ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ҚАНЫ ТӨГІЛГЕН 6 КОЛОНИЯ МЕН 1 КОНЦЛАГЕРДІҢ ОРНЫ ТАБЫЛДЫ!

ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ҚАНЫ ТӨГІЛГЕН 6 КОЛОНИЯ МЕН  1 КОНЦЛАГЕРДІҢ ОРНЫ ТАБЫЛДЫ!

Бұған дейін белгісіз болған жазалау орындары Жетісудан табылып отыр. Бір емес, бірден жеті бірдей түрменің картасы анықталды. Олар 6 колония мен 1 концлагер, атап айтқанда 3 ЕҢБЕКПЕН ТҮЗЕУ КОЛОНИЯСЫ, 3 ТҮЗЕУ ҮЙІ және 1 КОНЦЛАГЕРЬ Алматы облысының архивінен шықты. Бұл тың деректі Алматы облыстық өңірлік комиссиясына қарасты жетінші топтың жетекшісі Мейіржан Мұсабаев бірінші болып бізге айтып берді. Бұл ақпарат әлі ешбір телеарна немесе әлеуметтік желіде жарияланбаған.

Мейіржан Бақытжанұлы ОГПУ-НКВД тобының жетекшісі, әрі Талғар ауданындағы Жаңалық ауылында орналасқан «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің меңгерушісі. Ол өңірлік комиссия құрылған сәттен бастап осы тақырыпты жан-жақты зерттеп келе жатқан тарихшы.

Мейіржан Мұсабаев, ОГПУ-НКВД тобының жетекшісі, «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің меңгерушісі:

– Тарих ғылымдарының канди­даты А.Мұсағалиеваның пайымдауын­ша, кеңестік республикалар аума­ғын­да орналасқан еңбекпен түзеу меке­мелерінің саны бойынша Қазақстан РСФСР мен Украинадан кейін үшінші орында болды. Ресей Федерациясы Мемлекеттік мұрағатында бүкіл Одақ бойынша орналасқан лагерьлер туралы қажетті мәліметтер жинақталған. Себебі КСРО кезінде одақтық көлемдегі жүйелердің барлығы жоғарыдан басқарылды және қадағаланды. Әрине, сондықтан да қазақстандық лагерьлер жүйесінің жалпы жағдайын баяндаған құжаттық материалдардың біздің архивтерден табыла қоюы қиындық тудырады. Дегенмен біз қазақстандық мұрағаттарда сақталып отырған, құпиясыздандырылмаған құжаттардың ішінен осы карталарды таптық. Еңбекпен түзеу колониялары Ақсай, Қаратал, Тақтарал (қазіргі Мақтарал) өңірлерінде орналасса, үш түзеу үйі Лепсі, Жаркент, Алматы қалаларында болған екен. Ал Іле өзенінің бойында орналасқан деген Жетісу концлагерінің нақты орны әлі де зерттелу, іздестіру үстінде. Бұл орындарда мыңдаған жазықсыз шаруалар жазаларын өтеген. Бірқатары сотсыз-тергеусіз атылып кеткен. Алдағы уақытта осы қаралы жерлерге ескерткіш тақта қою ұсынысын жобалық кеңсеге жібердік.

Аталмыш комиссия Қазақстан Рес­пу­бликасының Президенті Қасым-Жо­март Тоқаевтың 2020 жылғы «Саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес құрылып, жұмысын бастаған болатын. Өз ішінде жеті топқа бөлініп, жетекшілері тағайындалып, кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыс жоспарын бекіткен комиссияның жетінші жұмыс тобы мұндай маңызды ақпаратқа тынымсыз еңбектің нәтижесінде қол жеткізген. Топ жетекшісі Мейіржан Мұсабаев Алматы облысының өткен тарихының күрделілігін ескеріп, өңірлік комиссия жұмысына кәсіби тарихшылар, өлкетанушылар, шығармашыл зиялы қауым өкілдері тартылғандығын айтады. Олар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің арнайы архиві, ҰҚК архиві, орталық және облыстық, аудан­дық мемлекеттік архивтерінде Жар­лық шыққаннан бері жүйелі зерттеу жүргіз­ген. «Жетісудың шерлі тарихы» жоба­сы аясында Райымбек, Кеген, Ес­келді, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Ұй­ғыр аудандарына экспедициялар ұйымдастырып, көшпелі отырыстар өткізген. Архивтерден өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың деректерін іздеп, нәтижесінде бұрын-соңды жария­лан­баған жазалау орындарының карталарын тапқан.

АҚТАЛМАҒАН ӘЛІ 1370 ІС-ҚҰЖАТ БАР…

Алматы облысы әкімінің орынбасары Б.Байжұманов жетекшілік ететін өңір­лік комиссиясының салалық жұмыс топ­тары әртүрлі бағыттар бойынша жаңа материалдарды ашуға бел шеше кірісіп жатыр. Бірінші кезекте олардың міндеттері – Жарлықта көрсетілген талаптарды орындау. Яғни, заңсыз қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық заңдылық және саяси тұрғыдан ақтау үшін тізімін жасап, мемлекеттік комиссияға ұсыну. Осы уақытқа дейін облыстық архивтен әр­түрлі жазаға кесілген 576 адамның ақ­тал­маған істері қаралған. РСФСР Қыл­мыс­тық кодексінің 59 бабы бойынша сот­тал­ған 153 қарапайым шаруаның ісі құпиясыздандыруға ұсынылған. Облыс­тық мемлекеттік архивтен 11, ал Кеген аудандық филиалынан Қытайға кеткен 56 адамның дерегі табылды. Комиссияның бесінші жұмыс тобы халық көтерілістері бойынша 125 шаруаның ішінен 44-і сотталғанымен ақталмағанын анықтады. Алматы облыстық прокуратурасы құқық­тық статистика басқармасы архивінде ар­найы қоныс аударушылар бойынша 5112 тұлғаның іс құжаты табылған. Бір ғана Алматы облыстық Ішкі істер де­пар­таментінің архивінде әлі күнге ақтал­ма­ған 1370 іс-құжат бар екен. Оның әрқайсы­сында 10-15 адамның дерегі болуы мүмкін.

