ӨЗ ҚОЛЫМЕН ИНКУБАТОР ЖАСАП ШЫҒАРҒАН ЖІГІТ

ӨЗ ҚОЛЫМЕН ИНКУБАТОР ЖАСАП ШЫҒАРҒАН ЖІГІТ

Әлеуметтік желіден «Талдыбұлақта инкубатор ойлап тапқан кәсіпкер тұрады екен» дегенді естіп, сол ауылға аттандық. Ауыл шаруашылығының дамуына үлесін қосып жүрген ауыл азаматының есімі — Айдос Құралбеков. Мамандығы – мұғалім. «Мектепте алғашқы әскери дайындық сабағын беремін» деп 4 жыл жоғары оқу орнында оқыған. Бірақ, сол күйі мамандығымен жұмыс істемеген. Қазір ол «Алматы Су» компаниясында жұмысшы. Сонымен қатар, Айдос өз арманын іске асырған жігіт. Яғни, көзбен көргенін қолымен жасап шығарып, кәсібінің пайдасын көріп отыр. Айдостың өзі Райымбек ауданындағы Жалаңаш ауылыда туылған екен. 1997 жылдан бері Талдыбұлақ ауылында тұрып келеді. Кәсіпкер жігіт 34 жаста, жұбайымен бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Балаларының ең кішісі енді бірге толады. Ауылдың атышулы кәсіпкері отбасымен Талдыбұлақта қарапайым жер үйде тұрып жатыр.

Айдос Құралбеков бала кезінен үй жануарларын жақсы көреді екен. Әсіресе, тауық баққанды қатты ұнатады. Сол себепті де, Талдыбұлаққа көшіп келген бойда ауласында тауық баға бастаған. Айдос тауықтың көзіне қарап-ақ, немен, қалай ауырғанын біледі екен. Ветеринар мамандығын оқымаса да, өзінің тауықтарын өзі емдеп жазады. Айдос интернеттен инкубатор –балапан атты автоматты түрде жұмыртқадан балапан басып шығаратын құрылғыны көріп қалып, қызығушылығы артқан. Сөйтіп, инкубатор-балапан оның арманына айналған. Арманына қол жеткізгісі келген айдос өз қаражатын инкубатор-балапанды сатып алады. Оған 350 мың теңгесін жұмсаған. Бастапқыда, кәсіпкер жігіт құрылғыны қолданып, 7 мыңнан астам балапан алған. Артынша, тауықтары көбейіп, жер таршылығы байқала бастаған. Одан қалды, көршілері «сасық иіс қолқаны алды, ауыл ішінде мұндай көп тауық бағуға болмайды» деп шағымдана бастайды. Сол се­беп­ті де, ауыл кәсіп­кері тауық­тарының көбін сатып жібе­реді.

Содан Айдосқа ой келеді. «Неге осы инкубаторды өзім жасамасқа?» — деп ойланады. Ол инкубатордың сызбасымен танысып, он өзі қолмен жасай бастайды. Базарға барып, керекті жабдықтарын сатып алады. Осы инкубатордың материалына да 350 мың теңге қаражаты кеткен. Сөйтіп,күн-түн демей, инкубаторды құрастыра бастайды. Үш жыл уақытын жұмсап, зерттеп, ақыры өз арманына жетіп, қол шеберлігінің арқасында ол инкубаторды өз қолымен құрастырып, жасап шығарады. Тәжірибие ретінде өзі жасаған инкубаторға жұмыртқа салып көреді. Содан инкубатордан 100% өнім алады. Шыныменде, тауықсыз жұмыртқадан балапан басып шығады. Содан кейін ол түрлі тұқымды жұмыртқалар салып көреді. Тауық, үйрек, қаз сияқты үй құстарынан тәжірибе жасайды. Ал өзі құрас­тырып шығарған құрыл­ғының атын «Инку­батор-Сәт» деп атайды. «Инкубатор-Сәт» деп атауының себебі — өз қолымен жасаған құ­рыл­ғының бірінші рет­тен сәтті шығуымен байла­ныстырады кәсіпкер жігіт.
-Мен «Инкубатор-Сәттен» шамамен 250-ден астам балапанды басып шығардым. Үйде тауық жұмыртқасын инкубациялау өте қызықты, әрі өте қиын. Инкубатор үшін дұрыс жұмыртқа таңдау да өте маңызды. Ол табыстың 50% құрайды. Өйткені, инкубация процесіне көп уақыт жұмсап, бәрін дұрыс жасау керек. Тауықтың жаңа жұмыртқасын 2 – 7 күн аралығында салу керек. Және де жұмыртқаның өзіндік сақтау жолдары да бар. Мысалы, жұмыртқаның үшкір жағын төмен қаратып сақтаса, өнім көбірек болады, — дейді Айдос.

Құрылғы толық автоматтандырылған екен. Оны кәсіпкер жігіт ешкімнің көмегінсіз, сызбаға қарап-ақ жасаған.

-Әрбір нүктесіне дейін өз қолым­мен жасадым. «Инкубатор-Сәт» әр екі сағат сайын жұмыртқаны өзі шайқайды. Негізінен, тауық астын­дағы жұмыртқаны жиырма рет шайқайды. Құрылғыны өзіңізге ыңғайлы етіп, теңшеп қоюға да болады. Температураны да 38 градусқа қойып, үстіңгі желдеткіштен ыстық ауаны жіберіп, суық ауаны астынан сорып, желдету арқылы тура табиғи жолмен басылған балапан сияқты өнім алуға болады. Осы инкубатордың ішіне 1056 жұмыртқа салынады. Ол 21 күннің ішінде балапан боп шығады.Тауық, үндік, қаз — бәрін шығаруға болады, — дейді Айдос.

Осылайша, ол өз ауласында 400-ден астам тауық түрін баққан. Қазірде ол осы кәсіп арқылы балапан сатып табыс табады. Айдос «Инкубатор-Сәтті» де сатылымға қойыпты. Осы инкубаторды сатып, өзіне қайтадан басқа инкубатор жасағысы келеді. Айдостың ауылдың шетіне көшіп, көлемі ауқымды жер телімін алып, осы кәсібін әрі қарай кеңейткісі келетінін айтты. Ауыл шетінде тұрып, тек қана тауық баққысы келеді. «Ауқымды зауыт немесе фабрика да ашамын» деген арманы бар. Сонымен қатар, Айдос асыл тұқымды ешкі де өсіреді. Сүтін сатып, пайда тауып отыр. Қазір Талдықбұлақ ауылының кәсіпкеріне ісін кеңейту үшін қолдау қажет. Атап айтқанда, Айдос инвесторлар іздейді. «Инвестиция салам» деген адам болса, қуана келіседі.

 

Кәусәр Әбдікерім, тілші