Мешіт салу – сауабы мол іс

Мешіт салу – сауабы мол іс

Кез келген адам тіршілігінде өзінің артынан ізгі іс қалдыруды қалайды. Барлығымыздың бұл дүниеде сауапты амал жасауымызға мүмкіндігіміз мол. Алла Тағала адамзат баласына асыл діні арқылы сауабы үзілмейтін іс жасауға жол көрсетіп қойған. Ол шексіз сауап жазылатын амалдың бірі — халыққа, қоғамға пайдалы ғимарат салу болса, соның ішіндегі ең ізгіліктісі — мешіт салу екен.

Мешіт – мұсылман қауымының Жаратушы иемізге кіршіксіз құлшылық жасап, шынайы тәубеге келетін, жабырқаған жанына жұбаныш беретін,  арман-тілегін Аллаға ақтарып, дұға тілейтін мінәжат үйі. Алла Тағалаға иман келтірген мұсылмандар намаз оқып, құлшылық жасайтын қасиетті мекен. Мешітке ниет етіп шыққан кісінің және мешіт табалдырығын аттаған жанның қадамына сауап жазылады. Пайғамбарымыздың с.ғ.с хадистерінде айтылғандай мешітке келушілердің оң аяғына сауап жазылып, дәрежесі артатын болса, әрбір басқан сол аяғының күнә-кемшіліктері кешіріледі. Мешітке келген қауым – Алланың қонағы. Алла Тағаланың пендесіне дұғада тілегенін беріп, құр қол қайтармайтыны тағы бар. Міне, осындай екі дүние бақытына жол көрсететін ғибадат үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз с.ғ.с «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» деген екен. Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болған.

Ауданымызда ислам діні өркендеп игілік пен ізгілікке ұмтылғандар саны күн санап көбейіп, ай сайын толысып келе жатқаны көңіл қуантады. Қаламыз бен ауылдық округтердегі мешіттердің санының да артуы рухы берік қоғам қалыптасып келе жатқанының куәсі. Аудан тұрғындарының жүректеріндегі иманының күшейгенінің бір көрінісі Белбұлақ ауылдық округіне қарасты Бірлік ауылында тағы бір Алланың үйінің бой көтеруі. Бірлік ауылының тұрғындары қазіргі күні ескі ғимаратты мешіт жасап, мінәжат етіп жүр. Кезінде колхоздың Мәдениет үйі болған деседі. Оны да жүрегінде иманы бар азаматтар ел игілігіне берген. Бірліктіктер бұл ғимаратты өздері мешітке ыңғайлап жөндеуден өткізіп, қажетті заттармен жабдықтағанымен мешіт қыбыласы талапқа сай келмей, қолайсыздық туғызады екен. Осы жәйттарды ескерген ауыл азаматтары бір жиында ауылға жаңа мешіт салу керектігін алға тартады. Мешіттің жанындағы жер теліміне хатымхана салу керектігін айтып, бастама көтерген тұрғындар да болған. Дегенмен халықтың басым бөлігі барлық талаптарға сай, сәулеті мен салтанаты келіскен Алланың үйін салуды қолдап, сауапты іске бел шеше кірісіп кеткен. Соның бірі — Мақсат Кенжебаев. Мақсат ауылдың белсенді азаматтарының бірі. Ол үнемі көптің көңіліндегі мәселелерді биліктің құлағына жеткізіп, оңтайлы шешілуіне септігін тигізіп жүретін азамат. Ауылға жаңа мешіт салу туралы мәселені де көп алдына қойған Мақсат екен. Бұған дейін де мешіттің алдына автотұрақ керек деп дабыл қағып, осы мәселенің шешілу жолдарын ұсынғанда ауылдастары бірден қолдай қоймаған. Мешіт қоршауының сыртындағы жолдағы дейінгі аралыққа мешітке келушілерге арнап көлік тұрағын жасау керектігін айтқанда жұртшылық керісінше ол бос жерге ағаш отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізген екен. Кейін мешітке жұма намазына келген жұрттың көліктері жол бойына сыймай, жолды жауып, арасында көліктер соқтығысып, қиындық туындаған кезде ғана Мақсаттың ұсынысы орынды екенін мойындап, мешіт қоршауын сәл жылжытып, ағаштарды қоршау ішіне көшіріп, көлік тұрағына арналған орын босатыпты. Ал енді жаңа мешіт салуға келгенде де осы азаматпен келісуге тура келген. Өйткені ауылда жаңа мешіт бой көтерсе, ескі мешітті хатымханаға жабдықтау көп қаражатты қажет етпейтін шаруа екенін көрсетті. Ескі ғимарат та халықтың игілігіне жарауға дайын тұр.

Жалпы мешіт салудың сауабы қаншалықты үлкен екені жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткен, намаз оқыған, зекетін берген және Алладан басқа ешкімнен қорықпайтындар ғана салады», – дейді Тәубә сүресінің 18-аятында. Ең бастысы сауапты іс жасаймын деген азамат қайырлы істі атақ пен абырой үшін емес, Жаратушының разылығын алу үшін жасайды. Мақсат Кенжебаев та мешіт салуға барынша білек сыбана кірісіп, көптеген демеушілер тауып, жар құлағы жастыққа тимеді. Елдің көркеюіне, халқымыздың діни және рухани дамуына, жастардың дұрыс тәлім-тәрбие алуына үлес қосамын деген ниетті жандар бұл күнде Бірлік ауылында қарқынды басталған мешіт құрылысына мүмкіндігінше қол ұшын беріп, сауаптан үлес алуға асығып жатыр.

