ҚОЙ КӨТЕРІП, ЖЕЛІДЕ ЖҰЛДЫЗ БОЛҒАН ӘКІМ: «БҰЛ ВИДЕО ОСЫНШАЛЫҚТЫ ТАРАП КЕТЕДІ ДЕП ОЙЛАМАДЫМ»

ҚОЙ КӨТЕРІП, ЖЕЛІДЕ ЖҰЛДЫЗ БОЛҒАН ӘКІМ: «БҰЛ ВИДЕО ОСЫНШАЛЫҚТЫ ТАРАП КЕТЕДІ ДЕП ОЙЛАМАДЫМ»

Нұрбол Досымбаев Талғар ауданында бұған дейін бірде-бір әкім қатыспаған жарысқа қатысып, желіде жұлдыз атанды. Атап айтқанда, Белбұлақ ауылдық округінің 34 жастағы әкімі өзінің туған ауылы Талдыбұлақта өткен Наурыз мерекесінде салмағы 40 келі қойды 1 минутта 50 мәрте көтеріп, бүкіл жұртты таң қалдыр­ған болатын.

Халықты тәнті еткені — оның палуандығы емес, үстіндегі костюм-шалбарға қарамай, халықпен бірге ұлттық ойындарға қатысуы. Ауылдық округ әкімінің бұл әрекетінен соң ауыл жігіттері одан сайын құлшынып, жарыс қыза түскен болатын. Ал үлкендер жағы риза болысты. Айта керейік, Нұрбол Досымбаевты Белбұлақ ауылдық округінің әкімі етіп халық сайлаған. Әкімнің қой көтерген видеосы әлеуметтік желіде лезде тарап, елдің қызу талқысына түсті. Тіпті, республикалық ақпараттық порталдар мемлекеттік қызметкердің бұлай сайысқа түсуін сөз етіп, жарыса жазды. Әдетте, әкімдер әлеуметтік желіден аулақ жүреді. Осы орайда, аяқасты желі жұлдызы атанған ауыл әкімі Нұрбол Инақынұлының бұл туралы өз ойын біліп қайтқан едік.

-Ауыл азаматтарының қолдауының арқасында ұйымдастырылған Наурыздың жоғарғы деңгейде өтуін қатты қаладым. Сәйкесінше, келген қонақтарымыздың көңілінен шығу үшін ауыл азаматтары барын салды. Коцерттік бағдарлама көріп, ұлттық ойындармызға қатысып, бақ сынаса деп ойладық. Қой көтеру сайысы басталған мезетте көбі көрермен ретінде қарап, қатысып көруден іш тартып тұрғанын байқадым. Мүмкін киімдерін кірлетіп алудан қашты ма, білмедім. Сол кезде түсіндім, жігіттерді жігерлендіру үшін өзімінің де қатысуым керектігін. Ауылда ат үстінде өскен жігіт болғансын мен үшін ол бір аса қиындық етпеді. Ойлағанымдай-ақ, артынша қой көтеріп көруге ниеттілер көбейді. Бұл видеоның осыншалықты тарап кетеді деп ойламадым,-деген әкім, ауыл азаматтарының ұйымшылдығына ризашылығын білдірді.

Қой көтеріп сайысқа түскен әкімнің әрекетін мықтылыққа балағандар да болды. Десе де, өзі бұл пікірмен келіспейтін көрінеді.

-Шыны керек, шыққан ақпараттарды WhatsApp желісі бойынша таныстарым жан-жақтан жіберіп, жақсы пікірлерін айтып жатты. Жақсы сөз кімді болмасын марқайтатыны белгілі. Бірақ, жазылған кейбір пікірлерге қарап, ұялдым. Мен жарысқа қатысқанда әкім ретінде күшті көрініп, жақсы атқа қалуды мақсат тұтпадым. Бар болғаны — іні-бауырларыма жөн сілтеп, қарапайым тұрғын ретінде бағымды сынадым. Демек, менің әрекетімінің өзгеден еш артықшылығы жоқ,-деді әкім.

Ғаламторың ғаламат мүмкіндігі әр азамат үшін қол жетімді болған қазіргі кезде арнайы уақыт бөліп, виртуалды әлемге бас сұғу — мемлекеттік қызметшілер үшін қиынның қиыны. Солай десек те, Нұрбол Инақынұлы жұмыс уақытында ретін тауып, өзінің желідегі жеке парақшаларына кіріп, халықтан келіп түскен талап-тілектерге мойын бұруды ұмытқан емес.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ, тілші