Талғар ауданында бір топ ауыл тұрғыны «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы Заңға қарсы шықты!

Талғар ауданында бір топ ауыл тұрғыны  «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы Заңға қарсы шықты!

Бесағаш ауылдық округіндегі саяжай тұрғындары қаңғыбас иттердің көптігінен көшеге шығудан қалған. Ит аулаушылардың арқасында ғана жаны аман қалып жүрген жұрт, 2 наурыздан бастап ауланған қаңғыбас иттердің қайтадан сол ауланған жеріне жіберілетінін естіп, мүлде естері шығып отыр.

Төлеген Құлтайұлы, Бесағаш ауылдық округі «Луч» баубақша серіктестігі саяжайының тұрғыны:

-Мен итті аулап, кастрация жасап, қайтып жібере салғанға үзілді-кесілді қарсымын! Бізде жабайы иттер көп. Егесіз иттер топтасып, бұрыш-бұрышта, бос үйлерді, бос тұрған жерлерді мекендеп, таңертеңгісін ерте жұмысқа шығатындар бар, кешке жұмыстан қайтатындар бар, соларға топталып жүгіреді. Оның арасында үлкен кісілер бар жүрегі ауру, біреудің жалғыз баласы болуы мүмкін. Бір емес, бірнеше рет болды шабуылдаған жайттар. Жақында ғана таңғы сағат жетіде сабаққа кетіп бара жатқан бір баланы қуалап, алдынан шыққан үлкен кісі құтқарып қалған. Одан кейінгі жағдай — алпыстардың шамасындағы үлкен ағамыз бар, сол кештетіп жұмыстан қараңғыда қайтып келе жатқан кезінде топталған иттер, біреуі жүгірсе, бәрі жүгіреді ғой, соны тістеп ала жаздап, әрең дегенде үлкен кісіні аман сақтап қалдық! Ол үлкен кісі, жас бала болса не болар еді? Одан кейін мына үшінші жағдай – қарындасымыз Гаухар деген біздің ауылдың тұрғыны. Осы кісіні таңғы сағат алты жарымның кезінде жұмысқа шығып бара жатқанда ит қапты. Сондықтан ол заңды қабылдамау керек! Иттен адам артық қой!

Айша, Бесағаш ауылдық округі «Луч» баубақша серіктестігі саяжайының тұрғыны:

-Бұл заңды кім ойлап тауып отыр осы? Парламентте отырғандар, сол заң шығарғаннан кейін оның міндеті болады! Көшедегі қаңғыбас итті ұстап, оның көзін жоюдың орнына, соны қорғау дегенді қай жақтан шығардыңдар? Сендер бүкіл иттің барлығын жайып жіберіп, онда сендер келіңдер, тұрыңдар мынау ауыл жаққа біздің! Алматының түбіне келіп тұрыңдар! Өріп жүрген иттің ішінде бала-шағаларың жүрсін! Сонда көресіңдер қалай қауіп төндіріп отырғанын! Сол үшін келдім мен! Әйтпесе адам еріккеннен келе ме? Соншалықты өріп жүр! Ол бұрын қазақ «жеті қазынаның бірі» деп ұстағанда, мал бағатын қазақ ұстаған. Бүкіл халықтың бала-шағасына қауіп төндіріп, көшеде жүре алмай қалдық! Жүрегіміз ауырады көшеден өтуге! Алдыменен баланы қорғаңдар, адамды қорғаңдар итті емес! Енді біз таудың етегінде тұрғандықтан, өздеріңіз білесіздер, ауылдың кісілері кішкентай күшіктерін тауға апарып тастайды, содан тауда өсіп, жетіліп жабайы болып топталып келеді!

Былтыр ауданда 706 адамды ит тістеп алған екен. Ал биыл жыл басынан бері 62 жағдай тіркелген. Талғар ауданы бойынша ит аулайтын бір ғана бригада бар. Төрт адам ескі Ниваны тізгіндеп, күніне 300-400 шақырымға дейін жол жүреді. Олардың айтуынша, қаңғыбас иттер ең көп Талғар қаласы мен Қайнар ауылы. Бір ғана Талғар қаласынан күнделікті кем дегенде 5-6 шақырту түседі екен. «Сол арада басқа ауылдардан да жұрт хабарласып, тамақтануға да уақыт таппаймыз» – дейді аға ит аулаушы Әлдибек Болысбеков.

Әлдибек Болысбеков, аға ит аулаушы:

-Біздің де бензиніміз лимитіміз шектеулі. Қолдан келгенше ұстап жатырмыз. 2 наурыздан бастап «ұсталған иттерге кастрация жасап, 3-4 күн емдеп, сол ұстаған жерге қайтадан апарып жібер» деп заң шығарып жатыр. Оған халық қарсылығын білдіруде. «Кастрация жасалған ит қаппайтынына кім кепіл береді?» дейді. Оған ешкім кепіл беріп жатқан жоқ. Талғар ауданында жалғыз бригада болғаннан кейін маған күнде 30-35-тей қоңырау түседі. Күніне 20 иттен аса ауланады. 2 наурызда шектеу болады. Күніне 4 — 5 иттен ғана ұстаймыз, өйткені 1 итке кастрация жасағанға 2 сағаттай уақыт кетеді. Иттің мінезін иттің иесі ғана білмесе, біз бір көргеннен «мынау қабаған, мынау қаппайды» деп айталмаймыз. Бірінші барып анықтап аласыздар, қаба ма, қаппай ма, кімнің иті, иесі бар ма, жоқ па дейді. Анықтап отырғанша біраз уақыт кетеді. Қазір сол қаңғыбас иттен қорыққандықтан ауылда әр баланы бір-бір ата-ана жетелеп жүр.

