Туған жерге туыңды тік

Туған жерге  туыңды тік

– Құрметті Қайдар Әлиханұлы! Өзіңіз бірінші басшы болып келген қысқа ғана мерзім ішінде істелген шаруалар мен алдағы уақытта атқарылатын ауқымды жұмыстардың жоспарымен таныстыра кетсеңіз.

– Талғар қаласы мен ауданы мен үшін бөтен емес. Себебі мен осы ауданда туып өстім. Сондықтан да «Туған жерге туыңды тік» деген дана халқымыздың өшпес өсиеті үнемі есімізде тұрады ғой. Жалпы мен әкімшілік қызметімді 2017 жылдың наурыз айынан Кеңдала ауылдық округінің әкімі лауазымынан бастадым. Бір жылдан астам уақыт өткеннен соң Талғар ауданы әкімінің орынбасары болып ауыстым. Содан бері де міне бес жылдан астам уақыт өте шығыпты. Биылғы жылдың наурыз айынан бастап Талғар ауданы әкімінің қызметіне кірістім. Ауданымыз үлкен. Қай жағынан алып қарасақ та, Алматының іргесіне тиіп тұрған ірі аудан орталығы болып табылады. Тұрғылықты халқының саны жағынан да ең алдыңғы қатарда.
Алдымызда шешімі кезек күттірмейтін күрделі мәселелер жетіп артылады. Соның ішіндегі ең бірінші болып қолға алып жатқан жұмысымыз ауыз судың мәселесі. Су- тіршіліктің қайнар көзі. Осы саланың өзіне облысымызды басқарған Амандық Ғаббасұлы Баталовтың қолдауымен бүгінде 16 млн. теңге қаржы бөлінді.
Бұл қаражат тек жер асты суларын тексеріп, зерттеу жұмыстарына ғана бағытталмақ. Құдай қаласа алдағы қысқа уақыттың ішінде үлкен-үлкен 4 су қоймасын салғызып, сонау Бесағаш ауылынан бастап күллі Талғар қаласы және Кеңдала ауылы мен оның жанындағы саяжай тұрғындары түгелдей сапалы да таза ауыз суымен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар аудан, қала тұрғындарын газбен қамту жұмыстарын да жедел қолға алып жатырмыз. Бүгінгі таңда тұрғындардың 63% ғана газбен қамтамасыз етілген болса, енді әрі кетсе 5 жылдың ішінде барлық елді мекен тұрғындарын 100% ға қамтуға толықтай негіз бар деп сеніммен айтуға болады.
Ал екінші бір күрделі мәселеміз қаладағы су құбырларын ауыстыру. Сонау Кеңестер Одағы кезіндегі 1974 жылдан бергі шойыннан жасалған құбырлардың бүгінде әбден тозығы жеткені белгілі. Соларды бір толықтай жаңартып ең кемінде елу жылға жететіндей сапамен жөндеуден өткізсек деп отырмыз.Сондай-ақ аса маңызды жұмыстың бірі жол мәселесі болып отыр. Бүгінде Талғар ауданы бойынша 1097 шақырым жол ұзындығы айқындалды. Ал соның 39% ғана асфалтьталған екен. Бұл әрине өте аз көрсеткіш. Осы үстіміздегі жыдың желтоқсан айында облысқа ауданның бюджетін қорғауға барамыз. Сол кезде осы жол мәселесіне байланысты үш еседен бес есеге дейін көбейтіп қаржы сұраймыз деп отырмын. Алматы мен Талғардың арасында күніне елу мыңнан астам адам барып-келіп жұмыс істейді екен. Енді 2022 жылдан бастап Республикалық қолдаудан өтіп облыс басшысының келісімімен Алматы-Талғар тас жолының кеңейту жұмыстары да қолға алынып, үлкен жол құрылысы басталғалы тұр. Білім беру мен денсаулық сақтау саласы да күнделікті халық санының өсуімен байланысты ұлғайып отыратын күрделі мәселе ғой.
Мен келгенде үш ауысыммен оқитын мектептің саны үшеу болса, аз уақыттың ішінде бүгінгі күні жетіге жетіп отыр. Соңғы уақыттағы статистика бойынша аудан халқының санын 212 мың десек, жаңа санақтың қорытындысы бойынша 340 мыңға жеткенінің куәсі болдық. Сол үшін ең аз дегенде ауданымызда он жаңа мектеп салынуы қажет болып отыр. Медицина жағынан да қолға алатын жұмыстар жеткілікті. Аудандық аурухананың жекешеленуіне байланысты медициналық реабилитациялық орталықтардың ашылу қажеттілігі туындауда. Орталық Абай көшесінің бойындағы істемей тұрған ескі балабақшаның құрылыс жұмысын қолға алып, осы орталықтардың санын арттыруымыз қажет. Сонымен қоса халыққа ең керегі тұрғын үй мәселесі екені белгілі. Сол үшін көп қабатты үйлер салудың маңыздылығы ерекше. Осыған байланысты Талғарда бұрын соңды салынбаған тоғыз қабатты тұрғын үйлердің құрылысын қолға алып жатырмыз.

