Бар оқулыққа бас болған«ӘЛІППЕ» ОРАЛАДЫ

Бар оқулыққа  бас болған«ӘЛІППЕ» ОРАЛАДЫ

Бұған дейін бар басылымда мектеп табалдырығын аттаған балдырғандардың «Әліппемен» қайта қауышатындығы жазылып та, айтылып та жүрген еді. Сол қуанышты сәттің жақындағаны Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында айқын болды. Жиналыста жаңадан әзірленген «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтары таныстырылып, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осынау ақжолтай жаңалықты жеткізді. «Қазіргі таңда дайын оқулық өңірлерге жеткізіліп жатыр. Жаңа «Әліппе» ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жасалды», – деді ведомство басшысы.

Орталық өкілдерінің айтуынша, ұлт ұстазының әдістемесіндегі дыбыспен жаттығу, әр дыбыстың сөз жасаудағы қызметін есепке алу, дыбыстарды таныту мен әріптерді үйретудің реттілігі, «оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге» өту, білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу қағидаттары негізге алынған. Жеңілден күрделіге өту қағидаты әріптерді таңбалап баспа және жазба түрлеріне үйрету, дыбыстан буын, буыннан сөз, сөзден сөйлем құрауға, сөзді буындап, кейін тұтас, содан соң мәнерлеп, түсініп оқуға машықтандыруды көздеген.
Айта кетелік, биылғы мәліметке сәйкес, елімізде 390 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады екен. Оның ішінде 260 мыңға тарта бала қазақ сыныбында оқиды деп жоспарланып отыр. Олар баратын 7 мыңнан аса мектептің бәрінде бір ғана үлгідегі «Әліппе» оқытылады.

«Талғар-ақпарат»