НАМАЗ АЖАЛДАН АЛЫП ҚАЛҒАН АПА

НАМАЗ АЖАЛДАН АЛЫП ҚАЛҒАН АПА

20 жыл намаз оқып, 18 жыл қатарынан ауыз бекіткен Бақыт Ұзақбаеваның басынан өткен оқиға.

Ұзақбаева Бақыт Құрманғалиқызы қазірде 72 жаста. Алматы қаласының тұрғыны 2002 жылы буындары істемей, мүгедектер арбасына таңылған. Апа дертіне шипа іздеп, бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бірталай аурухананың табалдырығын тоздырған. Дәрігерлер ақырында Бақыт апаны «жазылмайды» деп, үйіне шығарып салған. Осылайша, сап-сау жүрген ол аяқасты ІІ топ мүгедегі атанады. Сол жылы ұлы арбаға таңылған анасын мешітке алып барады…

Өмірде тағдыр жолы ауыр, дұғасы қабыл адамдар болады. Тағдырдың маңдайына салған ауыртпашылығына мойымай, медетті тек бір Алладан сұраған жан қашанда ұтылмасы анық. Алайда, осы жолға келердің өзінде сүрініп, қиналып, жанымызға қолдау берер бір Алла екенін ұғынатын сәтке жетем дегенше де, қаншама шатасулардан өтесің. Біздің бүгінгі сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Бақыт апа бала күнінен өмірдің сан соқпағына ұшыраса да, Алланы тауып, жолы ашылып, бүгінде атына сай бақытқа қол жеткізген жан десе де болады.
9 жасқа жетер жетпес шағында анасынан, араға жыл салып әкесінен айырылған Бақыт Ұзақбаева 13 жастағы әпкесі екеуі ерте жетім атанады. Апалы-сіңілі Сарқанд балалар үйінде тәрбиеленіп, сол жақтан орта білім алып шығады.

-Ол кездегі балалар үйі біз естіп жүргендей, қазіргідей емес. Барлығы бір-біріне бауырмал, тәрбиешілері мейірімді еді. Мен көп нәрсені осы балалар үйінде жүріп үйрендім. Тұрмыстық тіршілік, тігін тігу, қыз балаға қажетті тәрбиенің барлығын толығымен үйрететін, — дейді Бақыт апа.

Орта білім алып, мамандық иесі атанамын деген мақсаты орындалмай, әпкесі Жібектің қолында тұрады. Ол уақытта әпкесі тұрмыс құрған болатын. Жездесінің қолына қарамайын деп, бос отыруды жөн санамаған Бақыт апамыз теміржолдың ауыр жұмысына кірісіп кетеді. Ер-азаматтар ғана жасайтын осы ауыр жұмыстарды қолының тілініп, өзіне ауыр тартқанына қарамастан, еңбекке кірісіп кетеді.
Осылайша жүріп, интернетта бірге оқыған дос қызының себеп болуымен Бақыт апа 20 жасында тұрмыс құрады. Жолдасы Жеңіс өте кеңпейіл, қолы ашық, жүрегі кең жандардың қатарынан болады. Алайда, тағдыр олардың ұзақ уақыт бірге болуын жазбапты. Немере қызығын бірге көру бұйырмапты. 19 жыл бірге өмір сүргеннен кейін, 44 жасында жолдасы өмірден озады.

Небәрі 39 жасында жесір қалған апамыз жолдасынан қалған бір ұлы мен бір қызын жеткізіп, оқытып, қоғамға бейімдеп, тәрбиелейді. Бүгінде екеуі де белді қызметкер, аналарының қамқоршысы, тілекшісі.
Өмірінің осындай дүрбелең кезеңдерін бастан өткеріп, тірлік жасап жүрген шағында 2002 жылы Бақыт апа өте қатты науқастанады. Не жата алмай, не қимылдай алмай, бір орнында отырып қалады. Тірек қимылдары икемге келмей, ауруға ұшырайды. Әйелдің үмітін дәрігерлер «айықпас дертке ұшырадыңыз» деп, біржолата өшіреді. Содан Бақыт Ұзақбаева 52 жасында ІІ топ мүгедегі атанады.