– Қайдар Әлиханұлы, туған ауданымыз Талғардың бүгінгі және болашақтағы келбеті туралы толымды әңгімелер толғадыңыз. Біздің тұрған жеріміздің табиғаты мен көріктілігі жағынан ерекше мақтанып айта алатындай аймақ болғандықтан туризмді дамыту саласына да тоқтала кетсеңіз.

Өте дұрыс айтасыз. Біз туған жер,біз тұрған жер Талғар өлкесі жасыл желекке оранған жанға жайлы, ауасы таза таулы аймақта орналасқандықтан да еліміздің экономикасын көтерудің тағы бір қайнар көзі болып табылатын туризм саласының қарыштап қадам басуына бар күшімізді саламыз.Тарихы терең Талғарымыздың тамырына терең бой жіберіп, келешегіне ой жіберу дегеніміз жас ұрпақтарымызды ел сүйгіш, Отан сүйгіштік рухта тәрбиелеудің ең тамаша жолы болып табылмақ. Бұл салада бүкіл елімізге белгілі бәріміздің мақтан тұтатын «Ақбұлақ» спорттық сауықтыру кешеніміз бар. «Ақбұлақтың» жанындағы «Солдатсайда» ат спортымен айналысатын үлкен ипподром бар. Талдыбұлақтан сол спорттық сауықтыру кешеніне төтеден шығып кететін тоғыз шақырымдық тас жолының игілігін бүгінде халық көріп отыр. Бесқайнар ауылында «Ойқарағай» деген тамаша жеріміз бар. Сол «Ойқарағайда» «Лесная сказка» «Орман ертегісі» деп атасақ та болады, ұзындығы 30 шақырымнан асатын шаңғы тебетін жолдар салынды. Бұл жұмыстардың барлығы «Туристік кластер» бағдарламасы бойынша үкімет басшысының қолдауымен «Жол картасы» жобасының аясында іске асырылып жатыр. Міне осындай облыстық қана емес республикалық деңгейде үкімет басшысының тікелей қолдауымен қолға алынып жатқан жақсы бастамаларымыз бен жағымды жаңалықтарымыз жанымызды жадыратып, сүйікті Талғарымыздың келешектегі келісті кескіні мен келбетін көз алдымызға алып келгендей әсерленеміз.

– Қайдар Әлиханұлы, енді мынау үстеліңіздің үстінде «Талғар» газеті жатыр екен. Күнделікті ел игілігі үшін атқарып жатқан іс-шараларыңызды халыққа жеткізетін осы газет болғандықтан, мен өзім журналист ретінде, әрі газеттің жанашыр оқырманы ретінде де зерделеп, зерттеп қарасам мына көршілес аудандағы «Еңбекшіқазақ» газетінің таралымы 6000, Қарасай аудандық «Заман жаршысы» 8000, ал біздің 86 жылдық тарихы бар «Талғар» газетіміздің мың данаға да жетпей қалуын қалай түсінеміз? Бұрынғы кездері орыс және қазақ тілдерінде жеке- жеке әрі аптасына үш реттен шыққанда да мұндай күйге түспеген. Ал енді бүгін аптасына бір- ақ рет екі тілде бірдей шығатын, 340 мың халқы бар ауданымыздың сіз басқарып отырған тұста үн парағының үнінің өшуге айналуы өкінішті-ақ. Сіздің халыққа деген үніңізді жеткізетін басылым ғой бұл.

– Иә, газет мәселесі жөнінде де сізге айта кетейін. «Талғар» газеті биыл аукцион арқылы жекеменшікке кетіп қалды. Оларды сатып алған жігіттермен сөйлесіп, біраз жоспарлар да құрып қойғанбыз. Олардың зерттеуі бойынша «газетті ешкім оқымайды» дейді. Мен де оларға «газетті біржолата жойып, жоғалтып жібермеңдер» деп айтып жатырмын. Заманға сай қарап, оқырмандарын көбейту үшін электронды нұсқасына шығып кетуіміз керек дейді. Электронды нұсқадан ұтатымыз сол, ол аудан, республика көлемінде ғана емес бүкіл әлем бойынша таратылатын болады. Оның таралу мүмкіндігі мен оқырмандарды қамту ауқымы анағұрлым артып, беделі биіктей түседі. Содан оларда екінші бір үлкен жоспары журнал жасап, газетті сол журналға қосымша етіп шығарсақ дейді. Әуе жолдарымен жүргенде қалталарына салып қойып, санын ғана арттырып қоймай сапасын да жақсартып, туристік кластерге байлап қойсақ ең тиімді жол осы болмақ деп отыр. Газетті біржолата жойып тастамай, қайта сапасы мен санын арттырып, заманауи қажеттілікті өтеуге күш салыңдар деп жатырмын.

