Руслан Ахметов Талғар қаласында тұрады. 51 жаста. 20 жыл теміржолда есепші боп істеген. Мамандығы – бухгалтер. 33 жасынан оны «Бұл өмірге не үшін келдім? Не істеуім керек?» деген сұрақтар мазалай бастаған. Сөйтіп, соңғы 18 жыл ізденісте болған. Содан 2009 жылы теміржолдан кетіп, 40 жасында қайтадан оқуға түскен. Психолог мамандығына. Адам психологиясы қызық болған соң соны таңдаған. Русланға «Адам неге олай ойлайды? Неге адам тағдыры әртүрлі? Неге ондай іс-әркетке барады?» деген сұрақтарға жауап табу қызық болған. Енді, өзінің айтуынша, цифрлық психологиямен адамның тағдырын өзгертуге көмектесе алады екен. Цифрлық психология деген не? Оның адам үшін не кереметтілігі барын білу үшін өзімен сұхбаттасып көрдік.
Руслан Ахметов, Талғар қаласының тұрғыны:
-Семей өңірінде дүниеге келген, өмірде талай қызықтарды көрген азаматпын. Осы 51 жыл ішінде түрлі жұмысты істеп, адамдардың барша түрін көрдім. Адамдарды түсіне алмай, талай қиыншылықтарға тап болдым. Барлық қиыншылықтар түсініспеушіліктен шыққан соң, «адамдарды зерттеймін» деп психология маманы болдым. Әрі қарай жолым түрлі тренингтармен жалғасты. Бірақ, бұл да жетпеді. Жаным әлі де ізденісте болып, әрі қарай зерттеуде болдым. Уақыт өте келе, жауабым адамдарда емес, өзімде екенін түсіндім. Шыны керек, өмір жайыл түсінік кеш келді, жақын адамдардан айырылып, күйзелісте болдым. Жауаптарды таппай, өз-өзімді түсінбей жүріп, өмірім бұрыс жолға кеткенін байқадым. Адам ізденістен шаршайды. Шаршадым. Ішімдікке бой алдырдым. 2-3 жылдай іштім. Бірақ, бірден қойып кеттім. Себебі, таптым! Адамның тағдырын қалай өзгерту керектігін таптым! Бірінші, өзімнің тағдырымды өзгерттім, ойымды тазаладым, өзгерісті өзімнен бастадым. 2021 жылдың маусым айында өмірім күрт өзгерді. Бақытқа толы адам болып, адамдарға қайғысыз өмірге қалай жетуге болатынын көрсетуге икемім пайда болды.
-Сонда Сіздің қазіргі мамандығыңыз не?
-Цифрлық психолог.
-Неге цифрды таңдадыңыз?
-Өйткені, адамдар өтірік айтады, бірақ сандар өтірік айтпайды. Цифрлық психология жаңа аяқ басып келе жатқан ғылым. Құдай қаласа, бүкіл дүниені жарады.
-Сонда бұл нумерология ма?
-Жоқ, нумерология емес. Бұл Францияда паттентелген ғылым.
-Бұл жолға қалай келдіңіз?
— Мен ақша таптым, көп таптым, бірақ ол ақшаның бақытын сезе алмадым. Мен бақыт негізі — ақшада деп ойладым. Ақшасы көп адам — бақытты ғой, не істейді, не қояды, өзі біледі дедім. Бірақ, мен ол тапқан көп ақшадан ләззәт ала алмадым. Адамның бақыты қай уақытта келетінін түсіндім мен. Біз өткен нәрсені ойлаймыз, біз болашақты ойлаймыз солай ғой? Біз энергиямызды босқа жұмсаймыз ойлаған кезде. «Бақыт» деген тура осы жерде болуы керек, осы сәтте болу керек! Басқа жерде бақыт жоқ! Адам бақыты сананың тыныштығынан басталады. Сол кезде адам өзін бақытты сезінеді. Ал адамның санасында жұмыс істеп жатқан сандар — ол адамның туылған күні, айы, жылы. Бұл сандар бұл не сабақ, не сынақ болып келеді. Мен өз-өзіме кризис туғыздым. Осы жолға түсуіме де осы кризис әсер етті. 18 жыл бойы неше түрлі тренингтен өттім. 45 жасымда «Қайнар» университетінде психология факультетінде оқыдым. 50 жасыма дейін психологияны оқыдым. Мен бұл өмірге не үшін келдім? Бұл өмірде не істеуім керек? Менде осы сұрақтар жиі туындайтын. Ал біреулер ойлайды, «бала-шағаны жетілдіріп, жұмыс істеу үшін келдім» деп, жоқ, ол мақсат емес. Мен ол мақсаттың ғылым арқылы ақиқатына жеттім және оны әр адамға түсіндіріп бере алам. Өзім 20 жыл есепші болып жұмыс істегенмін ғой, мына сандарды түсінген кезде маған бәрі қонды ғой. Енді адамдарға айтып, миына құйып жүрмін, «сен мынандайсың, сен мынаны істеуің керек, сенің мақсатың мынау» деп. Бұл өте керемет ғылым! Әр адамның отбасы неден бұзылады? Түсініспеушіліктен бұзылады. Бұл жұмысымды бастағалы көп болған жоқ. Адам қабылдап бастағаныма небәрі 4-5 ай болды. Келушілер өте көп. Мен қазір біреуді ұстасам, ол адам емделіп шыға келеді. Менің энергиям таза. Жетінші атамда осындай қасиет болған, атам би болған.
