ЕСЕЙ ЖЕҢІСҰЛЫ: Біз спорттың жеңімпаз дәстүрінен айырылып қалғанымызды мойындауымыз керек!

ЕСЕЙ ЖЕҢІСҰЛЫ: Біз  спорттың жеңімпаз дәстүрінен айырылып қалғанымызды  мойындауымыз керек!

Төрт жылда бір келетін Олимпиада спорт жанкүйерлерін ерекше елеңдететін сәттің бірі. Сондықтан да «Таза мұз бен қардағы қуанышты күн» ұранымен өтіп жатқан Бейжіңдегі қысқы олимпиада жалауын көтергелі спортшыларымыздан үміт күтіп, тақымын қысып отырған жанкүйерлер көп. Биылғы ақ олимпиадаға еліміздің спортшылары 87 жолдама жеңіп алған болатын. Сол жолдама негізінде Қытайға Қазақстаннан 34 спортшы аттанды. Бірақ спорт сарапшыларының пікірінше бұл соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткіш болып отыр екен. Мысалы, осыдан төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяда 46 атлетіміз бақ сынаған. Оның алдында 2014 жылы Сочиге 50 спортшы барған. Енді биылғы үмітімізді үкілегендердің ішінен нақты мынау жүлде әкеледі деп айту қиын болса да біз байрақты бәсекелерден спортшыларға деген сенімімізді жоғалтқан емеспіз. Осыған орай біз бақ сынайтын 34 спортшы ішінде кімдерден жүлде күтеміз деп елді елеңдеткен сұрақтарға есімі спортсүйер қауымға етене таныс комментаторлардың бірі Есей Жеңісұлынан жауап алған едік.

– Алдын ала болжау қиын болса да спорт сарапшысы ретінде ойыңызды білсек, ақ олимпиададан Қазақстан құрамасынан медаль күтесіз бе? Кім лайықты?

– Бұл олимпиада циклы. Бұған мемлекет төрт жыл уақытын арнайы сарп етіп, спортшыларды дайындайтын болғандықтан үмітсізденбей қалуға мүлде болмайды. «Үмітсіз тек қана шайтан» деген қазақтың жақсы бір сөзі бар.

Қандай жарысқа барса да біз спортшыларымыздан үміт күтуіміз керек. Неге? Өйткені біздің алты ай қысымыз бар. Инфрақұрылым жақсарған. Әрине, мұндай жағдайда біз спортшыларымыздан қалайда жүлде күтуіміз керек. Ванкуверде бір медаль, Сочиде бір медаль, Пхенчханда бір медаль деп қашанғы көңіл тоқтатып жүре береміз?

Біз сонау өмір бойы қар көрмейтін Тонга немесе Америкалық Самоа секілді, экватордың бойында орналасқан Боливия секілді немесе Ливан секілді елдер емеспіз ғой. Сондықтан бұқаралық сипатқа айналдырмасақ та қысқы спорт түрінен медаль күтеміз. Мен енді өз басым Юлия Галышева осы жолы төрт жыл бұрынғы қоласын жаңартып, шіркін бір күміс алса, тіпті болмаса бір алтынға қоз созса деген едім. Бірақ маусым алдындағы оның жарақаты, дәл осы олимпиадаға баратын қарсаңдағы корановирусқа шалдығуы, тест нәтижесінің Қытайға барғаннан кейін де біраз уақыт күттіруі кері әсер етті деп ойлаймын. Дмитрий Рейхерд те жақсы бір жүлдеге лайық еді. Өйткені бесінші олимпиадаға қатысып отыр. Тіпті Сочи олимпиадасында бұл спортшының бесінші орын алғанын да білеміз. Тек Рейхердтің жолы болмай қалды деп есептеймін. Төрешілер сәл кішкене жоғары бал берсе, жаман болмас еді. Ал қалған спортшылардан мен шорт-трекшілерден медаль күтемін. Сосын конькишілер Денись Кузин әлі де айтарын айтпай кеткен спортшы секілді көрінеді. Осы спортшылардан оң нәтиже күтемін. Болмайды деп ауызды қу шөппен сүртуден адамын. Өйткені біз – мемлекетпіз. Мемлекет қашан да өз азаматтарына сенуге тиіс!

– Үміт артқан спортшыларымыз неге сәтсіз өнер көрсетіп жатыр? Біздегі базаның жоқтығы ма, жоқ жат жердегі жасанды қардың көптігі ме?

