«Көк туыңды желбірет»

«Көк туыңды желбірет»

Талғар өңірінен шыққан руханият өкілдерінің ардақты есімдерін, олардың рухани мұраларын кейінгі ұрпаққа насихаттап отыру – баршамыздың ортақ парызымыз. Өйткені, біздің рухани кемелдену мұратымыз аса биік болуы керек. Осы жолда толымды  шаруалар атқарып келе жатқан аудандық кітапхана жуырда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және бір әдеби-рухани кештің өтуіне ұйытқы болды. Еңбек жолын ұстаздық қызметпен бастап, кейіннен поэзияға біржолата бет бұрған талғарлық ақын Карбоз Дәулетхан Әбілмәжінұлының «Көк туыңды желбірет» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Іс-шараға республикалық «Qazaqstan Dauiri» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы, орынбасары Жанбақыт Борантаев, Талғар, Райымбек ауданда­рының «Құрметті азаматы», журналист, ақын, драматург Мұса Жанәділов, ауданымыздың «Құрметті азаматы», ақын, сазгер, Білім беру ісінің үздік қызметкері Камнұр Тәлімұлы, ақын, ауданымыздың «Құрметті азаматы», Кеңдала ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Бексұлтан Көлбаев, ҚР жыршы-жырау айтыс ақындары одағының мүшесі, айтыскер-ақын Даубай Мамытұлы, ақын Бақыт Бұхарбек, жазушы-этнограф, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Нұрлан Сәрсенбаев, кітапхана директоры Махамбет Хармысов, ақын, «Алаш» төсбелгісінің иегері Мақсат Ережеп, ақын, бірнеше жыр жинағының авторы Амангелді Сарбасов, әл-Фараби атындағы орта мектептің ұстазы, сазгер Қажымұрат Ибрагимов, №8 мектептің ұстазы Рая Әбдікерімова, №16, №4, №8 мектептердің ұстаздары мен оқушылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Кеш ақын жайлы бейнеүзікпен бас­талды. Кешке жиналғандар Дәулет Әбілмәжінұлының өмір жолына қарап туған елінің болашағы үшін аянбай тер төккен майдангер ақын екендігіне қанықты. Ұстаздықтан басталған еңбек жолы ақындыққа ұласып, сазгерлікпен жалғасқандығы кеш иесінің жан-жақтылығын байқатса керек. Іс-шараның келесі кезегі әнші Қ.Ибрагимовтың орындауындағы әнін де, сөзін де Д.Карбоз жазған «Астананың ақ түні» әнімен жалғасты. Сөз кезегін алған қонақтар ақын ағаларының үш қырына тоқталып, ұстаздық қыры мен шығармашылығы жайлы әңгіме шертіп, өлең сүйер қауымға жол тартқан еңбегіне сәт сапар тіледі. Ал студенттік сәттерді бірге өткізген замандастары сол кездерден естелік айтып, небір әсерлі әңгімеге бөледі. Әрине ақынның кеші болғандықтан поэзиясына сапар шекпеу тым әбестік болар еді. Ұйымдастырушылар да ол жағын қадағалауды ұмытпапты. №16 мектептің оқушылары Әлия Жоламанқызы мен Ұлжан Серғазы (жетекшілері Дария Ерболатова), ақынның оқырманы Айнаш Әлдибек, сондай-ақ ақынның немересі Абылай Дәулетхан ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқып, шара көркін қыздыра түсті. Ұстаздық ете жүріп өнерден құралақан емес Рая Әбдікерімқызы мен аудандық оқушылар шығармашылық үйінің қызметкері Рашид Әбенов ақынға тілегін арнап, әндерін шырқады. Ақын Бексұлтан Көлбаев жылы лебізімен қатар ақынның иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ризвангүл Төлегенқызы тақырыптық кітап көрмесімен таныстырып, оқырмандарды өлең әлеміне сапарлатты. Салтанатты жағдайда тұсауы кесілген кітапты автор қолтаңбасымен кітапхананың қорына және шараға арнайы шақырылған әр мектептің кітапханашыларына тарту етті. Үш бөлімнен тұратын жинақтан ақындық парызын адал атқарғандығын байқауға болады. Алғашқы бөлімге сөзін де, сазын да өзі жазған әндері топталса, екінші бөліміне арнау өлеңдері жіктеліпті. Ал патриоттық рухты көтеретін өлеңдерді үшінші бөлімге орналастырыпты. Бұл жинақтың жас ұрпаққа берері мол екенін сөз еткен қонақтар кештің әсері бөлек екендігін айтып, естелік суретке түсіп тарқасты.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»