«Жүрегі «елім» деп соққан…»

«Жүрегі «елім»  деп соққан…»

«Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы үш ғасыр бойы отаршылдардың бұғауында болып, басынан талай-талай зұламат кезеңдерді өткерген жаны сірі ұлттың бірі. Ата-бабаларымыздың аңсап өткен тәуелсіздік міне, бақыт құсы болып халқымыздың басына қайта қонды. Биыл сол Тәуелсіздік таңының атқанына отыз жыл толды, Кеңес үкіметінің іргесінің сөгілуіне себеп болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ жастарының Коммунистік партияның кезекті өктемдігіне қарсы бой көтеруі сол кезде әлемді дүр сілкіндірген оқиға болды. Қазақстанды ұзақ жыл басқарған Димаш аға Қонаевтың орнынан алынып, қайдағы бір Ресей жерінен келген Г.Кольбин деген коммунистің қазақ ұлты туралы түсінігі жоқ жан еді. Осыған наразылық білдірген қазақтың ұл-қыздары ауыр соққыға жығылып, үш күн бойы қатыгез Кеңес солдаттарының тепкісінен қорлық көріп жатты.

Жастар көтерілісін аямай жаншыған Кеңес үкіметі қазақ жастарын үйір-үйірімен соттап, оқудан шығарып, аямай жаныштады. Иә, ызғарлы желтоқсандағы қазақ ұл-қыздарының көрген қорлығын адам баласының басына бере көрмесін. Өзінің бет-пердесін ашып көрсеткен сол кездегі Мәскеу басшылары қойдан жуас қазақ жастарының ішкі арманы мен талап-тілегін түсіне алмайтын озбыр күш еді. Міне, сол Желтоқсан көтерілісіне биыл отыз бес жыл толып отыр.
«Данасы мен батыры көп қазақтың,
Көрген талай қияметін азаптың.
Аршындаймын көк туымды шалқытып,
Жасай берсін, Тәуелсіздік азат күн»- деп ақын жырға қосқандай, 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі болып жатқан кезде Қызыл-Қайрат ауылының бозбаласы Мұхтар Жансеркеев Мәскеу түбіндегі Домодедово қаласында сарбаздық міндетін атқарып жүрген он тоғыз жасар балаң жігіт еді. Сол күні қаладағы шойын құятын заводтан екінші кезектен шаршап келген Мұхтар казармадағы қазақ солдаттарының үрпейісіп отырғанын көрді. Достары асыға-үсіге: «Мұхтар, бүгін Алматыда студент жастар Қазақстанға жаңадан барған Г.Кольбин деген басшының сайлануына жаппай қарсылық көрсетіп, алаңға шыққан екен. Жаңа ғана «Уақыт» бағдарламасынан қысқа-қысқа үзіп көрсетті. Өртенген машиналар мен соққыға жығылған қазақ ұл-қыздарын алаңда ұстап алып, машиналарға тығып жатқанын анық көрсетті. Мұның арты не болмақ?-деген сөздерінен Мұхтар олардың қандастары үшін жаны ауырып отырғанын байқап, жүрегі сыздады. Бұлтсыз күнгі найзағай жарқылындай болған бұл жағдайды әркім әртүрлі қабылдады. Шовенистік көзқарастағы Кеңес офицерлері қазақ солдаттарына сұстана қарап, ызбарлы үн қататын болды. Тек, рота командирі, капитан, ұлты поляк Рошанский көпті көрген, салиқалы жан болатын. Үлкен жиын үстінде Желтоқсан көтерілісі туралы ой қозғады: «Мен қазақ халқының ұлы жүрегіне сенемін. Біз біртұтас ел болып, Герман фашистеріне де тойтарыс беріп, жеңіс туын биікке желбіреткен халықпыз. Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы Мәскеуді кеудесімен қорғаса, «Шығыстың қос шынары» атанған Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Маметовадай «Кеңес Одағының батырлары» қазақ ұлтының батыр халық екенін көрсетті. Алматыдағы қазақ жастарының толқуын КПСС Орталық комитетінің Саяси бюро мүшесі Соломенцев бастаған комиссия мүшелері анықтауда. Бұл оқиға біздің достығымызға селкеу түсірмеуі тиіс»-деп басалқы ойын айтқан еді.