– Олимпиада болған соң сәтсіз өнер көрсету де болады. Жарысқа барғаннан кейін бәрі озуы да мүмкін емес. Мысалы қарасаңыздар, норвегиялық шаңғышы  Йоханнеса Клебо ерлер арасындағы жеке жарыста ресейлік шаңғышы Александр Большунов  қалай жеңіліп қалды. Ол міндетті түрде алтын алам деп барған спортшы. Адамның дегені бола беретін болса ол спорт болмай кетеді. Ал бізде кім фаворит еді? Бізде Ю.Галышеваны да аса үлкен фаворит дей алмаймыз. А.Әжіғалиев, Денис Никиша, Ә.Ғалияхметов сияқты шорт-трекшілерді де, тіпті болмаса ерлі-зайыпты Морозовтарды конькиден фаворит дей алмаймыз. Бізде тек бір үміт бар. Сол үміт тек медальға айналса деген ой ғой.

Сондықтан бұл жерде үміт артқан спортшыларымыз «неге сәтсіз өнер көрсетіп жатыр деп болды, бітті» деп айтуға мен ешқандай ықыласты емеспін. Өйткені бары сол. Қарасаңыздар, шаңғышылардан екі-ақ ер азамат жолдама алды, биатлоннан барлығы қосылып үш-ақ жолдама алды. Демек, бізде спорт төмендеп тұрғанын мойындауымыз керек. Бетін жасырып-жапқанмен ештеңе шықпайды. Сондықтан барды бар, жоқты жоқ деп айтуымыз керек.

База да, жасанды қар да ешқандай себеп бола алмайды. Бізде база жоқ емес, бізде Алматы мен Щучинскіде тұғырдан секірушілердің өзінің екі базасы бар. Биатлон кешені бар. Өскеменде, Алматыда, Нұр-Сұлтанда конькишілерді, шорт-трекшілерді дайындайтын жабық кешендер жеткілікті. Біз тек спорттың жеңімпаз дәстүрінен айырылып қалдық. Осыны мойындауымыз керек!


– Қысқы спорт түрлерінде қазақ спортшыларының саны неге саусақпен санарлықтай?

– Салыстырмалы түрде соңғы кездері керісінше көбейіп қалды. Бірақ осы мәселені қазір емес, отыз жыл бұрын қолға алуымыз керек еді. Сонда мықты спортшылар қазақтардың арасынан да шығатын еді. Баяғыда, естеріңізде болса хоккейшілер Ерлан Сағымбаев, Талғат Жайлауовтармен малдандық. Тұғырдан секіруші Қайрат Биекеновті, конькиші Кенжеш Сәрсекеноваларды көңілімізге медеу еттік. Осындай бірді-екілі спортшыларды көтердік. Бірақ қарасаңыздар, соңғы кездері Елена Круглыхинаның жақсы шәкірттері фристайл-могулдан Аяулым Әміренова, Маржан Ақжігіт, акробатикадан Жанбота Алдабергенова сияқты санаулы спортшылар болмаса, шынында қысқы спорт түрінен жоқ.

«Қысқы спорт түрлеріне қазақ жастары неге аз барады?» деген сұрақтың жауабын әлеуметтік және саяси тұрғыдан іздеген жөн сияқты. Көп кінә нақ өзімізде болып тұр. Жүйелі түрде денешынықтырумен шұғылдануға көбінесе мән бермейміз. Спортпен айналысудың орнына таңертеңнен кешке дейін ғаламторға үңіліп, кино, видео қарап, ән тыңдағанды жөн санайтын жастар көп. Жанын қинап, тер төккілері жоқ.

Ал спорт еріншектерді ұнатпайды. Мәселен, демалыс күндері қала сыртындағы шаңғы базаларында, мұз қалашықтарындағы қарақұрым жұрттың ішінде шаңғы, конькиін арқалап жүрген қазақтар некен-саяқ кезігеді.Сондықтан бұл алдағы уақытта үлкен тенденцияға айналуға тиіс мәселе деп ойлаймын. Қазақтың баласы қара күшке салса да, техникалық шеберлігі жетпесе де қазіргі жағдайда олимпиадаға қатысуға құқылы. Неге біз норвегиялық шаңғышыларға, тұғырдан секірушілерге, нидерландылық конькишілерге қатты қызығамыз? Бізде алғышарттың бәрі бар, тек мойын жар бермей отырған секілді. Қазіргі ұрпақтың қарны тойынып қалды, қала жағдайында әсіресе. Сол қарны тойынған ұрпақ балаларын қысқы спортқа берсе, жаман болмас еді деп ойлаймын.

Меруерт Мәулетқызы
Тілші