Жаңа зауыт іске қосылды

Жаңа зауыт іске қосылды

«Байсерке-Агро» ЖШС ауылшаруашылық холдингі 2000-шы жылдардың басында құрылған болатын. Қазір ол шын мәнінде көп бейінді аграрлық кластер болып қанатын кеңге жайып келеді.

Холдинг мамандары еліміздің жетекші аграрлық ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарымен серіктестікте етті және сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығымен, асыл тұқымды жылқы және қой шаруашылықтарымен, сондай-ақ өсімдік шаруашылығымен – дәнді және жемшөптік дақылдар, шөп, пішендеме, сүрлем, сабан дайындаумен айналысуда. Одан өзге, холдинг ет пен сүт өнімдерін өңдеуді де жолға қойған.
Бүгінде Талғар ауданында етті және сүтті бағыттағы ірі қараға, құс пен балыққа арналған 10 түрлі жем дайындайтын зауыт пайдалануға берілді. «Байсерке-Агро» ЖШС жанынан ашылған жылдық қуаттылығы 36,5 мың тонналық жаңа кәсіпорында 15 жұмыс орны қамтылған. Жалпы жобаның құны 1,4 млрд. теңгені құрайды.

Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов, «Байсерке-Агро» агрохолдингінің президенті Темірхан Досмұхамбетов, өңірге жұмыс сапарымен келген бір топ сенаторлар, ғалымдар мен аграрлық сала мамандары қатысты.

Ауыл шаруашылығын жаңғыртудың негізі – инновацияда екендігі жан-жақты сөз болған шарада Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ермек Толқынов: «Ауданымызда бұған дейін мұндай ірі зауыт болған емес және малдың жемі көрші аудандардан жеткізілетін. Енді зауыт толық қуатына шыққанда, «Байсерке Агро» агрохолдингі мол жем қорын қалыптастырып қана қоймай,ауданның, тіпті облыстың аумағындағы малмен айналысатын шаруашылықтар үшін зор пайда әкеледі» — дей келе жаңа зауыттың жұмысына сәттілік тіледі.

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында өңделген ауылшаруашылық өнім экспортын 5 жыл ішінде 2,5 есеге ұлғайту керектігін айтып еді. Бүгінгідей жағымды жаңалықтарға сүйенер болсақ, агроөнеркәсіп саласын индустриалды-инновациялық бағытта арттыруға айрықша мән беріліп отыр. Бұл туралы сенатор Ақылбек Күрішбаев:
— Мал басын азайтпау тәсілінің бірі – оған қажетті жем қорын қалыптастыру. Сондықтан мал азығын дайындайтын жаңа зауыттың ашылуы өңірдің ауыл шаруашылығы үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Технологияны сақтау, ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеу өте маңызды. Сонда біз мал басы санын өсіріп қана қоймай, су және басқа да табиғи байлықтардың жетіспе­­­­­­у­шілігін сезінбестен мол өнім ала аламыз. Ол үшін бізге ең алдымен ғылыми көзқарас, жоғары білікті мамандар, ауыл шаруашылығы дақылдарының заманауи сапалы сорттары, өнімділігі жоғары мал тұқымы қажет. Біздің болашағымыз – аграрлық салада, сондықтан осы саланы дамыту — аса жауапты да қажетті шара, — деп жаңа зауыттың ашылуымен құттықтады.

Тындырымды тірлігі мен халқының бірлігі бар мемлекеттің тек өркениетке бастайтын аграрлық саласын тұрақты дамып жатқан әрі әлеуеті зор азық-түлік тауарларының және шикізаттың негізгі түрлерімен ішкі нарықтың қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етіп отырған сала ретінде сипаттауға болады.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»