Азаматтықтың белгісі – жер мен тілді құрметтеу
Қалалық балалар кітапханасының оқу залында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Туған жер – тұғырың, туған тіл – қыдырың» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Камнұр Тәлімұлынан бөлек орталық оқытушысы Гүлнәр Мамырбаева, аудандық кітапхана директоры Махамбет Хармысов, жас жазушы-драматург Жақсылық Нұрболатұлы мен Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің ұстазы Жәнібек Бекбау бастаған студенттер қатысты.
«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары». Әйгілі Бейбарыс бабамыз шетте жүріп, туған елін сағынған шағында әрдайым туған елден алдырған жусанды иіскеп, сағынышын басқан екен. Сондықтан, әрбір азамат қайда жүрсе де жүрегінің түбінде туған жерге деген құрметін сақтау керек. Біз тәуелсіз Отанымыз Қазақстан деген елде бақытты өмір сүріп жатқан елміз. Алланың нұрына бөленген бақытты халықтардың біріміз. Әлемде тәуелсіздікке қол жеткізу үшін ғасырлар бойы күресіп келе жатқан халықтар бар. Солардың көпшілігі үшін азаттық таңы қол жетпес үлкен арманға айналып отыр. Әрбір Қазақстан азаматы елдің игілігіне, бірлігіне қызмет етіп, тәуелсіз елдің азаматы екендігімізді зор мақтан тұтуымыз керек», — деген Камнұр Тәлімұлының жігерлі сөздерімен ашылған кездесуде басқа қонақтар да тіл, дін, туған жер төңірегінде тебірене сөйледі. Әсіресе қазір қазақ тілі калькаланып кеткенін күйіне жеткізген Гүлнәр Мамырбаева аударманың өзіне сауаттылықпен қарау керектігін айтты. Қазақтың шұрайлы сөздері тасада қалмас үшін қазіргі буынның көркем әдебиетті көбірек оқуларына кеңес берді. Кештің мазмұнынан әсерленген қатысушылар да өз ойларын бүкпесіз айтты.
Жәнібек Бекбау, ТАжМК
арнайы пәндер оқытушысы:
–Азаматтық рухы бар ұрпақ тәрбиелеу үшін патриоттық тәрбиені насихаттайтын үгіт-насихат жұмыстарын үзбей жүргізіп тұру қажет. Біздің колледжде де үнемі жастарды Отанын, туған жерін сүюге шақыратын іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Адамның ішкі қазынасы туған тіліне, туған жеріне деген сүйіспеншілікке ұласса, ол адамның рухани деңгейінің биіктігі деп санаймын өз басым.
Таңшолпан Оразәлі,
ТАжМК студенті:
–Бабаларымыз бізге ұлан-асыр жерді, бай салт-дәстүрді мұраға қалдырған. Ал біз, жас ұрпақ – өз тарапымыздан отаншылдық руx пен туған жерге маxаббат сәулесін шашыратып алмай, үлкендердің үмітін ақтауымыз керек. Оның негізгі белгісі – бір-бірімізбен қазақша сөйлесуімізден көрінеді. Қазір қоғамдық жерлерде орысша сөйлесіп, одан қалса ағылшынша пікірлесіп жүрген замандастарымның көптігі жасырын емес. Бірақ та, «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын атамыз айтқандай, мәдениеттіліктің биік үлгісі – туған тіліңде сөйлеу деп білемін.
Меруерт Мәулетқызы,
«Талғар»