«Еліміздегі ешқандай Заңға, құқық қорғау органдарының әділдігіне сенбейтін болдым», — дейді Бақытжан Әбдіхалықов. Жергілікті кәсіпкердің айтуынша, ол екі жылдан астам уақыт Талғар ауданы прокуроры Бақұстар Қыдырбаевтың «қуғынынан» құтыла алмай келеді.
Мән-жайды басынан бастасақ…
Осыдан екі жыл бұрын Бақытжан Әбіхалықовтың анасы Дина Серікбаева жеке кәсіпкерлігін ашып, бар-жоғы 10 сотық жерге көлік жуу бекетін салған. Бүгінде олар бірді-екілі емес, 15 бірдей отбасын жұмыспен қамтып отыр. Бірақ, әне-міне осыншама жанұя нәпәқасынан айырғалы тұр…
Дина Серікбаева үшінші топтағы мүгедек. Қатерлі ісікке шалдыққан соң кәсіпті ұлы Бақытжан жалғастырған. 2020 жылдың маусым айында Бақытжанға су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Балқаш-Алакөл» бассейіндік инспекциясының инспекторы келіп, Талғар аудандық прокуратураның арызы бойынша тексеріс жүргізетінін айтады. Кәсіпкерді алаңдатқаны – инспектордың тек өзін ғана тексеруі болды. Тіпті, талғарлықтардың тынышын кетірген карьерге тиіспеген. Мораторийдің өзін менсінбегендер Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 360-бабы, яғни «Су қорғау аймақтарында және су объектілері белдеулерінде заңсыз құрылыс салу, сондай-ақ өзеннің табиғи арнасын заңсыз өзгерту» бабы бойынша іс қозғайды. Кәсіпкер Алматы облысы әкімінің «Су қорғау аймағы мен белдеулерін анықтау туралы» 2010 жылғы қаулысында кәсіпкерлік нысан су жағасынан 30 метр жерде орналасуы керектігі айтылған дейді. Ал оның көлік жуу бекеті 130 метр қашықтықта орналасқан. Бақытжан Әбіхалықов әділдіктің ақ-қарасын ажыратады деген аудандық прокуратура қызметкерлерінің бұл нысанға өз жоспарлары бар деп күдіктенген сол кезде:
«Тексеріс келгеннен кейін маған аудан прокурорының аға көмекшісі Алмас Абдрасилов хабарласып, кездесуге шақырды. Кездесу барысында ол аудан прокурорының сәлемдемесін анық жеткізді. Мен анама тиеселі бизнестің елу пайызын оларға жазып беруім керек, я болмаса сол бизнестің жарты құнын құрайтын, яғни, 10 миллион теңгені қолдарына санап беруім керек екен. Бұл ұсыныспен келіспеген жағдайда аудан прокуроры барлық әкімшілік күштерді қолданып, анамның бизнесін жауып тастауға дайын екендігін айтты»,
— дейді Бақытжан ашуы кернеп.
Бақытжанның бар күш жігерін, қаржысын салған шағын кәсібін бекерден-бекер біреуге бергісі жоқ. Он бес жыл мемлекеттік қызмет істеген ол бірден бас прокуратураға шағымданады. Оның өтініші бойынша бас прокуратура өкілдері жылдам әрекетке көшіп, бір күнде Нұр-Сұлтаннан ұшып келеді.
«Бас прокуратурадан келген Леонид деген азамат пен Алматы қаласының өзіндік қауіпсіздік басқармасының Нұржан есімді өкілімен кездесіп, болған жәйтті айттым. Олар маған бопсалау фактісін дәлелдеу үшін диктофон беріп, Абдрасиловпен сөйлескен сөзімізді жазып алуға жіберді. Өздері көлікте күтіп отырды. Мен тапсырманы толықтай орындадым. Прокурордың көмекшісімен арамыздағы әңгіме жазылды. Айғақ жинап, Леонидтің қолына бердім. Көшірмесін алып қалдым. Қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер жазасын алады деп сендім. Олар аудиожазбаны облыстық прокуратураға тапсырды. Алайда, облыс оны көзге де ілмей, аудан прокурорына жай ғана сөгіс жариялап, аға көмекшісі Абдарсиловті «жалған номерлі көлікпен жүрген» деген сылтаумен жұмыстан босатып, ды. Бопсалау мәселесі сонымен жабылды. Бас прокуратураның тапсырмасын облыстық прокуратураның елемегеніне қайран қалдым. Бұл әрекетімен облыс пен аудан арасында сыбайластықтың барын көрсетіп қойды. Одан басқа енді не ойлауға болады?»
