Айына 400 мың теңге табатын бесағаштық ару

Айына 400 мың теңге табатын бесағаштық ару

Қазір «Алма піс, аузыма түс» дейтін заман емес. Сондықтан да газетімізде кәсібі көзге көріне бермейтін еңбек иелерін шығарып отыруды әдетке айналдырып келеміз. Қым-қуытқа толы қала өмірінде тіршілігін жасап, нәпақасын адал еңбекпен тауып жүрген ондай еңбекқор жандардың ісі елеуге тұрарлық. Сол жазбамыздың жалғасы ретінде бүгінгі әңгімеміз тігінші жайында болмақ.

Кейіпкеріміз Бесағаш ауылының тұрғыны Масуда Курбан-Ниязова бала кезінде қызығушылықпен кіріскен тігіншілігін өсе келе кәсіп көзіне айналдыра білген ісмер жан. «Бұл жұмысқа 22 жасымнан бастап шындап кірістім. Бес жыл үздіксіз осы кәсіптемін» деп бастады әңгімесін Масуда:
– Туған жерім осы Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Сондықтан да кәсібімді туған мекеннен ашып, өлкенің экономикасының өрлеуіне сәл де болса үлесімді қосқым келді. Өйткені қазір Үкімет те шағын және орта кәсіп иелеріне үлкен қамқорлық танытып жатыр. Түрлі деңгейдегі несиелер қарастырып, кәсіптерінің аяқтарынан тұрып кетуіне жағдай жасауда. Мен де «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша несие алуға өтініш білдіргенмін. Бірақ бастапқы бизнес жоспарым сәтсіздікке ұшырап, жүзеге аспай қалды. Енді алдағы уақытта осы жұмысты бір жағына шығарып, мемлекеттің көмегін жүйелі пайдаланғым келеді, — дейді қолы алдындағы көйлегін тігуден босамаған кәсіпкер.

Мектеп бітірісімен бала арманының жетегінен шыға алмаған бойжеткен бірден Алматыдағы «Пішу және тігу» базалық курсына жазылады. Курсты толық аяқтап, алғашқы еңбек жолын да сол жерден бастайды. «Мұғалім тек бағыт беруші» дегендей, ұстаздары шәкірттерінің логикасын ашып, жол көрсетеді. Қалғанын ары қарай өзі ізденіп, заманның ағымына қарай білгенін тереңдете түседі. Кейін тұрмысқа шығып, ана атанып, үй тіршілігінде жүрсе де сүйікті кәсібімен қоштаспайды. Еңбек ептілікті сүйетінін ескеріп, үйде отырып-ақ тапсырыстар қабылдай береді. Бұл игі мақсатына өмірлік жары мен ата-енесі барынша қолдау танытады. «Тігін тігу өнері – махаббат пен сұлулыққа деген құштарлық жиынтығы» деп бекер айтылмаса керек, сұлудың мүсінін айшықтайтын жарасымды киімдерге деген сұраныс күннен күнге арта береді. Нәтижесінде жеке тігін ательесін ашады. Екі жыл қатарынан аудан тұрғындарынан бөлек Алматыдан да келетін клиенттерге қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан шеберхана нағыз ісмерлердің ошағына айналғандай.
Барлық жастағы ерлер мен әйелдерге қажетті киімдерді тігеді. Екі ауыл қарайтын ауылдық округтің тұрғындарынан түсетін сұраныс жақсы. Келушілерді жылы қабағымен қарсы алып, дене-бойларын өлшеп алып, қажетті материалдарын кесіп, пішіп тігуге дайындап жатқан да Масуданың өзі.
– Тапсырыстардың көптігінен үлгере алмай кеттім. Сосын тәжірибелі деген екі кісіні жұмысқа тарттым. Бірден кең көлемді тапсырыстар да түсе бастады. Ең үлкен тапсырысты бір кафеден алдық. Оларға арнаулы жұмыс киімдерінен бөлек дастархан, қасық-шанышқаға арналған қалташа да тіктік. Сонымен қатар қалыңдықтың көйлегі мен ұзатуға арналған қазақша киімдерге тапсырыс көп түседі. Арасында әскери киімдер де тігеміз. Қысқарту, жамау, пішу жұмыстарын да атқара береміз.
Масуданың қарамағындағы Гульзара Юнусова мен Гульмира Масимова 30 жылдан астам еңбек өтілдері бар тәжірибелі тігіншілер. Сонау 80 жылдардың аяғында бастаған кәсіптерін бүгінге дейін жалғастырып келе жатқан шеберлер жастарға жол көрсетуден ерінбейді. Өздері де әлеуметтік желің арқылы қазіргі сәндік киімдермен танысып, жастардың талғамынан шығатындай қызмет көрсете алады. Ісіне шын берілген ісмер де әділ басшы, жас та болса бас бола білген Масудаға алғыстары шексіз. Бірі пішіп, бірі тігіп, бірлесе жұмыс істеп келе жатқан тігіншілер болашақта шеберхананың жұмысын жандандыруға бар күштерін салмақ. Өте кірпияздықты талап ететін мамандықта психолог та бола білеу керек дейді олар.

– Бізде бос уақыт деген мүлдем жоқ. Және көбінесе әйелдер келетіндіктен ол кісілерді мұқият қарсы алмасақ болмайды. Көңіл-кейлері құбылып тұратын ол кісілерге қандай мата түрін, пішінін айту керектігін алдын ала сезе білуің керек. Яғни психологтың рөлін ойнайсың. Ақшадан бұрын адамның көңілі маңызды деп білемін, — дейді бесағаштық белсенді кәсіпкер.
Жұртына жайлы қызметтерін ұсынып, көптің алғысын арқалап келе жатқан ательенің қызметкерлері   бар ынта-ықыласпен істеген іс қисық болмайтынына сенеді. Ең бастысы қызмет түрлерін адалдықпен, тазалықпен ұсына біледі. «Жіптің инесіз күні жоқ болса, бізге де тігіншіліктен басқа жұмыс жоқ» деп сөзін түйіндеген шеберлердің ісіне сәттілік тілеп аттандық.
Меруерт Мәулетқызы,
тілші
@meruertbolek