АЖЫРАСУДЫ АР КӨРМЕЙТІН ҰРПАҚ ӨСІП КЕЛЕДІ

АЖЫРАСУДЫ АР КӨРМЕЙТІН ҰРПАҚ ӨСІП КЕЛЕДІ

Тек осы жолда сәбилердің көз жасы төгіліп қалмаса екен…

Адам тағдыры қызық! Үйленгенше өзіне өмірлік сыңар іздейді. Оны табады да. «Күйдім-жандым, өмірімнің бар қызығы сенсің, сенсіз тұра алмаймын» деген аққуы араға бір-екі жыл салған соң ала қарға боп шығып, не өзі ешкімге сыймайтын «көк төбет» атанып, қосылған екі жастың өзегін өртер өкініші болары анық. Өмірлік серік таңдауда, бір басын екеу етерде, әр адамның қателеспеуі, ағат қадам жасамауы аса маңызды. Өйткені қасыңа ыстығыңа күйіп, суығыңа тоңатын өмірлік сыңар табу — бұл дүкеннен ала салатын, сыймаса, айырбастайтын, болмаса, тастай салатын аяқ киім емес. «Басың көрге кіргенше қасыңда жүрген кісіні танып-білу мүмкін емес» деген екен қасындағы серік жолдасынан көңілі қалған бір кісі. Осы сөзде терең астар жатқан секілді.

Иә, адам — күрделі дүние. Оның аласы ішінде. «Махаббат- бірінші тарауы поэзиямен, қалған тараулары проза тілімен жазылған үлкен шығарма» деген көрінеді тағы бір ғұлама. Расында, алғашқы сезім, ыстық-суықтың да басылатын кезі болады. Содан соң бірлесіп аттаған өмірге жаңа сапар жолы басталады. Ол жол үй болудан, сол үй деген шаңырақтың астындағы жұптың «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?» деген қарапайым тірлігінен басталады. Осы тірлік барысында кімнің кім екенін өмір деген уақыт анықтайды. Осыдан барып «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады?» деген теңеулер шығады. Сонда оның жаман әйел екенін, болмаса күйеуінің жауапсыз екенін махаббаттың отында жүріп, бұрын байқамаған ба? Осы теңеулермен шектелсе жақсы ғой. Ажырасу осыдан басталады. Бұл жөнінде еліміздегі статистика агенттігі не дейді? Біраз жылдарды кейінге шегеріп, сол жылдардың цифрларына үңілейік.

2007 жылдың 10 айында республика бойынша 121 313 неке тіркелсе, оның 31 072 отбасы ажырасып кеткен. Ал келесі 2008 жылы тіркелген 113 121 некенің 30 150-нің дәм-тұзы жараспаған. Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, жаңадан отау құрған 10 отбасының 3-4-нің бір жылда шаңырағы ортасына түседі деген сөз! Ең өкініштісі, қазағы қалың оңтүстік аймақ та жоғарыда келтірген «көрсеткіштердің» о жағы мен бұ жағында екен. Мысалы, Тараз қаласында сол жылы 3208 неке тіркелсе, оның 806 жұбы ажырасып кеткен.
Ал 2010 жылы Қазақстанда 144 357 отбасы заңды некеге тұрып, олардың 40 982-сі ажырасқан. 2008 жылмен салыстырғанда үйленгендердің саны 31236-ға артық болса, ажырасқандардың саны 10 832-ге артық!

2012 жылдың көрсеткішіне көз салайық! Бұл жылы елімізде 166 474 неке қиылса, ажырасу 47 598 рет болған. 2013 жылы қиылған некенің саны-167 411, ал бұзылған неке — 51 510.
2014 жылғы қаңтар-қарашада АХАТ органдары 147 300 неке қию туралы акті жазбасын ұсынса, сол жылдың осы уақыты аралығында 48 400 ерлі-зайыпты ажырасуға өтініш берген.
2021 жылы елімізде отбасын құрғандар артқан. Өткен жылдың бірінші тоқсанында елімізде 32 300 неке тіркелген екен. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 13,5%-ға артық. Ажырасу саны бір жылда 2,2 есе немесе 4,6 мыңға дейін азайды, деп хабарлайды Egemen.kz. сайтынан Ақмарал Ағзамқызы.
Бірге тұрғандарына бір жыл да болмаған 100 ерлі-зайыптының бесеуі ажырасып кеткен. Ең көп неке қалаларда тіркелген: 21 800 мың. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 13,3%-ға артық. Ауылдарда неке саны 14,1%-ға немесе 10 500 дейін өскен.

Қала тұрғындары арасында ажырасу жиі кездеседі: 3600 ажырасу. Бұл 2020 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 52,7%-ға аз. Ауыл тұрғындары арасында ажырасу 63,1%-ға немесе 995-ке дейін азайған. Қалаларда ауылдарға қарағанда 2 есе көп неке қиылған, ал ажырасу 3,6 есе көп тіркелген.

Ең көп неке Алматыда тіркелген (4 мың). Үздік үштікке Түркістан (3,7 мың неке) және Алматы облыстары (3,5 мың неке) енді. Ең азы – Солтүстік Қазақстан облысында: 700 неке.
Ажырасқандар саны бойынша Алматы көш басында: 669 ажырасу. Кейін тізімде Алматы (478 ажырасу) және Қарағанды облыстары (446 ажырасу) тұр. Ең аз ажырасу – Қызылорда облысында: 97.
Зерттеушілердің пікірі бойынша, ажырасу әлеуметтік феномен ретінде қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Ендеше, бұл құбылысты бір жақты ғана емес, жан-жақты зерттеп, шығу себептерін тауып, алдын алу шараларын ұсыну — бүгінгі гуманитарлық бағыттағы ғылыми қауымдастықтың әлеуметтік жауапкершілігі десек болады.