— деп кәсіпкер күрсінді.
«Балқаш-Алакөл» бассейіндік инспекциясының инспекторы қозғаған іске қатысты ауданда сот болады. Ешқандай заң бұзушылық анықталмаған соң судья Мейірбекова кәсіпті «заңды» деп тауып, шешім шығарады. Сол 2020 жылдың тамызында кәсіпкер көлік жуу бекетінің құжаттарын рәсімдеуін аяқтап, әрең дегенде Әділет органына тіркеп алады.
Бірақ, кәсіпкердің қуанышы ұзаққа созылмады…
Араға бір жыл салып барып, 2021 жылдың маусымында облыстық прокурордың орынбасары Марат Әбдірахманов аудандық соттың шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіреді.
«Неге араға бір жыл салып шағым түсіріп отыр? Заң бойынша сот шешіміне он бес күн ішінде шағым түсіруге болады. Олар сол мерзімде бермей, неге бір жылдан кейін істі қайта қозғап отыр? Бұл жерде жеке басқа қатысты мәселе бар екені аян болды. Өйткені мені бопсалаған Абдрасилов пен әлі де қызметте отырған аудан прокуроры Қыдырбаев күні кеше қызметінен кеткен Самат Әбішовтың достары екенін жұрт жақсы біледі. Сондықтан да оларға қылмыстық іс қозғалмады. Араға уақыт салып, маған деген өшпенділіктері қайта оянып, кек алу мақсатында бастапқы уәделерін жүзеге асыруға кірісіп кетті. Оларға облыс прокуроры қолдау көрсетіп, қайта шағым түсіріп отыр. Ешқандай тексеру жүргізілместен облыстық сот бар-жоғы бес минутта о баста бізге тағылған айыпты «дұрыс» деп тауып, «көлік жуу бекеті сүріп тасталсын» деген шешім шығарды. Апелляцияға касациялық сотқа бердім. Ол жерден де жеңілдім. Сот процесі тіпті күлкілі болды. Құзырлы орган өкілі сот ісіне осылай немқұрайлы қарап жатса, біз қашан дамыған мемлекет боламыз? Қалай жемқорлықты жоямыз? Қашанғы осындай погондағы «қасқырлардың» жемтігі бола береміз? Айтарға сөзім қалмады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «10000 тұрғыны бар аймақта 100 шағын кәсіпкер болуы тиіс» деп, шағын және орта бизнес иелеріне қолдау көрсету керектігін айтып жатқан жоқ па? Сонда бұлар Президенттің саясатына қарсы жұмыс жасап отыр ғой. Мені таңқалдырғаны да осы. Енді мен де, айналамдағы жақын жандарым да, «елімізде заң үстемдік етеді» дегенге сенбейміз. Біз енді қарапайым халықтан көмек сұраймыз. Егерде бұл іс оңтайлы шешіліп, билікке сөзім жетіп, әділдік орнамайтын болса, мен Ақорданың алдында үстіме бензин құйып, өзімді жағып жіберуге дайынмын!»
— деді қыспаққа түскен кәсіпкер.
Кәсіпкер облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес Агенттігіне де арыз түсірген. Оның айтуынша, олар да басында қылмыстық іс қозғап, алайда екі айдан кейін бас прокуратура жазып алған аудиожазбаны «жалған» деп тауып, істі жауып тастапты.
«Артыма түскен арсыздар өміріме қауіп төндіріп жүр. Түрлі қоқан-лоқы көрсетеді. Алда-жалда менің денсаулығыма зақым келіп, я болмаса өмірім үзілсе, кінә кімнің мойнында екенін халық біліп жүрсе деймін»,
— дейді еңсесі түскен азамат.
Бір емес, бірнеше құқық қорғау органдарының әділетсіздігі мен қауқарсыздығына тап болған талғарлық жанайқайын Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанға да жеткізді. Депутат ауылдағы ағайынның хал-жағдайын білуге өткен аптада ел аралауға шыққан. Сөйтіп, Талғар ауданына іс-сапармен келген Жанарбек Әшімжан Бақытжанның арыз-шағымын хат жүзінде алып, көпшіліктің көзінше көмектесуге уәдесін берді. Мәжіліс депутаты қарапайым кәсіпкерге араша түсе алады ма? Бұл істің соңы тілшілеріміздің назарында болады.
Перизат Нұрқаева,
тілші