Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі

Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі

Жылдағы дәстүр бойынша тамыз айының аяғында аудан ұстаздарының тамыз кеңесі өтетіні белгілі. Биыл да сол үрдіске сай Тамыз кеңесі онлайн форматта өт- кен болатын. Тамыз кеңесі — бұл тамыры терең, тағлымы мол, айтары айқын, мақсаты тың тақырыптарды талқыға салатын жауапты жиын. Бұл күні өткенге шолу жасалып, алдағы атқарылар істер сарапқа салынады. Карантин шаралары әлі қатаң сақталып жатқандықтан онлайн форматта өткен кеңеске аудан әкімі Қайдар Әбдіханов бастап аудандық «Нұр Отан» партиясының төрағасының бірінші орынбасыры Бақыт Күрішбеков,аудан әкімінің орынбасарлары, қала, ауыл әкімдері, бірқатар мекеме, бөлім басшылары, халық қалаулылары, қоғамдық ұйым өкілдері мен білім саласының қызметкерлері, еңбек ардагерлері, шығармашылықпен еңбек етуші ұстаздар, аудандық ұлттық-мәдени орталық жетекшілері, аудан ақсақалдары, Құрметті азаматтар және БАҚ өкілдері «ZOOM» желісі арқылы қатысып отырды.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Сәдуақасова «Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі» тақырыбында баяндама жасады. 2021-2022 оқу жылында ауданымызда 43 жалпы білім беретін мектеп есігін айқара ашса, оның 13-і қазақ тілінде, 2-і орыс тілінде, 27-і аралас мектептер. Сонымен қатар сала басшысы ауданда мемлекеттік 6 балабақша, 2 мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты, 5 мектептен тыс қосымша оқыту мекемелері жұмыс жасайтынын, сондай-ақ аудандық бюджеттен Алматы қаласында орналасқан №15 орта мектеп-интернаты мен Талғар қаласындағы санаторлық үлгідегі мектеп-интернаты қаржыландырылатынын тілге тиек етті. Ауданда «Арыстан» мамандырылған мектеп-лицейі, «Дана» жекеменшік мектебі, №1 жеке-лицей интернаты, «Дарын-инновация» мектебі сынды жекеменшік және мемлекеттік секторлар үшін бірдей жағдай жасау үшін 4 жекеменшік мектеп жұмыс жасап отырғанын да айтты. Ауданымыздағы 42 білім беру мекемесінде жаңа оқу жылын 44798 оқушы бастаған. Оларға білім беру ісінде 4250 ұстаз еңбек етуде. Жылдан жылға ұстаздардың саны ғана өсіп қоймай, сапалық құрамы да жақсарып келе жатқанын жеткізген Қарлыға Айсабекқызы білім саласындағы басқа да өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтсақ, бүкіл әлемді алаңдатқан пандемия кезінде «COVID-19» коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу үшін 2020-2021 оқу жылында ауданның білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту, аралас форматта білім беру, кезекші сыныптар жұмысы ұйымдастырылғанын, оқушылар тасымалы, бірнеше ауылға мектеп қажеттігі, инклюзивті білім бері, білім ошақтарын ақпараттандыру, үшауысымды оқыту, жылыту маусымына дайындық, жалпылама оқуға тарту қорының жұмысы, білім сапасы мен мұғалімдер қызметінің сапасы, қорытынды аттестаттау, жаңа 2021-2022 оқу жылының ерекшеліктеріне жете тоқталып, тұщымды баяндамасын жасады. Баяндамашыны тыңдап болған соң жарыссөзге кезек берілді. Аудандық санитарлық-эпидемилогиялық бақылау басқармасының басшысы Бексұлтан Успанов шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде құрылған ұйымдарға қойылатын санитарлық-эпидемилогиялық талаптар туралы сөз қозғаса, №17 орта мектеп директоры Наталья Тифанциди қашықтан оқыту жағдайында білім сапасын көтеру мәселелерін шешу жолдары жайлы тәжірибесімен бөлісті. С.Сейфуллин атындағы №2 орта мектептің ата-анасы Зәуре Алимкулова білімді ұрпақ-отбасының келешегі екенін алға тартып, балаға алдымен отбасында дұрыс тәрбие беріліп, оқуға бейімдеу керектігін жеткізді.

Тамыз кеңесінің жұмысын аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы қорытындылап, елімізді жайлаған індеттің кесірінен білім саласында да көптеген өзгерістер болып, оқу форматы өзгеріп, қиындықтар туындағанын айтып өтті. Осындай қиын кезеңдегі ұстаздар еңбегін жоғары бағалап, өткен оқу жылында орын алған кемшіліктерге тоқталып, жаңа міндеттер жүктеді. Жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»