Жалғамыстағы Қазпоштаның халі шынымен мүшкіл. Алыстан қарасаңыз «Иесіз үй ме?» деп қаласыз. Сыртқы қабырғасына ілінген «ҚАЗПОШТА» деген жазуы бар маңдайшадан ғана бұл нысанның маңызды орын екенін байқауға болады. Өткен ғасырдың 60 жылдары іргетасы қаланған ғимараттың көптен бері еш жөндеу көрмегені айтпаса да көрініп тұр.
Сыртқы қабырғаларының сылағы сылынып қалған. Жарлының жамау көрмеген жыртық қосындай қалқайып тұрған нысанның айналасын шөп басқан, артқы жағында айқасып жатқан ағаштың сынған, шіріген бұталары ешкімнің аяғына оралғы болмайтын сияқты. Ал құрылыстың ішіне келер болсақ қисыны кетіп қиқайған есікке тесілген терезе жарасып тұрғандай. Бір қызығы сол, тесілген терезені целлофанмен қаптап қойса да, далада күн шыжып тұрғанмен бөлменің іші салқын, қараңғылау көрінеді. Ағаштан төселген еденнің сыры кетіп мүжілген, қабырғалары жақындасаң жарылып кетердей болып ашылып тұр. Қолданыстағы жиһаздардың да өткен ғасырдың жәдігері екені байқалады. Құлазыған құрылысқа қарап ешкім бас сұқбайтын сияқты көрінгенімен, кіреберіске қойылған ұзынша орындық мұнда адамдарың жұмыс бабымен келіп, кезек күтіп отыратынын аңғартады. Жарылған жеріне шегелеген тақтайлар түсейін деп тұрған төбені зорға ұстап тұрғандай.
Айта кетейік, 2006 жылдан бері «Самұрық-Қазына» Акционерлік қоғамына қарайтын «Қазпошта» компаниясы 1999 жылы құрылған. Бүгінгі таңда пошта желісі бизнес пен халық үшін электронды сауданы, көлік-логистикалық сервисті, сонымен қатар қаржылық қызметтерді дамытудың тиімді құралы болып, 22 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған алпауыт компания. Осындай алып копанияның Жалғамыстағы бұл бөлімшесі заман көшінен әлдеқайда кейін қалған. Ауыл тұрғыны, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қанат Тәліпұлы былай дейді:
«Ауылымыз – жан саны 4000-нан асатын өте үлкен елдімекен, жыл сайын кеңейіп келеді. Газет таратушы бір ғана адам бар, үлкен ауылға бір өзі әрең үлгіреді. Халықтың жиі баратын жері де сол, мұғалімдер жалақысын алуға, зейнеткерлер зейнетақысын алуға сонда келеді. Ғимараты тым ескі, тозығы жеткен, іші тар, құлауға шақ тұр. Жөндеу жұмысы жасалмаған. Көрші Еламан ауылы мен Жалғамыс ауылына ортақ бір ғана пошта осы. Газет-журналдарды уақытында ала алмаймыз. Аптасына бір рет қана таратады. Кейде өзіміз барып алуға мәжбүр боламыз. Елімізде болып жатқан жаңалықтарды уақытында оқи алмаймыз», – деді күйініп.
Ауыл әкімі Нұрболат Манапбаевқа хабарласып ауылындағы мәселенің мән-жайын сұрағанымызда, бұл мекеме әкімшіліке қарамайтындықтан қолдарынан келер еш қайран жоқ екенін айтты. Сұрағымызға жауап іздеп Талғар ауданы Пошта байланыс торабының бастығы Ерболат Сарқұловты сөзге тарттық.
«Жалғамыс ауылындағы бөлімшеміздің жағдайы мәз емес екенін білем. Бізге лайық, адамдардың келіп-кетуіне ыңғайлы орынды көп іздесем де таба алмадым. Өткен жылы оқушылардың жартысы Еламан ауылына бөлінсе, мектеп іргесінен бір орын табылып қалуы мүмкін деген болатын. Алайда ол да болмады. Ауыл азаматтарының бірі салынып жатқан үйінің құрлысын аяқтаса, бізге кеңсе ретінде жалға береуге келіскен, бірақ оның да құрылысы тоқтап тұр. Қазіргі пайдаланып отырған құрылысты күрделі жөндеуден өткізейік десек, құжаты жоқ. Әкімдіктен, архивтен іздеп таба алмадым. Пайдаланып отырған иесіз нысанға ешқандай ақы төлемейміз. 2008 жылдан бастап ауданымызда пошта қызметі үшін ешқандай құрылыс салынбады. Салуға қауқарымыз да жоқ. Халық қазір ток, су сынды коммуналдық төлемдерді Каспий банктың қосымшасы арқылы жасайды. Айлықтарын «Халық банк» сияқты басқа банк карталарына тура жібереді. Әсіресе Каспий жылдам және ыңғайлылығымен біз атқаратын жұмыстардың көбін өздеріне қаратып, ең үлкен бәсекелесімізге айналып отыр. Сол себепті табысымыз азайып, шығынымыз көбейді. Шыны айтсам, Жалғамыстағы бұл бөлімшеге жабылу қаупі төніп тұр. Бұл туралы аудан әкімі Қайдар Әбдіхановты да хабардар еткенмін. Екі ауылға ортақ бұл мекеме осындағы халыққа өте қажет. Әсіресе, қарттар үшін. Мұнда жарты күндік жұмыс режимімен екі адам жұмыс істейді. Алатын айлықтары 50-60 мың теңге шамасында ғана. Бұл құрылысты пайдаланғанымызға он жылдан аса уақыт болса керек, анығын айта алмаймын. Жыл сайын ішін өзіміз ағартып, жамап отырамыз. Алайда тым ескі болғандықтан ұзаққа шыдамайды. Мемлекеттен ешқандай көмек алмаймыз. Қымбатшылық қысқан сайын жалақымыздың мардымсыздығынан, осы салада ұзақ жыл істеген қызметкерлерім басқа салаға кетіп жатыр. Атап айтсақ, Бесқайнар сынды үш-төрт ауылдың бөлімше басшылары жоқ. Ауыл әкімдеріне де өкпем бар. Өз ауылының мәселесі болғандықтан құрылысқа қажетті жермен қамтамасыз етіп, басқа да мәселелерге қол ұшын созса, түйіннің шешімі ертерек табылар ма еді? «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме халқымыз?! Шын мәнінде бәріміздің «илегеніміз бір терінің пұшпағы», – деді.
Мектеп, аурухана, пошта, мейлі қайда барсақ та алдымыздан осындай мәселелер шыға келеді. «Ары тартсаң өгіз өледі, бері тартсаң арба сынады». Бұған бола ұпайы түгелдердің ұнжырғасы түспейді. Зардабын шегетін халық қана.
Зорагүл Әбдіқадір