Аудармашының өресімен өлшенбесін

Аудармашының өресімен өлшенбесін

Бүгінде мемлекеттің жылдық кірісінің қомақты бөлігін құрайтын орта және шағын бизнесті дамытуға үкімет тарапынан барынша жағдай жасалып жатыр. Екі қолға бір күректі ұстай білетіннің бәрі жеке кәсібін ашып, табысын арттырып әлек. Әрине, бұл құптарлық жайт қой, бірақ таяқтың екі ұшы барын ескерсек, «әттеген-ай» дегізер әрекеттері көңілге қаяу түсіруде. Ол – жеке кәсіп иелерінің мемлекеттік тілге деген немқұрайлылығы, жүрдім-бардым қарауы. Арды емес пайданы ойлап, әйтеуір заң талабына сәйкес қазақша нұсқасы тұрсын деген оймен жазыла салған жарнамаларының сиқын көргенде не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Тілге деген сый-құрметі коммерциялық мақсатының іргесінен сығалайды… Мұндай жағдайда қазақ тілі қайтіп оңалсын, қалай дамысын?

Осы көрнекі ақпарат құралдарындағы мәтіндердің сауатсыз аударылуы, грамматикалық, стилистикалық қателерден көз сүрінетіні аз айтылып жүрген жоқ. Бәріне ортақ кемшілік – олардың алдымен орыс тілінде дайындалып, содан соң барып қана мемлекеттік тілге аударылуы. Орыс, ағылшын тілдеріндегі нұсқалары дизайндық, тілдік, грамматикалық тұрғыдан сапалы сұрыпталған, ал өз тіліміздегісі сәтсіз әрі тартымсыз. Алайда, ондай кәсіп иелері тіл сақшыларының қырағы көзінен, жіті бақылауынан құтылып көрген емес. Айына 2-3 рет жасалатын зерделеу жұмыстары нәтижесінде қаншама заң бұзушылықтың алды кесіліп, кәсіп иелерінің қателері түзетіліп келеді. Жақында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Рая Байшықованың басшылығымен тағы бір мәрте рейд шарасы жүргізілді. №16 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Дария Ерболатова, №31 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әйгерім Досбосынова, №18 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанна Скабулова сынды тіл жанашырларынан құралған топ Талғар қаласы бойынша тұрғындар көп жүретін жерлерге ілінген жарнамалардың заң талаптарымен жазылғандығын тексеріп шықты. Мемлекеттік тілдің қолданылуын ретке келтіру, кемшіліктер болса бірден ескерту жасауды басшылыққа алған топтың назарынан еш нысан қалыс қалған жоқ. Өкінішке орай бірнеше жеке кәсіпкерлердің ұсынған қызметтері жазылған тақтайшалар мен маңдайшалары, шағын дүңгіршектердің атаулары мемлекеттік тілді белшесінен басқан. Қазақ тіліндегі аудармасы қате, тіпті кейбірінде қазақша нұсқасы мүлдем жоқ. Әрине мұның бәрін бақылауға алған топ кәсіп иесіне бірден ескерту жасап, кемшілікті түзетуге 15 күн уақыт берді. Жарнаманы тек тауар өткізудің тиімді құралы деп қарағандарға ҚР «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдары түсіндірілді. Тыю-жыю көрмеген соң, не қылсам да жөн екен деп білетін жөнсіздер өз ана тілдерін құрметтейтін жалынды жастарды көріп ес жиғандай болды. Әрине, бұл істің аяғы осымен тынбайтындығын да түсінді.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»