30 МАУСЫМДА ҚАСИЕТТІ ЗУЛХИДЖА АЙЫ КІРЕДІ

30 МАУСЫМДА ҚАСИЕТТІ ЗУЛХИДЖА АЙЫ КІРЕДІ

Құранда Алла Тағала тәубе сүресінің 36 аятында былай дейді: «Тегінде аспан мен жер жаратылған күннен бастап АЛЛА айдың санын 12 етіп белгілеген. Оның төртеуі — Зулқағда, Зулхиджа, Мұхаррам,Ережеп соғысуға тыйым салынған айлар. Дінде бұл дұрыс. Бұл айларда сендер өздеріңе зиян жасамаңдар». Енді осы Зулхиджа айының 10 жұлдызы, яғни 9 шілде мұсылман қауымы үшін қуанышты күн — торқалы той, мерейлі мереке болған қасиетті Құрбан айт мерекесі. Құрбан сөзі — араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу.

Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Бұл күн ақ түйенің қарны ақтарылып, жақсылыққа, қуанышқа, үлкен тойға ұласатын күн. Екі дүние сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с. Меккеден Мәдинаға қоныс аударып барғанда, мадиналықтардың тойлайтын екі күн мейрамы бар еді, сонда Пайғамбарымыз бұл қандай күндер деп сұрағанда, мадиналықтар: «Уа Алла елшісі с.а.с. бұл күндері біз көңіл көтеріп, тойлайтын мерекеміз еді», — деп жауап берді. — «Расында, Алла Тағала сендерге бұл екі күнді одан әлде қайда жақсысымен алмастырды. Біріншісі — Ораза айт, екіншісі — Құрбан айт», — деді. Аллаға шүкір, біздің елімізде тәуелсіздік алғаннан бері Құрбан айт мемлекеттік деңгейде жұрт болып жұмыла тойлайтын мерекеге айналды.

ҚҰРБАНДЫҚТЫҢ ТАРИХЫ:

Қасиетті Құрбан айт туралы айтылғанда, біз Ибраһим мен ұлы Исмаилдың қиссасын еске аламыз. Бұл әлемдердің Жаратушысы Алла Тағаланың қасиетті Құранда баян еткен оқиғалардан болғандықтан, онда адамзатқа үлгі боларлық көптеген өнеге мен ғибраттар бар. Құрбандық жайындағы бұл қиссада баяндалғандай, Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) көп уақыт Аллаға жалбарынып, салихалы ұрпақ тілейді. Алла Тағала сүйікті құлының дұғасын қабыл етіп, оны қартайған шағында Исмаил атты ұлмен қуантады.

Бала ержеткен кезде Ибраһим пайғамбар түсінде өз ұлын құрбандыққа шалып жатқандығын көреді. Пайғамбарлардың түсі уахи саналатындықтан, Ибраһим (а.с.) бұл бұйрықты орындауға бел байлайды. Баласына түсін баяндағанда, ұлы да еш ойланбастан: «Әкетайым, өзіңізге бұйырылған істі орындаңыз», – дейді. Ибраһим ұлын етпетінен жатқызып, қолына өткір пышақты алып, ұлының мойнына қойып, тартып қалғанда пышақ өтпейді. Екінші мәрте пышақты қатты басып тұрып, тағы қайталап тартып көріп еді, екінші мәрте де пышақ өтпейді. Сол уақытта оған: «Я, Ибраһим! Расында, түсіңді шындыққа шығардың. Шын мәнінде, игілік істеушілерді осылай сынаймыз», – делінген дауыс естіледі. Әрі ұлының орнына құрбандыққа үлкен бір қошқар түсіріледі. Бұл ғажайып оқиға қасиетті Құранның «Саффат» сүресінде былай деп баяндалады:
Ибраһим: «Раббым маған ізгілерден болған бір ұл бер!», – деп дұға етті. Оны өте биязы бір ұлмен қуанттық. Ұлы өзімен бірге жүруге жеткен кезде: «Уа, балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көрдім, назар аудар, қалай қарайсың?» – деді. Сонда Исмаил: «Уа, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, соны орында. Алла қаласа мені сабырлылардан табасың», – деді. Сөйтіп, ол екеуі де бойұсынған кезде әкесі оны маңдайымен жатқызды. Біз оған: «Я, Ибраһим! Расында, түсіңді шындыққа шығардың. Шын мәнінде, игілік істеу­шілерді осылай сынаймыз», – дедік. Расында, бұл бір ашық сынақ еді. Оны ірі бір құрбандықпен ауыстырдық. Осылайша Ибраһим а.с. мен ұлы Исмаил а.с. Алла Тағаланың сынағынан сүрінбей өтті.