— Бұл ердің ерік-жігер күшімен ғана емес, ең бастысы елдің береке-бірлігімен бітіп жатқан игілікті іс. Мешіт саламыз дегенде демеушілер тартамын, құрылыс жұмыстарына қолғабыс етемін деп сөз бергенім бар еді. Сөзімде тұрып, мешіт құрылысының тұралап қалмауы үшін бар күшімді салудамын. Аудандық мәслихат хатшысы Мұхит Әлібеков мырзадан бастап, көптеген кәсіпкерлердің есігін қақтым. Ешкім бетімді қайтарған жоқ. Барлығы да сауапты іске қолдау көрсетіп, көмектерін аямады. Ең алдымен жеке кәсіпкер Мұрат Құрабаев бір мешіттің құрылысына жететін 40 мың қызыл кірпішін берді. Әсет Талғатбек есімді азамат 400 метр арматура, «Бәйтерек» дүкенінің қожайыны Руслан есімді азамат 100 метр, Құралбек Сәбден есімді кәсіпкер 300 метр, Әуез есімді кәсіпкер 120, «Жетісу» базарынан Азамат Тоқпақов 1000 метр, «Қайрат» базарынан Руслан мен Рүстем есімді жігіттер 120 метр, «Болатбай» базарының сатушылары 120 метр арматура темірін берді. Ал «Қазақбетон» зауытының қожайыны Қуанышбек Бекеев 10 куб бетон, «Мегабетон» зауытынан Бақтияр есімді жомарт жан 10 куб бетон, «Кемебетон» зауытынан Иса есімді азамат 10 куб бетон, аудандық мәслихаттың депутаты, «Жаңабетон» бетон зауытының директоры Айдар Сарипов 10 куб бетон мен 200 мың теңге қаржылай көмек берді. Ауданымыздағы «Қазақтелеком» байланыс торабының ұжымы 100 мың теңге қаражат аударса, «Бақорда» базарының қайырымды жігіттері тақтаймен қамтамасыз етті. Әлібек Шыныбеков есімді кәсіпкер мешіттің есік, терезесі мен еденін жылылауға қажетті құралдарды алып берді. Аудандық мәслихаттың депутаты, жас кәсіпкер Марат Алиманов та қаржылай көмек қолын созып, мол сауап жинады. Осындай жүрегінде иманы бар, азаматтарға Алла мол сауаптан жазсын деймін. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады ғой. Ел болып қолға алған игі ісіміз әлі де жалғасын тауып, Алланың қалауымен жаңа мешітіміздің құрылысы аяқталатын күнде алыс емес деп ойлаймын,- дейді Мақсат Кенжебаев.

Расымен де, «көп түкірсе көл» дейді. Ауыл тұрғындары да өз алдына қаражаттарын жинастыруда. Қаржысын да, қажыр-қайратын да аямаған жоғарыда аттары аталған, бір себептермен аталмай кеткен азаматтардың күш біріктіруінің нәтижесінде үш төрт-ақ айда аядай ауылда айдай жарқыраған керемет құрылыс бой көтеріп, жұмыс жүре бастады. Құрылыс жұмыстарын жалдамалы құрылысшылар қолға алса, арасында ауыл азаматтары да келіп қолғабыс етіп, көмектесіп тұрады екен. Бүгінде мешіттің қабырғасы қаланып, терезелері орналастырылып, құм-сылағы жүргізілген. Біз бас сұққан сәтте күмбезін орнатуға дайындық жасалып жатты. Іші кең, шаңырағы биік, ең бастысы қыбыласы талапқа сай соғылған.

Ибн Касир тәпсірінде: « Алла Тағала мешіт салған адамдарды иманды деп айтқан» делінген. Жүрегінде шынайы иманы бар адам ғана мұсылмандардың рухани орталығы саналған мешітті салу үшін өз үлесін қосуға дайын тұрады. Сахаба Анас (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Мешіт салушылар – Алланың қарамағындағы адамдар»,-деген. Мешіт салған адамның қадір-қасиеті жоғары екендігін жүрегінде иманы бар кез келген адам біледі. Демек, мешіт салуға жәрдем ету адам баласына келе жатқан жамандықтың бетін аулақ ететін ізгі амалдардың бірі. Мұсылман баласының жаны қайырымдылыққа жақын келеді. Әр адам өзінің шама-шарқына қарай жақсылық жасап, қайырымдылық қылады. Дәулетті адам зекетін беріп, қоғамдағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына жәрдем қылса, қарапайым шаруа Құдай жолына ниет қылған садақасын қайырымдылыққа жұмсайды. Барлығының да көздеген мақсаты – Алла Тағаланың разылығына бөлену. Әбу Һурайрадан жеткен хадис құдсидің риуаятында Алла елшісінің: (с.ғ.с.) «Басқаға қайырымдылық қыл, өзіңе қайырымдылық жасалады» – деп айтқаны бар. Ендеше, сауабы мол іске үлес қосып, қайырымдылық жасауға жарысайық ағайын!

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»