10 тамыз – Абай күні

10 тамыз – Абай күні

Бүгін қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың туған күні. Бұл күн күнтізбеде Абай поэзиясы күні деп жазылған. Биыл Абайдың туғанына 172 жыл болды.

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845-1904 жылдары өмір сүрген. Ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер.

Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Ол Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған.

Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» – тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.

Оның шығармалары бүгінгі күнге дейін әлемнің 60 тіліне аударылған.

Қазіргі таңда Алматыда ақынның атымен жоғары оқу орны, опера және балет театры, үлкен даңғыл аталса, көркем әдебиет саласы бойынша мемлекеттік сыйлық тағайындалған. Шығыс Қазақстан облысындағы бір ауданға, Қарағанды облысындағы бір қалаға аты берілген. Сондай-ақ Іле Алатауының теңіз деңгейінен 4010 метр биіктіктегі шыңы да ақын есімімен аталады.

Ақынның туған күніне орай 10 тамыз Абай поэзиясы күні аталып өтіледі.


Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде – ұйқың.
Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді, бір күн – бұртың.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.

Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,
Оның да алған жоқ па құдай құлқын?
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың.
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.
Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?
Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,
Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,
Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың.
Ұғындырар кісіге кез келгенде,
Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?


ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

Осы мен өзім — қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уә әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ. Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай?  Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді.

Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? — еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі. Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық кайрат, жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен бір жүрген қуыс кеудемін. Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде «әттегене-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге.