АНА ТІЛДЕ АРУАҚТАРДЫҢ ДЕМІ БАР немесе тіл мерекесі қарсаңындағы ақынның ащы айқайы

АНА ТІЛДЕ АРУАҚТАРДЫҢ ДЕМІ БАР немесе тіл мерекесі  қарсаңындағы ақынның ащы  айқайы

Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен.
Абай

«…Өткірдің жүзі, кестенің бізі, Өрнегін сендей сала алмас.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бәһрә ала алмас.
Қиналма бекер тіл мен жақ, Көңілсіз құлақ, ойға олақ»… –
деп зар жылап заманының зарын төккен заңғарым-ай! Жүрсек те талантыңа таңғалып-ай.Тәуелсіздік алған соң кім ойлаған, дақ түсіріп алам деп арға бұлай? Бүгінде ашынып айтқанымыз емес ашығын айтсақ арымызға дақ түсіріп алдық. Дақ емей енді немене? Анамыздың ақ уызымен емген ана тілімізде сөйлемесек.Тіпті сөйлеу білмесе. Шала-пұла білетіндердің өзі сөйлегісі келмесе. Сөздің ақиқатында ана тілін арсыздар мен ақылсыздар ғана мойындамайды.

Ал «ақылсыздар» деп астын сызып айғайлата атап отырғаным кімдер өзі? Егер адамдар жайында айтатын болсақ олар әсте «ақылсыздар» тобына жатпайды. Себебі бәрі де ақылды. Әсіресе бүгінгі таңда шет елдерде оқып, жат елдің жауырын жаба тоқып, өзгенің қаңсығын өзіне таңсық көріп, ай мен күннің аманында ана тілінен жеріген, қос-қостан жоғары оқу орындарын бітірді деген дипломы бар «білімпаздарды» «ақылсыз» ақымақтардың қатарына қоса аламыз ба? Алланың ақылсыз етіп жаратқан айуандары қой мен ешкі, сиыр мен жылқы, түйе түліктері емес пе еді? Қой жануарының мөңіремей маңырайтынын, сиыр малының маңырамай мөңірейтінін, құлынның кісінейтінін, ботаның боздайтынын біле тұра, ақыл мен пайымды парасат иесі болып жаратылса да ана тілінде сөйлей алмайтын адам баласының әрекетін неге балап, немен бағалауға ақылым жетпей қиналам. Ерекше бір шындық бар. Ол – «Махаббатпен жаратқан адамзатты» (Абай) Соның ішінде тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің, оның ішінде мемлекеттің өзге ұлт өкілдерін былай қойғанда, өз ішімізден шыққан биік мәнсап иелері мен өз ана тілінде ант қабылдай алмай, халықтың қанын қайнатқан қауқарсыз «халық қаулыларын» көрген кезде жебедей жерге, тірідей көрге кіріп кете жаздағанымызды несіне жасырайық?! Ал енді сол ұлтсыздар мен ұждансыздардың осыншалық ұятқа қалған өз кемшіліктерін түзетуге тырысып туған халқынан кешірім сұраудың орнына, беттері бір бүлк етіп, шімірігуді білмейтін шіркіндердің шекесінен қарап шіренетіндерін қайтерсің? Өз тілімізді өзге ұлттардың сыйлап, құрметтеп, күнделікті үйренуіне ұйытқы болып, үлгі-өнеге көрсетуіміздің орнына қоғамға еш қажеті жоқ болып бара жатқан қасиетті қазақ тіліміздің басқа ұлттардан емес өз жатырын жарып шыққан өгей ұлдарының арқасында төрден емес есіктен, терезеден емес тесіктен әрең сығалап, бойының бұғып, сағаның сынып тұрғанына кімді кінәлап, кімді жазғырғандаймыз. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дегенді айтқан Ахмет Байтұрсынұлының осыдан тура бір ғасыр бұрын жалпақ жұртқа жар салған жан айқайына бүгінде құлақ түріп, қамқорлық танытып жатқан қайсымыз бармыз? Туған тіліміздің туын желбіретіп, тұғырын биіктетудің орнына күн өткен сайын тығырыққа тіреп тынысының тарылып бара жат­қа­ны­на қалайша жүрегің қан жыламай-ды?!

Ей, билік басында отырған шен шекпенді шенеуніктер! Бұрынғы өткен-кеткен кемшіліктер мен кешегі Кеңес үкіметі кезіндегі тіл төңірегіндегі теңсіздікті былай қоя тұрғанның өзінде, тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған биылғы жылғы туған тілімізге деген «құрметіміздің» осыншалық бейшара халге түскеніне ең болмаса сезімдерің селт ете ме өзі? Жоқ, әлде сендерге бәрі бір ме? Ана тілің — айбының! Ақыл-ойың – рухани байлығың. Ана тілінің ақ уызына жарымаған, өне бойына ұлт рухы дарымаған ұлтын сүймейтін, тілін білмейтін ұждансыз дүбәрәларды қандай адам қатарына жатқызуға болар еді? Әсіресе, өз ана тілін білмейтін білгісі де келмейтін әр деңгейдегі отырған шенділерге айтарым: Ана тілің тірегің! Соғып тұрған жүрегің. Арың менен ұятың Намысың мен жігерің! Егер біздің жүрегіміз еттен жаралып, бойымызда ар мен намыс жігер атаулыдан бір кішкентай жұрнақ қалған болса осынша сорақылықты бастан кешіріп сорымыз бұлай қайнамас еді ғой. Бәріміз де ойланайықшы бір сәтке. Әсіресе өлеңмен өрнек салатын бай-қуатты тіліміз бола тұрса да өзге ұлттың тілінде жұртты жинап алып жиын өткізетін жетесіздерден болмайықшы!
Ендеше әрі қарай езе бермей ел басқарған ер азаматтардың егер де есі дұрыс болатын болса өз ана тілімізді, яғни мемлекеттік тілімізді менсінбей мансұқтауды доғаратын кез жетті ағайын!

Арманым биік асқарда.
Елімді алға бастарда.
Ана тілін сүйетін,
Бар үмітім жастарда-деп өз ойымды өлең жолдарымен түйіндей келе Мағжан ақынша айтсақ: «Мен жастарға сенемін!». Бар сенімді жастарға артып, жастардан күтеміз. Жастар сендер намысты қолдан бермес қайтпас қайсар, жігерлі болыңдар!

Камнұр Тәлімұлы,
Ақын, сазгер, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Талғар филиалының меңгерушісі, Талғар ауданының «Құрметті азаматы»