Мейіржан Мұсабаев, ОГПУ-НКВД тобының жетекшісі, «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің меңгерушісі:

– Архивтердің көбі Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің ведомстволық басқаруында. Өйткені түрлі себептермен құрбандар туралы мәліметтер өте құпия түрде сақталады. Сонымен қатар репрессияға ұшырағандардың санын анықтау да оңай шаруа емес. Себебі біраз құжаттар жойылып кеткен. Кейбір ұсталғандардың тағдырын бір-екі адам ғана шешіп, түрмеге тоғытқан, яғни айыбы сот шешімімен дәлелденбеген. Құрбандардың көбі АЛЖИР сияқты түрмеде отырған, жартысы құрылыс комбинаттары, темір жол стансаларындағы өте қауіпті, ауыр жұмыстарға жегілген. Бұл да олар туралы деректерді іздеп, табуда қиындық келтіреді. Әлі де ақталмаған азаматтар санаттарының жаңа есімдерін анықтау үшін мемлекеттік архивтермен қоса Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ішкі істер министрлігі архивтеріне кіріп, зерттеу жүргізуге рұқсат берілу жағы дұрысталуы керек.

ЖАЛҒАН ЖАЛАНЫҢ 4 МЫҢНАН АСТАМ ЖАЗЫҚСЫЗ ҚҰРБАНЫ ЖАҢАЛЫҚ АУЫЛЫНЫҢ МАҢЫНА КӨМІЛГЕН…

Балаңызда немесе оқушыңызда «Бүгінгі біздің бақытты күндеріміздің өтеуі қандай болды?» деген сұрақ туындаса, бірден Жаңалық ауылында орын тепкен «Саяси қуғын сүргін құрбандарына» арналған музейге ертіп апарыңыз. Иә, азапты жылдардың әңгімесі аяныш­ты. Иә, балауыздан жасалған қасіретті жылдардың көрінісі жаныңызды түршіктіреді. Бірақ, бүгінгі тәуелсіз бақты бағалау үшін тарихты оқып қана қоймай, сезіне де білу керек емес пе? 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне  дейінгі қазақ халқының тоталитарлық жүйеге қарсы қозғалыстары көрсетілген «Аза тұту» залынан кім де кім болса да тебіренбей шыға алмасы анық. Ал тарихтың ақиқатын білгісі келетін алаш ұрпағына мұның пайдасы зор. Жалпы, қызыл террордың қанды қылышына іліккен 4 мыңнан астам жазықсыз құрбан осы Жаңалық ауылының маңына көмілген екен. Алматыдан 40 шақырым қашықтықтағы ауылдың маңы 1938 жылдары «үштіктің» шешімімен атылған адамдарды жерлейтін орынға айналыпты. Музейдің экспозициялық залында ұлт қайраткерлері туралы матер­иал­дар қойылып, осы жерде жерленген 4 мыңнан аса саяси-қуғын сүргін құрбан­дарының аты-жөндері тас тақтаға ойылып жазылған.

Мейіржан Мұсабаев, ОГПУ-НКВД тобының жетекшісі, «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің меңгерушісі:

– Жалпы, қуғын-сүргін тарихын зерттеу шын мәнінде Сталинизм тарихын зерттеу ғой. Сол кезеңдегі үш дүркін соққан аштық апаты халықтың жартысынан астамын алып кетті. Соның бәрін жастар білу керек. Музей “Әділет” қоғамымен тізе қоса сол кезеңнін шындығын ашу үшін көп жұмыстар атқарып келеді. Мұның барлығы ең әуелі жастардың тарихты біліп, Отаншыл азамат ретінде қалыптасуына ықпал ету мақсатында істеліп жатқан жұмыстар.

Шындығында да, тарих тек сұлу сөзбен суреттеліп қалатын дүние емес. Ол зерттеуді, ол ізденуді, ол оқуды, қажет болса, ақтауды да талап етеді.
Бірақ тарихтағы тұлғалар ақтауға мұқтаж емес болса да, біз сол қадамға барып жатырмыз. Өйткені текті тарихымыздан ажыратуға ниет еткен талай тентекке тап болдық. Олар дінімізді, ділімізді, артынша тілімізді тілгілеуге тырысты. Ұлты үшін қарсы тұрған ұлы жүректердің өтеуі де тым ауыр болды – саяси қуғын-сүргін, ату, асу, аштық. Қазақтың ащы етіне қамшы тимесін деп ұмтылған алаш азаматтарының тізімін атасақ, таңды таңға ұруға тура келеді. Тарихи деректерде сол зұлмат жылдары 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, 20 мыңнан астамы атылған екен. Ауыр да ащы дерек. Десек те, тоталитарлық жүйенің қаншалықты қатал да қатыгез саясатына қарамай, қазақ халқы тағдырдың тауқыметін жеңіп шықты. Ажал аузынан аман шыққан халқымыз тәуелсіздік туын көтеріп, еркін елдің еңселі ертеңіне үмітпен қарап еңбек етуде. Қазақ халқының болашаққа деген үміті өкініштің ащы өксігіне айналмауы үшін өткенімізді бүгінгі күн биігінен қарап, саралап, талдауымыз керек. Президент Жарлығын іске асыру жөніндегі жүйелі жұмыстың бірі осы.

Меруерт Мәулетқызы,
Тілші
@meruertbolek