Семей полигонының жабылғанына — 30 жыл
Жуырда ел Тәуелсіздігі мен Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығына орай аудандық «Нұр Отан» партиясының ғимаратында «Семей полигонының мүгедектері мен ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің Талғар ауданы бойынша төрағасы Мусапиров Нұрлыбай Қожекенұлы бастаған Семей ядролық полигоны ардагерлерімен экспромт кездесу өткен болатын.
Ел тәуелсіздік алған 1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын мәңгілікке жапқан болатын. Бұл айтулы оқиға жерімізге сансыз қайғы-қасірет әкелген ядролық жарылыстарды тоқтатып, Тәуелсіз Қазақстан Республикасын бейбіт өмір сүйгіш ел ретінде әлемге танытты. Өркениеттің дамуына үлес қосып, адамзатты ядролық қатерден құтқарды. Адам баласының міндеті бейбіт өмірге ұмтылу екендігін барша әлемге дәлелдеп берді. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың ұсынысымен 29 тамыз — ядролық сынақтарға қарсы күрес күні деп жарияланды. Бұл ұсыныс БҰҰ тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Содан бері бұл күні Семей полигонының елімізге алып келген қасреті туралы айтылып, тарих беттері парақталады.
Бұл кездесу барысында да ардагерлеріміз Семей ядролық полигонындағы жарылыстардың қалай басталғанын, халыққа қандай залал тигізгенін, Семей өңірінің қаншалықты дағдарысқа ұшырағанын еске алды. Ядролық сынақтардың тоқталылып, полигондардың жабылуына мұрындық болған «Невада-Семей» қозғалысының 30 жылдан астам уақыт ішінде жеткен жетістіктері мен шеккен зардаптары туралы сөз қозғалды. Өз кезегінде сөз алған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Нұрлыбай Мусапиров Семей ядролық полигонындағы жарылыстар туралы сөз қозғап, өткен тарихымызға көз жүгіртті. Бұл сынақтардың қазақ жеріне сансыз қайғы-қасірет әкелгендігін айтып, өзінің көкейінде жүрген сұрақ-сауалдарымен бөлісе отырды.
Атап айтқанда, иодталған сәулелердің әсерінен зардап шеккен бірлестік мүшелеріне мемлекет тарапынан қамқорлық танытып, олардың мүдделерін қорғау керектігін алға тартып, оларға әртүрлі тұрмыстық және дәрігерлік, санаторлы-курорттық, госпитальдарда емделу жағдайларын жасау керектігін айтып, жасы үлкен егда адамдарға, мүгедектерге және олардың ауру балаларына «Семей ядролық сынақ полигоны зардабын шеккендер» туралы мұрағаттық анықтаманың дұрыс берілуін талап етті. Сондай-ақ, өзінің Семей ядролық полигонында зардап шеккен азамат ретінде алатын арнайы мемлекеттік жәрдемақыдан шеттетілгендігін айтып, халыққа қызмет көрсету саласындағы әділетсіздікке налыды. Аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков ардагерлердің өтініш-тілектерін мұқият тыңдап, назарға алды. Әрі партия тарапынан мәселені тиісті органдарға жеткізіп, оңтайлы шешілуіне ықпалдасатынын жеткізді. Емен-жарқын кездесу барысында түрлі тақырыптарда әңгіме өрбіді. Ардагерлердің әңгімелерінен қазақ елінің басынан өткен тағы бір зұлматты күндердің салған жарасының жазыла қомағанын байқадық. Жапан далада жапа шеккен халқымыздың қасіретін жаһанға жария етіп, зияны жоқ деп сендірген жерасты сынақтарына тосқауыл қойылғаны Елбасының салихалы саясатының тағы бір жемісі екеніне көзіміз жетті.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»