Өзеннің өмірі – өзекті мәселе

Өзеннің өмірі – өзекті мәселе

Т ұмса табиғаты талайдың таңдайын қақтырар Талғар ауданындағы карьер тағдыры тұрғындардың тыныштығын бұзды. Олай деуімізге себеп, қала тұрғындары Талғар өзенінің бойын жағалай орналасқан карьер зауыттарының жұмысын тоқтатуды талап етіп, наразылықтарын білдіруінде. Тұрғындардың айтуынша тас-құм өндіретін карьер зауыттарының салдарынан қоршаған орта мен қала тұрғындары зиян шегуде.

Осы мәселенің шешімін сұрап, мемлекет басшысынан көмек сұраған қоғам белсендісі Айман Жарылқасымова карьер жұмыстарының салдарынан ауыз су мен суармалы су құбырларының қысымы өзгеріп, жиі-жиі зақымданғанын айтып пикетке шыққан еді. Осы жайдың жай-жапсарынан хабардар ету үшін әрі өзен жағасын бекіту үшін атқарылатын шаралар, қазба жұмыстарының ауаға келтіретін әсері туралы бұқараны ақпараттандыру мақсатында Алматы облысы бойынша экология департаменті тексеру бастады. Комиссия құрамында Талғар ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ермек Толқынов, Алматы облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы жер қойнауын пайдалану бөлімінің басшысы Самат Дәулетов, Алматы облысы бойынша экология департаментінің бас мамандары Айдын Адамин мен Бақкелді Демеуов, Алматы облысының жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының мемлекеттік инспекторы Қуандық Байсақов, Талғар ауданы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы жетекшісінің орынбасары Нұрлан Зайнолдин, сондай-ақ, карьер басшылары да қатысты.

Аталмыш басқосуда әр сала маман­да­ры карьердің жұмысына қатысты жур­налис­тердің сауалдарына жауап берген болатын. Жауапты мамандардың берген жауаптарын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
«Талғар өзенін жағалай орналасқан карьердің жұмыстарында, құжаттарында ешқандай да заң бұзушылық анықталма­ған. Келісім шарт мерзімі 25 жылға бе­ріле­­ді, мемлекетке төленетін салықтарын уақы­тылы төлеп, өздеріне берілген жер айма­ғында ғана жұмыстарын жүргізеді. «Алтын дала» карьер зауытымен келісім шарт мерзімі аяқталып, қазіргі уақытта зауыт өз жұмысын тоқтатқан. Ал «Береке Тас» пен «Өзен Тас» карьерлік зауыттары келісім шарт мерзімі аяқталғанша жұ­мыс­тарын жалғастырады, шағым түспе­ген жағдайда ешқандай да шектеу шараларын қолдана алмаймыз» — дейді Алматы облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы жер қойнауын пайдалану бөлімінің басшысы Самат Дәулетов.

Алматы облысы бойынша экология департаментінің бас маманы Бақкелді Маратұлының ай­туын­ша: «Егер тұрғын­дар­дан қоршаған орта­ны ластап, зиян кел­тір­гені туралы ша­ғым келіп түсе­тін болса, сол ша­ғым­­ды негізге ал­ып тексеру жұ­мыстарын жүр­гіземіз. Шағым рас­талатын жағ­дай­да зауыт бас­шы­лығына бел­гіленген соммада айып­пұл салынады. Қазір­гі уақытта «Бере­ке Тас» карьер зауытының атына шағым түсті алдағы уақытта зерттеу жұмыстарын жүргізетін боламыз» — дейді жауапты маман.

Талғар ауданы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы жетекшісінің орынбасары Нұрлан Зайнолдин: «Мемлекет басшысының жариялаған мараториі бойынша үш жыл уақыт ішінде кәсіп иелерін тексеруге құқымыз жоқ. Десе де тұрғындардың әкімшілікке түсірген шағымдарының негізінде зауыттарға жақын тұратын аймақтарда мониторинг тексеру жұмыстарын жүргіздік. Ауаны ластау фактілері нормативті көрсеткіштен аспайды. Шу фактілері де адамға зиян келтіретіндей деңгейде емес. Тұрғындардың шағымдары негізінде заң бұзушылық анықталған жоқ» -деп мәлімдеді.

Талғар қаласы бойынша «Талғар су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының учаске бастығы Александр Мұсабеков «Талғар тұрғындарының біраз уақыт ауыз сусыз қалғанын табиғат апаттарымен байланыстырамыз. Тау мұздықтарының жылдам еруінің нәтижесінде өзен сулары қатты қысыммен ағып, су құбырларының жарылуына әкеледі, ол табиғи апат, ешкімнің тікелей кінәсы жоқ» десе, «Талғарирригация» су шаруашылығы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қызметкері Валерий Мальцев «зауыт жұмыстарының салдарынан суармалы су жүйесіне де, ауыз су құбырларына да келетін зияны мол. Зауыт өз жұмыстарын тоқтатқан соң табиғатқа келтірген зияндарының орнын толтырмайды, абаттандыру жұмыстарын жүргізбейді. Өзен жағалауына жақын орналасқан тұрғын үйлердің біразы құлауға шақ тұр. Осының бәрі сол зауыт жұмыстарының зардаптары, жалғыз шешім зауыт жұмыстарын тоқтату керек», — дейді.

Талғар ауданы әкімдігі тиісті мамандардың ұсынған мәліметтері негізінде және экологтардың тексеру нәтижесіне сүйене отырып, карьердің әрі қарайғы тағдырына қатысты шешім қабылдайтынын жеткізді. Аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ермек Маңғазұлы болашақта өзен арнасын қалпына келтіру мақсатында жоспарланған «Каскад» құрылысының жобасымен таныстырды. Ол жоба жайлы газетіміздің алдағы сандарына тарқатып жазатын боламыз.

Ал табиғатқа келген зауыт зардаптарының жай-жапсарын анықтап, түйткілді мәселенің түйінін шешуді құзырлы органдардың құзыретіне тапсырып, оң нәтиже шығарады деп сенеміз.

Айнаш Әлдибек,
Талғар