Көгілдір қорап қолжетімсіз, смартфон санаға томпақ тұстағы керегін кітаптан алған халықтың нөпірі келмеске кеткендей көрінеді. Ойы бізді отарға айналдыруды қалаған Кеңес тұсында да Қазақ мәдениетінің жоғалып кетпеуіне негіз бола білген басты құрал – кітап еді. Нәтижесінде саналы ұрпақтың түзілуіне себеп болып, ұлт ішінен шығып ұлы мұраттың жолына қызмет еткен азаматтарды Алаш таныды.
Еңбектегеніне ертегісін, ержеткеніне ертеңгісін көрсеткен кітаптың қасиеті мен қадірін қазіргі жастар біле ме екен? Олай дейтініміз, дүние дүрмектің жаңалығын жаңаша жеткізіп, тәрбие мен тентектікті қатар ұсынған ғаламат ғаламтор мен соған шырмалған құрылғылардың құндылығы артып тұрғанын көрудеміз. Бірақ бұл дегеніміз күллі білімнің бастауы, сан мың мәдениеттің сандығы болған кітапты көлеңкеде қалдыру деген сөз емес. Осы ретте құндылығымызды қалыпқа келтіріп, ұмыт болған үрдісімізді жаңғырту үшін жасалынып жатқан жұмыстардың аз еместігіне куәміз. Сондай сәті келген істің бірі, ауданымыздағы«Жергілікті қауымдастықтардың тұрақты дамуы» қоғамдық қорының көтерген бастамасы болды.
«Талғар қаласындағы жергілікті қоғамдастықтардың басым мәселелерді шешуге қатысуын жандандыру» жобасы аясында жас кәсіпкерлер мен ерікті жастарымыз Талғар қаласының орталығындағы саябаққа ерекше орындық орнатты. Тұрар Рысқұловтың атымен аталатын саябақтың орта тұсына кітап сөресі бар «Кітаптар АртСкамейкасы» орын тепті. Әлеуметтік жобалардың негізінде шағын грант ұтып алған жоба жасаушылары осындай қызық істі қолға алған. Ұйымдастырушылардың сөздерінше аталған жоба арқылы қала жастарының кітап оқуға құмарлығы артып және бос уақыттарын тиімді өткізуде зор пайдасын тигізеді деген сенімде. Салтанатты шарада Талғар қаласы әкімінің орынбасары М.Бақтыбаев, «Жергілікті қауымдастықтардың тұрақты дамуы» қоғамдық қорының директоры Замира Қалымбетова мен «Volunteens Club» еріктілері, аудандық мәслихат депутаттары төбе көрсетті.