Тұрғын үй құрылысына көңіл бөлді

Тұрғын үй құрылысына көңіл бөлді

Аудан азаматтары көп ұзамай «Нұрлы жер», «Шаңырақ», «Бақытты отбасы», «7-20-25» бағдарламаларының жемісін көрмек. Олай деуімізге жуырда ғана құрылысы басталып, бүгінде қарқынды жүріп жатқан үш несиелік тұрғын үйдің салынуы себеп. Үшеуі де тоғыз қабатты. Әрқайсысы 72 пәтерден тұрады. Сәтін салса аталмыш бағдарламалар арқылы кезекте тұрған аудан азаматтарына 216 пәтер қолданысқа берілмек.

Нысанның сапалы салынуын өз жауапкершілігіне алған «Гун Строй Сервис» пен «Шах құрылыс компаниясы» ЖШС қазіргі таңда екі үйдің шұңқырын қазып, алғашқы бетонын құйып, қабырғасын қалау жұмыстарына белсене кірісіп кеткен. Енді үшінші үйдің шұңқыры қазылып, бетон төсеу жұмыстары басталды.

Мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан баспана құрылысының жұмыстарын тексеріп қайтқан аудан басшысы Қайдар Әлиханұлы құрылыс сапасын да бақылады. Көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымының құрылыс сызбасын және бір мәрте пысықтады.  Жұртшылықтың тұрғын үй мәселесін кешенді шешуге бағытталған бұл жобаның маңыздылығын атап өтіп, жауапты мердігерлерге құрылысты сапалы орындауды және тиісті мерзімде тапсыруды міндеттеді.

Меруерт Мәулет,
Талғар