Еліміздегі ауылшаруашылық өндірісінің маңызды саласы мал шаруашылығы. Бұл сала ата-бабамыздан қазақтың дәстүрлі кәсібі ретінде дамып келе жатыр. Әдетте мал шаруашылығын өркендетуде шешімін табатын шаруа көп қырлы болып келеді. Соның ішінде мал азығын қамдау ең маңызды мәселе.
Өйткені, жеткілікті мал азығы қоры жасалмай мал шаруашылығы ешуақытта серпінді дами алмайтыны белгілі. Биылғы жылы елімізде орын алып жатқан қуаңшылықтың салдарынан бірқатар облыстарда жем-шөп дайындауда қиындыққа тап болып жатқанынан күнделікті хабардар болып отырмыз. Табиғаттың тосын мінезінің алдын алу мақсатында аудан көлемінде бірқатар шаруашылықтар мен ауылдық округтерде қысқы мал азығын жем-шөп дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
2021-2022 жылдардағы қысқы маусымға 122,9 мың тонна шөп, 58,8 мың тонна пішендеме, 34,2 мың тонна сабан, 30,0 мың тонна жемдік азық және 137,6 мың тонна сүрлем дайындау жоспарлануда. Биылғы жылы бірқатар өңірлерде құрғақ ауа-райы жағдайлары орын алып, соның салдарынан мал жаю мен жем-шөп дайындауды ұйымдастыру мәселелерінде қиындықтар туындауда. Десе де, бүгінгі күні барлығы 85 мың тонна шөп (оның ішінде 53,0 мың тонна жоңышқа), 23 мың тонна пішендеме дайындалды.
Қуаңшылықтан туындайтын қиындықтардың алдын алу мақсатында аудан бойынша тиісті шаралар жүргізілуде. 2021 жылғы 24 маусымында «Жем-шөп дайындау, соның ішінде шабындық жерлерді анықтау, арзандатылған жанар-жағар майын бөлу мәселелерін жедел шешу туралы» № 06-44 аудан әкімінің өкімімен штаб құрылып, қолға алынатын іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Аудан бойынша жайылымдылық жерге деген қажеттілік 61031,5 гектарды құрайды. Бүгінгі күнге осы жайылымдық жермен қамту мақсатында ауылдық округ әкімдері жер иелері және жер пайдаланушыларымен 6470,16 гектар жерге өзара келісім шарт (меморандум) жасады. Жайылымдық жерлерді ұлғайту мақсатында тиісті жұмыстар әлі де өз жалғасын табуда.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»