Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет атқара бастағанына да 30 жылдың жүзі болды. Сол жылдары дүние есігін ашқан сәби бүгін орда бұзар жасқа толды Бұл-тілдің қолданылу аясын кеңейту үшін қысқа да кезең емес екені түсінікті. Тіліміздің кеңінен қанат жайып өркендеуі де өз қолымызда. Алайда, біз осы уақыт ішінде қынаптан суырып алған қылыштай өткір, бойға қуат, көңілге медет болатындай саф, таза, терең мағыналы да көркем тілімізді шұбарлап, қиянат жасағандарды кездестірдік
Оны өзге емес, қазақы ортадан көріп жүрміз. Мәселен, отбасындағы тәрбиенің бірі-балаға ат қою. Ат қоюдың өзінен де бүкіл бір халықтың ұлттық ерекшелігі, таным –түсінігі, ой-арманы ап-айқын көрініп тұрады. Ертеректе халқымыз батырлар жырындағы халық батырлары мен тамаша аруларды немесе ақыл-парасаты мол ақын, шешен, күйші, құсбегі, зергерлердің есімін баласына қоюы да ізгі ниеттен туған. Ал, қазір ше? Өздері көріп жүрген шетел киносының кейіпкерлері «Диана, Даяна, Рояна» сынды есімдер мен мән-мағынасы өздеріне де, өзгеге де түсініксіз есімдердің көбейіп кеткені рас. Ұлы ақын Абай:
Бөтен сөзбен былғанса, сөз арасы,
Ол ақыннның білімсіз бейшарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы, — дейді.
Ұлы ақын Абайдың қойған талабына құлақ асып жүрміз бе? Өз тіліңді құрметтеуге үйрен. Тіпті аты-жөніміздің дұрыс жазылуына мән беруіміз қажет. Өйткені «Ізбасар» деген есімді Кеңес үкіметі тұсында төлқұжатқа «Избасар» деп жазып жіберген есімдер әлі күнге дейін қалып қойды. Асыл сөздің қоғамдағы тәрбиелік мәніне халқымыз ерекше назар аударып, «Ақылдың көзі-аталы сөз» деп ұққан ата-бабамыз сөйлей білуді үлкен өнер деп санаған. Қазір қалай жазса, солай сөйлеп жүргендер көбейіп бара жатыр. Мысалы «жарғанат», «қыргүйөк», «көгөніс» деген сөздерді жазылуы бойынша «жарқанат», «қыркүйек», «көкөніс» деп айтқандарды құлағымыз шалып жүр. Кез келген тілдің жүйесінде дұрыс айту тәртібі бар. Қазақ тілінің үндестік заңдылығы сақталғанда ғана тіліміздің әуезділігі сақталады.Тілдің анықтылығы тілді терең және саналы оқып үйрену барысында, қоғам мен отбасында сөзді дұрыс қолданушылардың ықпалы арқасында, ана тілін құрметтейтін ортада өскендіктің әсерінен және әдеби шығармаларды үзбей оқу үстінде шыңдалады. Ал қазір технологияның қарыштап тұрған заманында кітап оқитын оқырманның сиреп бара жатқаны рас. Иә, бұған кейбіріміз ақпараттың көптігі және қауырт жұмыстың бітпейтіндігін айтып ақталамыз, алайда уақыттың көбін әлеуметтік желіге жұмсап жүрміз. Ұлы ақын Абайдың кемелдену жолы бала кезінен «Бұрынғыда кім өткен ?» -деп әжесінің ертегісін тыңдап, Барлас ақынның жырымен сусындап өскендігінен басталады емес пе ?
Сөйлеген, сөйлескен кісінің үнінде адам ойының нақышты бедері ғана емес, ойдың өзі көлбеп көлденең тартылады. Осы орайда сөздің оңы мен терісіне, өңі мен астарына мән беріп, мағыналы сөйлеу маңызды. Татулыққа тамыр, тазалыққа нәр, пәктікке пәрмен болатын қанатты сөздерді ескеріп, мақал-мәтел, нақыл сөзден өнеге алып, асыл мұрамызды дәріптеу міндетіміз. Ана тілімізді аттың жалында, атанның қомында жүргенде де жоғалтпай, шұрайлы да көрікті қалпында ата-бабамыз кейінгі ұрпағына аманат етті. Ендеше, сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»