Талғар тамашалары суретшілер көзімен

Талғар тамашалары суретшілер көзімен

Талғардың тамаша тұстарын жырға, өлеңге қосқан қаламгерлерден бөлек сұлу табиғатын кестелеген суретшілерден де Талғар өңірі кенде емес. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Талғар тамашалары» атты аудандық байқау сондай суретшілердің басын қосты. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастыр­ған байқауда үміткерлер «Тәуелсіздік» және «Талғар» тақырыптары бойынша екі туынды ұсынуға тиіс.

 

Қоршаған ортасын, тәуелсіздік жайлы дүниетанымын, қиялының ұшқыр ойларын қағаз бетіне түсіруге талпынған суретшілердің таңдап алған тақырыптары бүгінгі қоршаған орта секілді жан-жақты, әрі сан бояулы болды. Таңдаған суреттері сай графика, майлы бояу, акварель, гуашь, акрилді қолданған. Берілген тақырыптарды қылқаламмен жансыз сөйлете білген 88 қатысушының ішінен аса шеберлік пен талантты ұштастыра білген 12-сі жүлделі орындарға ие болды. Жарыс ұйымдастырушылары талғамы таудай суретшілердің қиялына қанат бітіріп, алдағы уақытта да еркін қалықтау  мақсатында жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттады. Тәуелсіздік күні қарсаңында аудандық Мәдениет үйінің фойесінде жиналған көрермендер алдында оларға «Алғыс хат» пен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жарыс нәтижесі бойынша бас жүлдені Ақжол Жабағиев жеңіп алды. Ал І орынға Әбіш Естемес пен Әлихан Қадырұлының суреттері лайық деп танылса, ІІ орын Жазира Сүлейменова мен Бекнұр Қатеске бұйырды. Саяра Алтынбек, Айару Мұратқызы, Роман Азизов ІІІ орын иегерлері атанды. Сонымен қатар Меркенбай Аяжан, Марлен Абылқасым, Бақыт Іңкәр, Иманбаева Гаухария, Мұстафина Н., Азаматұлы Ерасыл, Жақсылық Тимур, Тұрғанбай Айсель ынталандыру жүлдесіне ие болды.

Меруерт Мәулетқызы,
«Талғар»