Руслан бұл көмегі үшін ақы алады. Жәй кеңес сұрап келгендер 20 мың теңге төлейді екен. Оларға Руслан не үшін келгенін, не жағдаймен келгенін айтып береді. Ал екінші бағасы — 29 мың теңге. Бұл кездесу құпия дейді ол. Үшінші келгенде — 110 мың теңге төлейтін көрінеді жұрт. Онда өзі келмей, бала-шағасымен бірге келеді екен. Тіпті, 200 мың теңге төлеп, келушілер бар көрінеді. Руслан осы кездесулерде адамдарды ойынқұмарлық, араққа салыну, нашақорлық секілді дерттерден айықтырамын дейді.
-Адаммен әңгімелесіп отырып, өзімдегі энергиямен емдеймін. Мен сөйлескен кезде адамдар өзі емделе бастайды. Мен — энергетикпін. Мен таңертең күніне он-он бес шақырым жүрем. Ешкімнен энергия сұрамаймын, керісінше, өзім бәріне берем.Әркім өзінің энергиясын түсініп, қасиетін пайдалана білген адам бай болады. Менің осы ізденіске 18 жыл өмірім кетті.
Өзін цифрлық психологпын деп таныстырған Руслан Ахметовтен туған күні, айы, жылы арқылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев туралы айтып беруді сұрадық.
-Ол кісі трансформация жасау үшін елген адам. Сол кісінің арқасында бізде керемет өзгерістер болады. Оның сана саны – 8, миссиясы — 4. Миссия деген іс-әрекетті білдіреді. Іс-әрекеті қандай оның? Ол адамдарды адалдыққа шақырады. Әр шешімі «адал болса екен» дейді. Басқаларды да соған насихаттайды. 4 саны соны білдіреді, ол — трансформация саны! Ол қазақты әрекет пен білімінің арқасында жетістікке жеткізеді. Ол – кемеңгер адам! Қазақ халқының санасын өзгертеді. Бірінші, өз маңайындағы қызметшілерінің санасын өзгертеді. Жоғары жақтағылардың санасы өзгермей, біздікі өзгермейді. Цифрлық психология бойынша Қазақстан 7-ші жылға кірді. Бұл — кризис жылы. Қаңтар айында білесіз ғой не болғанын? Трансформация болады. Барлық жерде үлкен өзгерістер болады. Конституция өзгеріп жатыр, басқарушылар өзгеріп жатыр. Тоқаевтың мақсаты – адал қызмет қылу. Адал кәсіп, адал еңбекке жетелейді қазақты. Егер ол қойған адамнан нәтиже шықпаса,ол оны алып тастайды. Өйткені, оның жанында тек нәтиже шығаратын адамдар ғана жүреді. Нәтижесіздер бәрі кетеді! Ондайлар көп бізде! Уақыт өте келе, олар бұлттай сейіледі. Бұл кісі материалдық дүниені керемет сезетін адам. Егер бір жерде бір қаламсап ұрланса, ол оны біліп отырады. Ол материалдық дүниені қадағалау үшін келген адам!
Рас, әлеуметтік желі қазіргі кезде түрлі психологтарға толы! Тіпті, адамды шегеге тұрғызып қойып, жаны көзіне көрініп, жыласа да, «қайта негативтерден арыласың, емделесің» деушілер көбейді. Бірі «арнайы ыдыстардан тарайтын әуен арқылы стресстен шығарамыз» десе, енді бірі «сөз арқылы сананы тыныштандырамын» деп жүр. Бұл қызметтердің барлығы да коммерцияланған. Ақысы 5 мың теңгеден басталады. Әрине, жан-жақтан төнген тоқтаусыз ақпараттар ағыны заманында адамның миы көптеген стресске ұшырап жатады. Салдарынан, кейбіреулер ұйықтап тұрса да, ұйықтамаған күй кешеді. Содан осындай психологтардың көмегіне жүгінеді. Қалай болғанда да, бұларға сену немесе сенбеу әр адамның өз таңдауы, өз еркі!
Азамат Шоханұлы