Соңғы кездегі әлеуметтанушы ғалымдардың зерттеулері «ажырасудың туындау себептері» деп отбасындағы дау-жанжалдар, өзара сенімсіздік пен өтірікке бой алдыру, бірін-бірі орынсыз қызғану, бір-біріне тиісінше көңіл аудармау, көзге шөп салу, кедейлік, қарыздар мен үй проблемасы, ерлі-зайыптылардың өмірге деген көзқарас айырмашылығы, ата-ененің ерлі-зайыптылардың ортасына түсуі, енелердің келіндеріне қысым жасауы, жанұядағы екеудің біреуінің ішімдікке салынуы, нашақорлыққа бет бұру, жыныстық қанағаттанбау, бедеулік, кездейсоқ жүктілік әсерінен құрылған жанұяның уақыт өте келе бір-бірінен теріс айналуы, демек, әуелгі ырықсыз отбасын құру, көп жағдайдағы ерінің әйеліне күшпен зорлық көрсетуі, некеге оңды-солын ажырата алмаған өте жас шағында тұру, бастапқыдағы таныстық мерзімнің тым аздығы, бастапқы махаббат сезімінің жоғалуы, тағысын тағылар деп көрсетеді.

Жастардың көпшілігінде өмірге деген жауапкершілік азайып бара жатқандай. Тіпті, кейде олардың істеген тірліктеріне қарап отырып, «отбасы» деген киелі ұғымды жете түсінбей ме?» дейсің.
Ажырасу себептерінің тағы бірі – жігіт пен қыздарымыздың жасы есейіп барып отбасы құруында. Психологтардың айтуынша, отыздан асып барып бірінші рет шаңырақ көтергендер «ақыл тоқтатты» дегенімізбен, аса кінәмшіл келеді. Өйткені, олар жалғыз өмір сүруге дағдыланып қалған. Ол үшін барлық шаруа өзінің ойлағанындай болу керек. Әйтпесе, сылтау шығарып, ұрысуға дайын тұрады. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ, мұндайлардың бар екені даусыз.

Отбасылардың шаңырағы шайқалмауы үшін нендей әрекет етуі керек? Үйленгеннен кейінгі өмір үйленгенге дейінгідей бола бермейтінін көпшілігіміз түсіне бермейміз. Басты себеп — имандылықтың, тәрбиенің төмендігінде. Жүрегіне емес, қалтасына қарап үйленетін заман болды. Шаңырағымыз берік болуы үшін, ең алдымен, имандылыққа көңіл бөлінуі керек. Иман жүрген жерден арақ та, талақ та, ғайбат сөз де аулақ болады. Екіншіден, алып қашуды азайтқан жөн. «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» деген сөз бар. Бұрынғының бұрымдылары көне қоятын көне пікірге қазіргі қаракөздер келісе қоюы екіталай. Құдайдан мүйіз сұрап жүріп, құлақтан айрылғандай боласың. Тіпті, осы үшін сотталып кетуің де ғажап емес.

Ажырасу қиын мәселе, оған ешкімнің еріккеннен барып жатпағаны белгілі. Ең алдымен, түсініспеушілік мәселесі күн тәртібіне шығады. «Таңның атысы мен күннің батысына дейін отбасы деп, шапқылап жүрген жігітті жары түсінгісі келмесе, ондай әйелдің керегі не?» дейді жігіттер. Олардікі дұрыс та. «Құшағында қызуы, бойында қуаты болғанда түсінбеген әйел ертең сені түсінеді» деген-бос сөз. «Тілеуіңді тілеп, отыңмен кіріп, күліңмен шығып жүрген әйеліне жоғарыдан қарап, менсінбейтін, тапқанын міндет ететін, ішіп келіп, себепсіз жанжал шығаратын жетесіз, санасыз жігіттің кімге керегі бар? Күйеуің ондай болғаннан байсыз өткенің абзал» дейді қыздар. Олардікі де дұрыс.

Жаңа құрылған отбасыға көмек берудің орнына олардың арасына от тастайтын туысқандардың да бар екені анық. Қыздар қаласа, күйеуін алдап та, арбап та, еркелетіп те, есіркеп те тәрбиелеп алуына болады. Осының бәрін қолданып көргенде де міз бақпаса, ондай жындыдан, қаш та құтыл. Екі жас бір-бірін қолдап, ерінбей еңбек етіп, азға қанағат, жоққа сабыр етіп жүргендерге Жаратқанның беретінін ешкім де жоққа шығара алмайды. Егер адам жарын есеппен емес, таза пейілмен таңдаған болса, онда ол отбасын ешқандай тосын мәселе бұза алмайды.
Айтып-айтпай не керек, ажырасудан қорықпайтын, қаймықпайтын ұрпақ өсіп келе жатқанын көрер көз көріп, естір құлақ естіп жүр. Тек осы жолда тағдыры таразыға түскен сәбилердің көз жасы төгіліп қалмаса екен дейсің…

Алтынбайы СИҚЫМБЕКТІҢ,
журналист