Ер есімін елі ұмытпайды!

Ер есімін  елі ұмытпайды!

Талғар ауданындағы Нұра ауылын қай кезде де бірлігі тарқамаған берекелі ауыл ретінде танимыз. Берекелі деп екпін түсіріп айтуымыз да бекер емес.

Осыған дейін ұлттық дүниетанымымен танылып жүрген нұралықтардың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына деген тартуы да ерекше болды. Атаулы күн қарсаңында ауыл тарихына тағы бір мәрте шолу жасап, Отан үшін қасық қаны қалғанша айқасқан соғыс ардагерлерін түгендеп, атаусыз қалған әруақтар алдындағы ұрпақ парызын есте қаларлықтай атқарды. Яғни, Нұра ауылынан Ұлы Отан соғысына аттанған   400-дей  жауынгердің есімі жазылған еске алу тақтасын салтанатты түрде ашты. Ауылдық Мәдениет үйінде ашылған тақтаның игі шарасына ауылдың үлкен-кішісі жиналып, ардагерлердің рухына біркісідей құрмет көрсетті. Жақсы іске жұрт болып жұмыла кетуді сабақтасқан салтқа айналдырғандықтарын осыдан-ақ байқауға болады. Лента қию рәсімі Ұлы Отан соғысының ардагері Дәулетқұл Қаңтарбайұлының жары Мария Қалиқызы мен Ұлы Отан соғысының ардагері, 28 Панфиловшылардың қатарында болған Бәкір Аянбековтің баласы Алдаберген Бәкіровке тапсырылды. Тақта басында соғыста қаза тапқан сарбаздар бір минут үнсіздікпен еске алынды. Нұра ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Айдар Атеев пен Нұра ауылдық аналар кеңесінің мүшесі Бақытгүл Шукаева сөз алып, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет екенін айта келіп, осы бастаманы қолға алған ауыл азаматтарына алғыстарын білдірді.
Бастама демекші, ауылдың кем-кетігін түгендеп, жыртығын жамап, тұрмысын базарлы етуге бар күшін жұмсап жүрген азаматтардың қатарында Нұра ауылдық Мәдениетін үйінің директоры Семейхан Даривханды айтсақ, қателеспегеніміз. Жас та болса ию-қиюы зор, даңғазасы мол қалаға кетуге құмартпай, тұрған жерінің түтінін түзу түтетуді жөн көрген Семейхан ауылдың ажарын тайдырмай, көпке үлгі болар істің басында жүреді. Өлкенің бар-жоғын түгендеуге мұрындық болып жүретін азамат бұл жолы да ізгі іске ұйытқы болған екен. Ер есімдері ел есінде болу керектігін алға тартып, тақтаның жасалуына себепші болған азаматтың жарқын ісіне риза болған ауыл үлкендері баталарын беріп, иығына шапан жапты.

– Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары сиреп барады. Біз елімізді, жерімізді жау тырнағынан алып қалған барлық ардагерлердің есімін жадымызда қалдыру үшін соғысқа қатысқан азаматтарды түгелдеп, мереке қарсаңында аты жазылған еске алу тақтасын ашуды дұрыс деп таптық. Бұл да бір жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеудің бір үлгісі деп білемін, — дейді Семейхан Даривхан мырза.

Шара соңында ауылдықтарға ардагерлердің ұрпақтарымен бірігіп ас беріліп, қатымханада Құран бағышталды.

Меруерт Мәулетқызы,
«Талғар»