Енді бұл Құрбан шалу шежіресі сонау Адам ата а.с. заманынан бастау алып, Ибраһимнің а.с. жолы болып қалыптасып, пайғамбарымыз Мұхаммедтен с.а.с. жалғасын тапқан ұлық ғибадат. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Расында Аллаға (құрбандықтарыңның) еті де, қаны да жетпейді. Оған жететін сендердің тақуалықтарың, Аллаға деген құрмет». Хаж сүресі, 37 аят. Пайғамбарымыз с.а.с.: «Адам баласы Құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Құрбандыққа шалынған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», — деген. Пайғамбарымыз с.а.с. төмендегі мына хадисте Алла ризашылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылы үшін сауап жазылатындығын сүйіншілеген. Сахабалар Пайғамбарымызға с.а.с:
– Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.
– Құрбандық – сендердің Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті, – деді.
– Одан бізге қандай сауап бар?
– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.
– Қойдың жүнінен ше?
– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады.

ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛУ КІМГЕ УӘЖИБ?

Құрбан шалу уәжіп болу үшін төмендегі мына шарттар болуы қажет.
1. Мұсылман болу;
2.Балиғат жасқа жеткен, ақыл есі түзу болу; (Балиғат жас деп ұлдар 12-15 жас,қыздар 9-12 жас аралығында).
3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын, яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады.
Ескерту: Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады.

УӘЖІПТІГІНІҢ ДӘЛЕЛДЕРІ:

Алла Тағала Құран Кәрімде пайғамбарымызға с.а.с.: «Намаз оқы және құрбан шал»,– деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдірген. Пайғамбарымыз с.а.с.: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйрыған.

ҚҰРБАН ШАЛУДЫҢ УАҚЫТЫ

Құрбан шалудың уақыты құрбан айт­тың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айтың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандыққа есептелмейді.

ҚҰРБАНДЫҚҚА ЖАРАМДЫ МАЛДАР

Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.

БІРІГІП ҚҰРБАН ШАЛУ

Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісіге арнап ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

ҚҰРБАНДЫҚҚА ЖАРАМАЙТЫН МАЛДАР

Мынадай кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады:
• Бір көзі соқыр
• Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем
• Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген
• Тістерінің көбі түсіп қалған
• Емшектерінің басы жұлынып қалған
• Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған

ҚҰРБАН МАЛЫ ҚАЛАЙ ШАЛЫНАДЫ?

Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – мәкрүһ. Ал, қинамай сою – сүннет. Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады: «Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ». «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадат­тарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Алла үшін. Оның еш серігі жоқ». Одан кейін: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд», – деп тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар», – деп бауыздалады. Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар», – деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да: «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар». – деуі керек. Әдейі ұмытпастан «Бисмиллаһ» деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуінің де: «Бисмиллаһ», – деп айтулары керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкрүһ.

ҚҰРБАНДЫҚҚА ШАЛЫНҒАН МАЛДЫҢ ЕТІ МЕН ТЕРІСІ

Бай немесе кедей болсын Құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да, сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады. Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақтарын, басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады. Ескерту: Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды.

ҚҰРБАН АЙТ КҮНІН ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛУ КЕРЕК?

Ерте тұрып, толық ғұсыл құйынып (толық жуынып), жаңа,таза, жақсы киімдерді киіп,үстіне жақсы әтір сеуіп, алдына шыққан адамдарға күлімсіреп, Алланың амандығын, есендігін тілеп: «Ассаляму алейкум», – деп амандасып, дүниеден өткендердің, ауырып жатқандардың отбасын зиярат етіп, олар үшін дұға жасау керек. Ренжіскен адамдар бір-бірін Алла разылығы үшін кешіріп, құшақтасып, қонаққа барып, үйінде қонақ қабылдап, бір-біріне сыйлықтар жасап, мәре-сәре болатын мейрам. Пайғамбарымыз айт намазға шыққанда мешітке бір жолмен барып, басқа жолмен қайтқан. Оның мәнісі — көп адамдармен кездесіп, олармен амандасып, айтпен құттықтау.
Алла Тағала сіздер мен біздердің құрбандықтарымызды Ибраһим а.с. қабыл алғандай, қабыл алған болсын. Заманымыз тыныш, халқымыз аман, аспанымыз ашық болсын! Құрбан айт мейрамы құтты болсын!

Бақтияр Жақсылықов, қари