Мұхтар-болып жатқан оқиғаларды саралай білетін, жүрегі ақ қағаздай аппақ, ұлтжанды қазақ перзенті еді. Алматыдағы аласапыран оқиғаларды жан тәнімен түсініп, жазықсыз жапа шеккен қазақтың қаракөз қыздары мен арыстай жігіттерінің көрген қорлығын жан-тәнімен сезініп, күйзеліске түсті. Сол кезде Алматы Қазақтың астанасы болса да, бар болғаны бір-ақ қазақ мектебі бар екенін, қазақ жастарының өздерінің сүйікті қаласы Алматыдан үй ала алмай тентіреп жүргені, барлық жерде орыс тілі үстемдік етіп, қазақ ұлтының рухани езгі үстінде екенін көз алдына елестеткен Мұхтар сол күндері тордағы арыстандай аласұрды. Ұлты үшін жан дүниесі бұлқына ауырды. Ертеңінде жұмыстан кейін казармадағы «Қызыл бұрышқа» келген Мұхтар қабырғадағы М.С.Горбачев бастаған КПСС Орталық Комитетінің бюро мүшелері ортасында қасқайып тұратын Д.Қонаев ағасының бейнесі алынып, қоқыс тастайын жәшікте жатқанын көріп, қаны басына шапшыды. Ашумен сол жерде тұрған орыс, украйн солдаттарына дүрсе қоя беріп; «Мен «дембелге» кеткенше Димаш ағаның суреті осы жерде тұрады. Түсіндіңдер ме?»- деп жерде жатқан Д.Қонаевтың суретін орнына іліп қойды. Мұны ауыр қабылдаған славян жігіттері мұны сол сәтте-ақ «Үш әріп» адамдарына жеткізе қойыпты. Мұндайды кешіре қоймайтын КГБ-қыз­меткерлері Мұхтарға шүйліге кетіп, мұны қыспаққа алды. Мұндай қылығы үшін Мұхтарға «Айыптау» баталюнына кету қаупі төніп-ақ қалған еді. Мұны рота командирі Рошанский қорғамағанда, оның басына төгілген қара бұлт үйіріле түсіп еді. Ең үздік бөлімше командирі саналатын Мұхтар Жансеркеевті Рошанский жазалауға бермей, алып қалды. Сені ауылда ата-анаң, бауырларың, туған-туыс­тарың күтіп отыр емес пе? Мен сені адал жігіт ретінде сыйлаймын, әрі бағалаймын. Мұндайды енді қайталамай жүретін бол!»-деп ақыл-кеңесін берген болатын. Міне, жүрегі «қазақ» деп соққан ұлт азаматы сол бір Желтоқсан көтерілісі тұсында рух пен жігер оты сөнбеген қазақ ұлтының бір перзенті ретінде танылып еді. Бұл күндері өмірден көргені де, ойға түйгені де мол Мұхтар Жансеркеев Қызыл-Қайрат ауылындағы №19 орта мектепте ұстаздық етеді. Қазақтың арыс ұлдарының бірі, айтыс ақыны Бекарыс Шойбеков бір аламан жыр додасы үстінде:
« Тәуелсіздік-ыстық-ай, аптабын-ай!
Үш жүздің басын қосып бір кездері,
Патшаңды қондырды ғой, атқа Құдай!
Айрандай ұйып келе жатқан елді,
Сүт болып, төгілуден сақта Құдай!»- деп жырлап еді. Сол айтқандай, Қазақ мемлекетінің гүлденіп, қазақ деген ұлттың әлемдегі басқа да ұлттармен терезесі тең, керегесі кең ұлт есебінде мәңгі өмір сүруін тілейтін Мұхтар Жансеркеев қазақ жастарының жанартау болып атылып, ұзақ жылдар бойы ата-баба аңсаған Тә­уелсіздіктің қазақтың басына бақыт құсы болып қонған киелі тұмары екенін жас ұрпаққа айтып отырудан бір жалықпайды.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».