Талғар ауданында қаңғыбас иттер адамдарға шабуылдап қана қоймай, жайылымдағы малын да жайпап кетіп жүр. Мысалы, Қайнар ауылдық округіндегі Еркін ауылында қаңғыбас иттер малшының айдалада бағып отырған екі ешкісін көзінше жеп қойған. Қабаған иттерден қорыққан малшы араша түсе алмаған. Осындай жағдай Айғаным ауылында да болған. Онда жабайы иттер қойды жеген.

-Иттер тез көбейеді. Мысалы, күшік кезінде алып алады. Оның ұрғашы екенін білмейді. Стерилизация жасамайды. Ол қашады, көбейеді. Көбейген күшікті біреуге берсе, алмайды. Алмаған соң «осы жерде нанын тауып жей алады ғой» деп қоқыстың қасына апарып тастайды. Ол күшік кезінде ешкімге тиіспейді. Өседі, өсіп үлкен ит болады. Таза жабайы ит, агрессивный болады. Сондай жағдай. Содан қаңғыбас ит көбейеді. Жануар қорғаушылар біздерге көп кедергі жасайды. Өзінің иті болмаса да, қаңғыбас итті ұстап, алып кетіп бара жатқанда талай рет прицептің үстіне шығып алып, «жүрсең, астына түсіп өлем» деп, талай участковый шақыртып жатып, әрең дегенде құтыламыз. Көлігімізді сындырып кетуге дейін барып, даже өзіміз хорошо, что ішінде отырып, видеоға түсіріп алғанбыз, өзіміз дәлелдеп алды. Үсті-басын тырнап, «итіңді алып кетемін деп мені итерді, тырнады, ұрды» деп, өзін камераға түсірпі жіберген. Біздің жігіттер сол жерде тұрғанда көлік ішінен түсіріп алған. Сөйтіп, өздерін ақтап қалды. Ал егер сол кезде түсірмесе, үстімізден іс қозғайтын еді. Ол облыстық полиция департаментіне жазып жіберген,

— дейді аға ит аулаушы Әлдібек Болысбеков.

— Мен екінші бригада сұрап жүргенде, мынау төбеден тас түскендей жайт болды. Аяқ астынан шығып отыр ғой мынау Заң. 4-5 ит ұстаймыз, кастрация жасаймыз, 3-4 күн бағып, ұстаған жерімізге қайтадан апарып жібереміз. Мен облыстағы басшылығымнан сұрадым, «қандай кепіл бересіздер, сол ұстаған жерімізге қайтадан жіберген кезде «қаппайды» деп қандай кепіл бересіз» деп сұрасам, «біз онда шаруамыз жоқ! Заңды бізге осылай шығарып берді, Әлдібек, сіз оған басыңызды ауырпаңыз» деді. Ешқандай кепіл жоқ! Дәл қазір иттер ұйығып жатыр. Он ит жиналып алып, қаппайды дегеннің өзінде ішінен біреу қабаған боп жүгіретін болса, бәрі жабылып жүгіреді. Адам стресс алып, қашады. Қашқан соң ит одан сайын құтырып, қуалай береді. Ит қабу жайттары бұдан да көбейеді. Бірде Талғар қаласында 10-11 жасар баланы ит талап тастады. Балаға 3 мәрте ота жасау керек болды, ит кеудесін, қолын тістеген. Отбасының жағдайы нашар екен. Содан өз қалтамнан 15 мың теңге бердім. Ұжым боп ақша жинап, азық-түлігін апарып бердік. Содан «Нұр-Отанға» бардым. Жағдайды айттым, жақсыдеп азық-түлік алып берді. Волонтерларға да айттым, осында бала бар ит талап кеткен, жағдайы нашар екен, бір рет ота жасалды, тағ ы 2 ота жасайды. Соған көмек ретінде жануар қорғаушылардың чаттарына тараттым. Бірақ, жауап болмады. Екі айдан кейін тұрғындар хабарласып, итті көлік қағып кетті деді. Волонтерларға шықтым, менде емдейтін шара жоқ деп едім. «Ойбай, аға, тұра тұрыңыз!» деп зоотакси жіберді маған. Ананы қорапқа салып, таксимен жібердік. Ол итке 170 мың теңге ақша кетті емдеуге. Соны жануар қорғаушылар төлеп берді. Балаға бір тиын де жиналмады…

Сұхбаттасқан:
Аруна Ортай, тілші