–Рақмет Қайдар Әлиханұлы! Мұндай кездесулеріміз жиі-жиі бола бермейді ғой. Сізге айтайын деп отырған бұл енді сауалым емес, менің сізден сұрайтын өтінішім деп біліңіз. «Ауданымызға жаңа басшы келгелі орыс тіліне басымдылық беріліп барады. Жиын- жиналыстардың барлығы тек орыс тілінде өткізіледі» деген халықтың өкпе-наласының болғанын да жасыра алмаймыз. Қазақта сөз бар ғой «Қасқа айғырдың баласы қасқа болмаса да, төбелі тартып туады» деген. Мен білетін ел құрметіне бөленген Әлихан ағамның баласы қалайша қазақша білмейді деп сенбегем. Бағанадан бері көп нәрсенің басын біріктіріп, қазақша емін-еркін ой толғадыңыз. Әсіресе тіл төңірегінде өзім ойлағандай көп нәрсеге көзім жетіп, қуанып та отырмын. Бұл бір. Енді екіншіден менің сізден өтінішім барлық деңгейдегі жиын-жиналыстарыңызды тек қазақ тілінде өткізіңізші. Бір орыстың түрін көріп, соның ғана көңіліне қарап ығына жығылып, бірден орысшаға бейімделіп кететін жалтақтығымызды доғарайықшы! Бұл күнде 65% ауданымызда таза қазақ ұлтының өкілі болса, оған қазақша сөйлегенде кейбір қазақтардың өзін жаңылыстырып кететін ұйғыр, түрік, күрт, орыс , дұнған секілді басқа да ұлт өкілдерін қоссақ 85-90% дан асады екен. Ал осындай көрсеткішіміз бола тұра, мемлекеттік тілде сөйлемеуімізді жұртқа не деп түсіндіре аламыз? Бұл кешірілмейтін күнә. Қазақтың қазақ тілінде сөйлемеуі, сөйлей алмауы қасірет. Сіз аудандағы бірінші басшы болғаннан кейін бүкіл жұрт сіздің аузыңызға қарайды. «Ұлығың соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» дегенді дана халқымыз босқа айтпаған ғой. Сіз қазақша сөйлесеңіз басқалары сайрайды. Аудан халқының қазақша сөйлеуіне сіздің ықпалыңыз ерекше жоғары болатыны даусыз.

– Жақсы. Өте дұрыс айтасыз. Әрине сөйлеймін. Менің де намысым бар ғой. Мен оқуды орысша бітіргеннен кейін, осының алдында 5 жыл Қостанайда қызмет істеп келдім. Ол жерде көбінде орысша сөйледік. Енді қазақша сөйлеп жатсақ бір сөздерді дұрыс айта алмай қаламыз ба деп ұялып, намыстанып қалатынымыз да рас.

 

– Ол жағынан ешқандай да намыстан­баңыз. «Көре-көре көсем боласың, сөй­лей-сөйлей шешен боласың» деген ғой. Қате болса да қазақша сөйлеңіз.Сіздің алдыңыз да қазақша дұрыс сөйлей алмайтын талай-талай басшылар келіп, төселіп кеткендері соншалық, қазір мақалдатып, мәтелдетіп сөйлегенде анау-мынау қазақша оқығандарды жаңылдырып, жарым жолға қалдырып кеткендерінің де куәсіміз. Бұл сіздің анаңыздың тілі ғой. Сіз бен біздің анамыздың тілі. Еліміздегі мемлекеттік тіл. Ендеше осы тілде сөйлеп, көсегесін көгерту баршамыздың басты борышымыз. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесі қарсаңында тіліміздің мерейін өсіріп, беделін биік ұстайық!

– Дұрыс айтасыз. Біз үшін ең қымбат та, ең бағалы байлығымыз ата- бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсап өткен арманы- осы Тәуелсіздік болатын. Биылғы жылдың ерекшелігі сол Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесін бүкіл ел болып тойлап, атап өтуімізге де санаулы- ақ күндер қалды. Еліміздің татулығы мен бірлігін бекем ұстап, Тәуелсіздігіміздің туы желбіреп, мәңгілік ел болуымыз керек қой. Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатымыздың артып, келелі істердің кілтін тауып, келешектің қамы үшін тындырымды істер атқарып жатсақ, осының бәрі де ел тыныштығын сақтап, дамудың жаңа бағытына бет бұрғызғанда осы Тәуелсіздігіміздің арқасы деп білеміз. Бүгінде 30 жылдық мерекесін ел болып тойлағалы отырған Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз ғұмырлы болғай!

–Әмин! Айтқаныңыз келсін! Жас келсе іске деген ғой. Тәуелсіз елдің тұлғалы азаматы ретінде жалындаған жастық жігеріңізбен қажымай, талмай Талғарымыздың туын көкке желбірете беруіңізді АЛЛА нәсіп етсін!

Сұхбатты жүргізген Камнұр Тәлімұлы,
ақын, сазгер, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері,
«Халық мұғалімі»,
Талғар ауданының «Құрметті азаматы».