Бір пациентімнің оқиғасымен бөліскім келіп отыр. Жуырда қабылдауыма келген ер адамнан тиреотоксикоз (зоб) анықтадым. Жасы елуге келіп қалған екен, 30 келі салмақ тастапты. Негізі ол ұлын тексертуге алып келген, бірақ ақыры келіп тұрғасын өзінің де мәселесін айтты. Сонымен, 30 келі салмақты қалай тастағанын сұрай бастап ем, «кешкі 6-дан кейін тамақ ішпеймін» деді. Бірақ мұндай шектеумен адам әрі кетсе, 8-10 келі ғана тастайды.
Сонан тағы сұрақтың астына алдым. Қатты салмақ тастайтындай, спортпен де шұғылданбайды екен. Екеуміз сөйлесіп отырғанда, оның денесінің дірілдейтінін байқап қалдым. Соны айтып ем, «иә менде ол бұрыннан бар» деді. Екі қолын созып, үстіне парақ қойып ем, дірілдейтіні расталды. Сөйтсем, «негізі мұнан да қатты дірілдейді» дейді. Ішімнен тиреотоксикоз екенін білдім, бірақ анализдерін тапсырттым. Сонан бірнеше күннен кейін ол клиникамызға келді. Анализдерін қарасам, шынымен, тиретоксикоз екен. ТТГ 00,1.
Жалпы, менің тәжірибемде тиреотоксикоз 60-70 пайыз ер адамдарда кездеседі және көбіне зоб-пен. Бұл кісі арықтап кеткенін, түнде дұрыс ұйықтай алмайтынын кешкі алтыдан кейін тамақ ішпегеннен деп ойлап жүрген. Ал қолының дірілдейтінін стресстен деп ойлапты. Бірақ қолдың дірілдеуі, терлей беру, түнгі ұйқының бұзылуы, іштің өтуі, салмақ тастау дегеннің бәрі тиреотоксикоздан болады. Себебі мұндай жағдайда гормондар көп бөлінеді де, ішек құрылысына қысым жасайды. Гипотиреозда гормондар қызметі баяуласа, тиреотоксикозда керісінше. Сондай-ақ, тиреотоксикоз болған адамдар өте шапшаң болып, қуаты тасып жүреді. Алайда бұдан организмдері шаршайды, бірақ, гормон көп бөлініп тұрғандықтан, олар өздерін қуаты тасып тұрғандай сезінеді. Сондай-ақ, мұндайда адамдар не істерін білмей, кардиологқа барады, ал олар дәрі береді, сонымен қоя салады.
Ал негізі тиреотоксикоз асқынған жағдайда жүрекке ғана әсер етпейді, көздің шарасынан шығып кетуіне әкеп соқтырады. Бұл кісінің көзінде қатты өзгеріс жоқ, бірақ көз жанары үлкейіп кеткені көрініп тұр. Кейін білдім, ол кісі өткен жылдың қыркүйегінде жұмыстан шығып қалыпты. Сонан күйзеліске түскен. Салдарынан гормондарының жұмысы бұзылып, зоб болған екен. Содан ем тағайындап бердім.
Ләззат Жанұзақова,
эндокринолог дәрігер