Үстіміздегі жылдың қазан айында «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты Бақыт Күрішбековтің бастамасымен Талғар қаласындағы бірқатар мекемелердегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустар тексеріліп, кемшіліктер анықталған болатын.
Аталмыш шара «Қазақстан Республикасында мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды бекіту туралы «ҚР Үкіметінің 28.05.2019 ж. № 326 қаулысы бойынша мүгедектер үшін объектілердің қолжетімділігін тексеру нәтижелері» бойынша жүргізілген. Арнайы космиссия құрамында аудандық мәслихаттың депутаттары Бауыржан Аукенов, Марат Алиманов, Жасұлан Айтқалиев, Роза Баракова, Сәуле Симамбаевалар мен Талғар қаласының қоғам белсендісі Клара Хасанова болды. Комиссия жұмысы барысында қаламыздағы мекемелердегі пандустардың жай-күйі, тактильді жолдардың жағдайы, Брайль қарпі бар маңдайшалардың болуы, қызметкерлерді шақыру қоңырауының талапқа сай болуына қатысты тексеру жүргізіп, бірқатар кемшіліктерді анықтап, акт жасаған болатын. Актіде анықталған кемшіліктерді түзету үшін арнайы мерзім көрсетіліп, мекеме басшыларына нұсқау берілген-ді. Жуырда «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты Бақыт Күрішбеков пен аудандық мәслихат депутаты, аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Айдар Сарипов осы акті аясында анықталған кемшіліктердің түзетілуін қадағалап, жұмысты қорытындылады.
Қайта тексеру барысында Талғар аудандық емханасында барлық талаптар ережеге сай сақталған. Тек пандустың көлбеуі төмен. Қазіргі уақытта емхананың қабылдау бөліміне құрылыс жұмыстары жүріп жатқандықтан бұл кемшіліктер құрылыс жұмыстары аяқталған уақытта түзетілмек. Ал, «ҚазТрансГазАймақ» мекемесінде сәуір айындағы анықталған кемшіліктерден еш өзгеріс жоқ. Ескертулер назарға алынбаған. Мекеме басшылығы ғимаратты жалға алып отырғандығын алға тартып, аталған мәселені шешу мақсатында ғимарат қожайынына хат жолдағанын айтты. Халық көп шоғырланатын халыққа қызмет көрсету орталығында 2 пандус (алыс, жақын) орнатылған. Жақын пандустың еңісі жоғары және тактильды жолдары жасалмаған. Мекеме басшысы мәселені шешуді қолға алып, басқарма басшыларына хат жолдаған. Алдағы күндері іске кіреседі деп сендік. Аудандық салық басқармасы, почта торабы, тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы, жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығы, «Қазақтелеком» мекемелеріне жасалған ескертуден еш нәжиже шықпаған. Бірінде пандустың резеңке жолын алып тастаған, төменгі кескіштері жоқ, көлбеу бұрышы өте жоғары, қысқа тактильді жол, қоңырауы жұмыс істемейтін болса, енді біреулерінде екі ғимаратқа бір пандус қойылған. Көлбеу бұрышы жоғары. Төменгі кескіштер, қоңырау, Брайль шрифті белгілер, тактильді жол, резеңке жабын жоқ. Бұл мекемелер де басқарма басшылары хат жолдағандықтарын айтты. Кемшіліктер қашан түзетілетіні белгісіз.
Ал,«Су құбыры» мекемесі барлық олқылықтарды жойған. Тек брайль қаріпі жоқ. «Марат» ӨК де кемшіліктерді түзеткен. Десе де, пандустағы көлбеу бұрышы жоғары, әрі төменгі тоқтау қауіпсіздігі сақталмаған. Аудандық ішкі істер басқармасы, аудандық электр торабы мекемесі, Талғар қаласының әкімшілігі анықтамадағы кемшіліктерді түземеген. Оны әрқайсысы әртүрлі себептермен түсіндірді. «Халық банк» АҚ, жер қатынастары бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімі барлық ескертулерді түзеген. Тексеру комиссиясы олқылықтарды жоймаған мекеме басшыларына тағы бір мәрте ескерту жасап, ендігі кезекте шара қолданылатынын айтты.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»