммен қамтамасыз ету үшін ақша табу мақсатында өзен арналарын тас-талқан қылған компаниялардың жасаған қиянатын айтып тауыса алмаспыз, бірақ сол ашығып қиналғанда өзекті жанды өлімнен құтқарып, өзегін жалғайтын өзен арналарын өз қолымен қоқысқа толтырған аяусыз адамдарға не дейсің?!
Дәл осындай мәселелер Талғар ауданына қарасты барлық өзендер мен барлық ауылдағы құбыр құдықтарына ғана емес, еліміздің бүкіл аумағындағы барша өзен-көлдер мен ауыл-аймақтарына тікелей қатысы бар және шешімі қиын мәселеге айналып отыр. Арнайы қоқыс полигондары аз емес қой, аста-төк тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын соған апарып төгуге не аяғы, не ақылы жетпейтіндердің табиғатқа тигізген зияны мен жер бетіне әкеліп жатқан экологиялық апаты өлшеусіз.
Біздікі тек «көзбен көргеннің айыбы жоқ, айтары көптің» әңгімесі ғой, ендігісін мәселеге жауапты мекемелердің құзырына тапсырдық. Халық тарапынан қолқа санылып, базына айтылған соң, жуық арада қолға алынып, жоғарыда айтылған мәселеге жауапты мекемелер мәмілеге келіп, оң шешімін тауып жатса құба-құп.
Жанбота Сұлтанмұратқызы