Талғар қаласынан ұзақ мерзімге жалдамалы пәтер іздеп сабылғаныма 3 айдың жүзі болды. Іздеудің барлық дерлік жолдарын қарастырдым десем болады. Әрине, ең алдымен, OLX, Krisha.kz Market.kz жарнамалық платформалары, Instagram әлеуметтік желісіндегі жарнамалық парақшалар, жалдамалы пәтер туралы хабарламаларға толы Telegram каналдарды қарадым. Тіпті, көп қабатты үйлерді жағалап та сұрастырдым. Азық-түлік дүкендеріне «сниму» деген айдармен парақшалар да тараттым…
Жалпы, жалдамалы пәтер іздеу мәселесі бүгінгі қоғамның бет-бейнесін көрсеткендей. Пәтер жалдау мен жалға беру – бір жолға қойылмаған. Бұл мәселе астарында бірнеше өзекті тақырып жатыр. Біріншіден, баспанасыз жосыған халық, екіншіден, өз пайдасын ойлаған делдалдар, үшінші — ақша алуды ғана көздеген пәтер агенттіктері мен талаптары қатаң пәтерді жалға берушілер.
Қызылорда қаласынан Алматыға көшіп келгенімізге 1 жылдың жүзі болды. Пәтер іздеуді Қызылордада отырып-ақ бастаған болатынмын. Жолдасымның жұмысы Алматы облысы Іле ауданында болғандықтан, пәтерді Айнабұлақ, Көкжиек, Құлагер секілді жақын шағын аудандардан қарауға тура келді. Бағаларын бағамдап қарасақ, 1 бөлмелі пәтерлер – 60-90 мың, екі бөлмелі пәтерлер – 100-200 мыңның шамасын көрсетті. Пәтер жалдау бағасы сол пәтердің жай-күйіне байланысты. Бүгінгі күні жалдамалы пәтер құны, тіпті, шарықтап кеткен. OLX және Krisha.kz жарнамалық платформасындағы жалға берілетін пәтерлердің барлығы дерлік тек жарнама агенттіктері арқылы ғана жүзеге асады екен. Жарнамада көрсетілген телефон нөмеріне қоңырау шалсаңыз: «Пәтер тек агенттік арқылы ғана беріледі. Агенттік қызметінің құны – 15 мың теңге. Пәтер бос», — деген жауап естисіз. Яғни, агенттікке 15 мың теңге төлейсіз, ал оның жұмысы бар-жоғы сізге жалға берілетін пәтер иесінің телефон нөмірін берумен шектеледі. Басқа жауапкершілікті мойнына алмайды. Келісім-шартта да солай жазылады.
Осылайша, ақша төлеп, пәтер иесінің телефон нөмірін қуана алып, хабарластым. Бір қызығы, пәтер иесінен еститініңіз: «Мен ешқандай агенттікке жарнама берген емеспін! Тек OLX-қа ғана салдым. Пәтер бос емес», — деп жауап береді. Міне, осылайша, бір емес, екі мәрте алдандым. Ақырында таныстар арқылы сол ауданның «ватсап чаттарына» қосылып, күйеуіміз екеуміз, әрең дегенде, 2 бөлмелі уақытша тұрақ таптық.
Пәтер іздеудің машақаты қайтадан 1 жылдан кейін басталды. Аз да болса, тәжірибем бар болғандықтан, агенттікке алданбаудың амалын қарастырдым. Бұл жолы пәтерді Талғар ауданынан іздедім. Талғар ауданынан пәтер таппай, 3 айдан астам сарсаңға түстім. Іздеген адамға жарнама платформаларында пәтер толып тұр, бірақ, хабарласа қалсаңыз, жоғарыдағы жағдайға кездесесіз.
Талғар ауданынан пәтер іздеу барысында түсінгенім — бұл ауданнан жалдамалы пәтер іздеушілер жетіп артылады. Көп қабатты үйлерді жағалап іздестіргенімде сондағы тұрғындар: «Пәтер босағанымен, жарнамаға шықпайды. Таныстары дайын тұрады келетін. Жалпы, биыл Талғар ауданынан пәтер жалға алушылар көбейген», — деп шығарып салады.
Ал әлеуметтік желідегі жарнамаларды ашсаңыз, жағдайы жақсы, бағасы көңілге қонымды пәтер толып тұр, бірақ барлық дерлік хабарландырулар шындыққа жанаспайды. Қоңырау шала қалсаңыз, бірінші ақысын жіберуді сұрайды. Егер осы жарнамалар жалған емес, рас болса, жалға пәтер табу мұндай қиындық тудырмас еді. Тек қана «пәтер иелерінен» деп сүзгіге салып, іздесеңіз, нашар, жағдайы жоқ пәтерлердің бір-екеуі ғана кезігеді.
Өзім секілді пәтер іздеген бірнеше адаммен сөйлескенімде, олар да осы мәселені алға тартады. Қорытындылай келе, айтарым, егер жалға пәтер іздесеңіз, жарнамалық платформалардағы хабарландырулардың жартысынан көбі жалған екен есте сақтаңыз. Бағасы қолжетімді, суреті әдемі пәтерлер алаяқтардың айласы немесе пәтер агеттіктерінің ақша табуы үшін ғана жасалған дүние екенін ескеріңіз.
Айнұр Махамбетқызы