Алланың қалауымен бір күні «әруақтарға Құран бағыштайын, дұға жасайын, қолымнан басқа не келеді?» деген оймен мешіт табалдырығын аттайды. Алматы қаласындағы «Мырзахмет» мешітіне осылай алғаш қадам басады. Мешіт табалдырығын имене аттаған апамызға дұға жасап берген молда жігіт «Апа, денсаулығыңыз жоқ сияқты, байқап тұрмын. Намазға жығылып, Құран жаттап, құлшылық жасасаңызшы!» деп айтып қалады. Осылай айтқан молдаға таңдана қараған апамыз ашуға мініп, «сен не айтып тұрсың, менің мына жағдайымды көріп тұрып, не жата алмайтынымды, не еркін қозғала алмайтынымды біліп тұрып, бұл не дегенің?» деп дүрсе қоя береді.

Дегенмен, «Алланың құдіреті шексіз! Тек сеніп, иман келтірсеңіз, науқасыңыздан айығасыз!» деген жігіттің жылы сөзі көкейінен кетпей, тұрып алады. Осылайша Бақыт апа бірнеше күннен соң иман келтіріп, намазға жығылады. Алғашқы кездері қол аяғы икемге келмесе де, науқас адамға рұқсат етілгендей отырып, ишарамен намазын оқи береді. Намаз сүрелері мен дұғаларын бір айдан аса уақыт жаттайды. Арада 3 ай өткенде еңкейе де алмаған әйел, ойда-жоқта намаз кезінде маңдайы сәждеге жетеді. Уақыт өте келе, Алланың қалауымен Бақыт апа аяққа тұрып, қолы қимылға келіп, кезінде дәрігерлер «айықпайды» деп айтқан дертінен толық сауығып кетеді.

Бүгінде намазға жығылғанына 20 жылдан асса, ауыз бекітіп, оразасын ұстап келе жатқанына 18 жыл болды.

-Әлі есімде, ең алғаш ауыз бекіткен кезім болатын. Құрбыммен кездесіп, әңгіме-дүкен құрып отырғанбыз. Ол менің аузым берік екенін естіп, «оның не, неге сонша құдайшыл болып кеткенсің, қажеті қанша?» деп мені сөккен болатын. Бұл тақырыпта бір-бірімізбен әңгімеміз жараспайтын. Сол құрбым үшін дұға жасап, оның иманға келуін тілеп жүретінмін. Араға бірнеше жылдар салып ол «мені намазға үйретші, ораза ұстағым келеді» деп алдыма өзі келді, — деп есіне алады Бақыт апа. Көп кешікпей құрбысының ішімдікке құмар ұлы ішуді қойып, отбасын құрады.

-Ораза – сабырлыққа үндейтін, шыдамдылыққа тұнып тұрған, денсаулыққа пайдасы зор құлшылық. Оның сауабын да беретін бір Алла. Әрине, алғашқы жылдары оңайға соқпады. Нәпсі өз дегенін жасап, қарның ашып, су ішкің келіп, «өз-өзімді қинамай-ақ қояйын» деген ойлар келері анық. Дегенмен, Аллаға сенім артып, сауабын Алладан күтіп, үміт еткен жан үшін ораза — рухани демалыс, құлшылыққа айналады. «Жолым ашылсын» деген, өмірінде қиындығы көбейген жастарға айтарым – мешітке барыңдар! Мешіт – Алланың үйі, дұғалар қабыл болатын орын. Мен осы айықпас дертке ұшырағанда шипа берген Алла, ми ісігі орын алып, операцияға түскенде де аман қалып, өмірімді жалғастыруыма шипа берген Алла, жалғыздықтан жабырқағанда да серігім болған — Алла. Маған жаман ниетте болған адамдарға ешқашан жамандық тілеген емеспін. Керісінше, оларға тек дұғада болатынмын. Біреуге жақсылық тілесең, өзіңе еселеп қайтады, бүгінгі жастарға осыны айтқым келеді, — дейді кейіпкеріміз.
Рамазан айында Алланың берген нығметінен құр қалмай, ауыз бекітіп, дұғалар қабыл болатын сәтте, «керегіңді сұрап, қол жайып қалыңдар!» деп ниет еткен Бақыт апамыз бүгінде немересін де осы жолға баулып, Құранды еркін оқитын дәрежеге жеткізген. Кіші қажылығын өтеп, Алладан осы ұрпағының жарқын болашағын тілеп, иманына берік күйде тірлік кешуде.

-Алла Тағала барша мұсылман қауымына берік иман, елімізге тыныштық берсін, Рамазан айында тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын! — деп аяқтады сөзін Бақыт апа.

Айнұр Махамбетқызы, тілші