ТАМАҚҚА ҚАТЫСТЫ ЖАНЖАЛДАН СОҢ 3 АТА-АНА БАЛАСЫН АЛЫП КЕТТІ!!!

ТАМАҚҚА ҚАТЫСТЫ  ЖАНЖАЛДАН СОҢ 3 АТА-АНА БАЛАСЫН АЛЫП КЕТТІ!!!

Талғар қаласындағы №3 балабақшадағы тамаққа қатысты жанжалдан соң меңгерушінің қатаң сөгіс алғаны белгілі. Басы дауға қалған басшы өз кезегінде балалардың тарелкесіне сылдыр сорпа құйылғаны үшін екі аспазшысына, әдіскері мен психолог маманына қатаң сөгіс жариялап, жазалаған. Айтуынша, дәл сол күні коронавирусқа қарсы екпе алып, денсаулығына байланысты балалардың түскі тамақ ішетін уақытысында кетіп қалған. Осылайша, сорпада еттің болмай шыққанына басшы ғана емес, тағы төрт адам «кінәлі» болып шықты. Жарайды делік!

Талғардың атын бүкіл елге танытқан бұл жайттан соң аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы балабақшаның балаларға беріп отырған тамағын тексереді деп хабарланған еді. Десе де, мұның өзі оңай шаруа болмайын деп тұр. Өйткені, тексеруге мораторий жарияланған. Болған жайтты ізін суытпай, ақ-қарасын анықтауға осы қолбайлау. Дегенмен, қазанды да жабулы күйінде қалдыруға болмайды. Сол себепті де, ауданның бас санитар дәрігері Бексұлтан Успанов облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне, ал олар өз кезегінде Комитетке тексеруге рұқсат сұрап, хат жіберіпті. Яғни, санитар дәрігерлер Нұр-Сұлтаннан жауап күтіп отыр. Дегенмен, «рұқсат сұрау» рәсімі мұнымен бітпейді. Комитет келісімін берген күннің өзінде, басқарма облыстық прокуратураның «есігін қағуға» мәжбүр. Себебі, Комитеттің рұқсатына да «рұқсат» керек екен. Яғни, Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитетінің облыстық прокуратурадағы басқармасы СЭС жүргізгелі жатқан тексерістің заңдылығын қарайды. Егер санитар дәрігердің талабы заңды болса, сонда ғана видеоға түскен жайт бойынша тексеру басталады. Оны да күтелік!
Ал болған жайттан соң балабақша ұжымы ата-аналардың көңілін табуға барынша тырысып жатырмыз дейді. Атап айтқанда, ата-аналардың чатына балалардың таңғы, түскі, кешкі асын суретке күнделікті түсіріп жібереді екен. Онымен қоймай, жасыл статусы бар 2-3 ата-ана комиссия ретінде келіп, тамақты қарап кететін көрінеді.

Ата-аналардың айқайынан соң таяқтың бір ұшы тиген аспаздар сорпаға ет салғандарын айтып, ант-су ішіп отыр. Айтуларынша, олар біріншіге тауық етінен манпар пісіріп берген. Бірақ, әлдеқандай жағдаймен тарелкелерге ет түспей қалыпты.
— Біз балалардың тамағына ерекше көңіл бөлеміз. Талапқа сай ет тағамдары, көкөністер, дәрумендер, сүт тағамдарын пайдаланып барынша сапалы әрі құнарлы аспен тамақтандыруға тырысамыз. Ал келеңсіз жағдай орын алған күні денсаулығыма байланысты жұмыста болмаған едім. Балалардың тамағының сапасын қадағалай алмай, назардан тыс қалдырып алдым. Бұндай жағдайға енді орын бермейтін боламын,- дейді кінәсін мойындаған балабақша меңгерушісі Жазира Алдатаева.
Талғар аудандық білім бөлімінің мәліметі бойынша, жан басына шаққанда қалада орналасқан балабақшаға бір балаға 2021 жылы бөлінген қаражат 37 527 теңге. Оның 30 026 теңгесі жергілікті бюджет есебінен, ал қалған 7 501 теңгесі республикалық бюджет есебінен. Аталған қаражат қызметкерлердің еңбекақысы, өтемақы төлемдері, әлеуметтік салық, медициналық, коммуналдық және өзге де төлемдерге жұмсалады. «№3 балабақша екі бағытта қаржыландырылады. Атап айтқанда, 100 бала мемлекеттік тапсырыспен, ал қалған 150 бала жергілікті бюджеттен. 2021 жылы барлығы 120 млн 651 мың 950 теңгеге келісімшарт жасалынды» делінген аудандық білім бөлімі берген мәліметте. Ал бүлдіршіндердің тамағы болса, ата-аналардың балабақшаға ай сайын төлеп отырған ақысы есебінен сатып алынады екен. Балабақша меңгерушісінің айтуынша, ата-аналар әр балаға 12 700 теңге төлейді.
«Күніне негізгі үш мезгіл тамақ пен қосымша тағы бір мезгіл дәрумен, жеміс пен тәттісі берілетінін ескерсек, бір балаға күніне 577 теңге жұмсап отырмыз», – дейді Жазира Алдатаева.
Бұл оқиғадан соң «балалар қалай тамақтанып жатыр?» деген сұрақ кімді де болса мазалайтыны анық. Өзіміздің көргеніміздей, түскі асқа балаларға біріншіге ет қосылған сорпа, екіншіге қаймақ қосылған түшпара, лимонмен шәй, салат және нан берілді.

Сондай-ақ, меңгеруші ата-аналар балабақшаға санитарлық талапты сақтамай кірді дейді. Айтуынша, ата-аналардың аяқ-асты тексерісіне қарсылық болмаған. Дегенмен, карантинге байланысты күзетші тек бір ананың кіруін өтінген. «Ата-аналарға бекерден-бекер айып тағып отырған жоқ па?» деген күдікпен сол күні түсірілген бейнебақылау жазбасын өз көзімізбен көрейік деп шештік.
Таспадан көргеніміздей, бетпердені бірі кисе, бірі кимеген. Тіпті, бахилді де тек бір-екі ата-ананың жүре кигенін байқадық. Күні-кеше ғана бас санитар дәрігер балалардың көптеп ауырып жатқандығын, әсіресе, ересектердің қауіпсіздік шарасына жүрдім-бардым қарауы салдарынан ауру жұқтырып жатқанын айтып, елге үндеу жасаған болатын. Бұл жағдайда, ата-аналардың карантин талаптарына бей-жай қарауы бізді де қынжылтты.
Белгілі болғандай, сорпадан шыққан айқай-шудан соң 3 ата-ана баласын басқа балабақшаға ауыстырып жіберіпті. Үшеуі де балабақшадағы тамақты таспаға түсірген ата-аналар.
Перизат Нұрқаева,
тілші
+77714424604
@peri.nurkaeva