Ұлтына ертерек үн қатты
Замана ауысып, дүние дидары өзгерген мына алмағайып заманда ұлттық мұраларымызды оң үрдістермен үйлестіре дамыту күн тәртібіндегі келелі мәселеге айналды. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай бейімдеу мәселесі мінберден айтылып, жаңғыруға, жаңаруға бағытталған бастамалар барынша дәріптеле түсті. Уақыт өткен сайын ұлылығы ұлықтала түскен ұлы Абай мұраларына айналып соғу уақыт күттірмес дүние екендігін ел ағалары түсініп үн қатты, ел құлақ түрді. Өткен жылы Үкімет 10 тамызды «Абай күні» деп белгілеп, ресми мерекелер қатарына енгізу туралы ұсынысты «Ашық Үкімет» порталында қоғамдық талқылауға ұсынған еді. Айта кетейік, осыған дейін абайтанушылардың бір бөлігі Абайдың туған күні 23 тамыз екенін айтса, тағы бір бөлігі 10 тамыз дегенді алға тартқан-ды. Ал ЮНЕСКО көлемінде тойланған Абайдың 150 жылдығы 10 тамыз болып белгіленді. Енді сол күн ресми түрде «Абай күні» ретінде нақтыланып, ресми мерекелер тізіміне енді. Биыл екінші жыл қатарынан аталып өтілген атаулы күнде бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты.
Тағылымды күнді ұлықтаудан Талғар да шет қалмады. Ұлы ақынның өзектілігін жоймаған шығармаларын рухани азыққа балайтын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Абай шығармаларындағы қазақ тұрмысы мен мәдениеті» тақырыбында онлайн дәріс өткізілді. Лекцияны көшпелі қазақтың ұлы тұлғасын келер ұрпақтың санасына құлпытастай бекітуді борышым деп білетін «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Камнұр Тәлімұлы өткізді. «ZOOM» форматында өткен шараға бөлім мамандары, қала, ауылдық округ әкімдіктеріндегі тілге жауапты мамандар, ауданға қарасты жалпы білім беретін орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, жастар ресурстық орталықтарының нұсқаушы мамандары және аудандық, ауылдық мәдениет үйі мен кітапхана қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Дәріскер қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен ақын шығармаларынан үзінді оқып, ой-тұжырымдары арқылы тыңдаушылардың патриоттық сезімін нығайтты. Абайдай ұлы тұлғаны шырағдан етіп алмаған адамның басар жолы тарғалаң екенін түсіндіріп, ұлы тұлғаның қадір-қасиеті жыл өткен сайын арта түсетіндігін шұрайлы тілмен жеткізе білді.
Сондай-ақ айтулы күнге орай мемлекеттік қызметкерлер арасындағы «Мен түсінген Абай…» атты шығарма жазу байқауына қатысушыларды марапаттау рәсімі де өткізілді. Аудандық кітапханада өткен шараға бөлім басшысы Фарида Мамырбекқызы қатысып, сойы бөлек, тұрпаты басқа мына заманда өзіңді танығың келсе Абайды оқу керектігін айтып, Абай еңбектерін өмірлік азыққа айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадам екендігін жеткізді. Байқауға белсене қатысқандарға алғысын білдіріп, жүлделі орын алғандарды салтанатты түрде марапаттады. Байқау қорытындысы бойынша І орынды Кеңдала ауылдық округінің бас маманы А.Берікбаева жеңіп алды. ІІ орын аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Н.Жугинисов пен Панфилов ауылдық округінің бас маманы А.Жұрыновқа бұйырды. ІІІ орынға қаржы бөлімінің бас маманы А.Иманғали, Бесағаш ауылдық округінің бас маманы Ф.Мамырхан, Панфилов ауылдық округінің бас маманы А.Жағыпбердиева ие болды.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»