Қайырымды істер марафоны
Мұқтаж жандарға көмектесу мұсылман баласы үшін нығметі зор, абзал амал екені анық. Осындай игі істі қолға алған Белбұлақ ауылдық округінің әкімдігі аппараты «Мектепке жол» акциясына қолдау көрсетіп, тағы да белсенділік танытты. Бүгiнгi қоғамда мемлекет басшыларының сындарлы саясатының арқасында өз өмiрлерiн уайым-қайғысыз өткiзiп жатқан жандар қатары күннен-күнге арта түсуде. Дегенмен, түрлi тағдыр тәлкегiне ұшырап, ата-анасынан, асыраушысынан айрылып, жан жылуына, әлеуметтiк көмекке зәру болып отырған жандар да жоқ емес. «Мектепке жол» акциясы әлеуметтік жағдайы төмен жанұялардан шыққан балаларды мектепке даярлауға айтарлықтау қолдау көрсетіп келе жатқан қайырымдылық шарасы. 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтетін республикалық «Мектепке жол» акциясы биыл да өз жалғасын табуда. Іс-шараның басты мақсаты — оқушылардың мектепке дайындығын толық қамтамасыз етіп, көп балалы отбасылар, жетім, жартылай жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқор болып, олардың әлеуметтік себептер салдарынан мектепке бара алмауының алдын алу болып табылады.
Бір айға созылатын шара барысында Белбұлақ ауылдық округі әкімдігінің ұжымы қамқорлық акциясын өткізді. Ауылдағы кәсіпкерлердің басын қосып, оқумен қамтылмаған балаларды анықтап, жаңа оқу жылына дайындалуда мұқтаж балаларға көмектесіп, демеушілік жасады. Еліміздің бас партиясының «Бақытты балалық» жобасы аясында бастау алған «Мектепке жол» акциясына өз үлестерін қосқан жомарт жандар көп балалы отбасында тәрбиеленіп жатқан 14 балаға мектепке қажетті оқу құралдарын алып берді.
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