Қос мәжілісмен ауданымызға атбасын бұрды

Қос мәжілісмен ауданымызға атбасын бұрды

Аптаның сейсенбісі күні ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Құспан Айгүл Сайфоллақызы мен Тәжмағанбетова Мақпал Мазаққызы арнайы іссапармен келген еді. Аудан әкімі, аудандық «Нұр Отан» партиясының төрағасы Қайдар Әбдіханов бастап, аудандық мәслихаттың хатшысы Мұхит Әлібеков, аудандық «Nur Otan» партия төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков, қала әкімі Айдар Нұрмұханбет халық қалаулыларын ауданымыздың тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Бірінші кезекте мәжіліс депутаттары қаламыздағы Емелева, Қашқари, Ықылас, Тоқаев көшелерінің жөндеу жұмыстарының сапасын бақылады. Аудандық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімінің басшысы Асхат Досжанов жөндеуден өтіп жатқан көшелерге бюджет қоржынынан бөлініп жатқан қаражат мөлшері мен жұмысты атқарып жатқан мердігер компания жайлы ақпарат беріп, жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі мен сапасы жайлы да айтып өтті. Аудан басшысы Қайдар Әлиханұлы құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін үнемі назарға алып отырғанын айтып, болашақтың еншісіне қойылған жоспарларымен де бөлісті. Содан кейін халық қалаулылары қаламыздың орталық базарына барып, азық-түліктің бағасын бақылады. Халықты азық-түлікпен қамту мәселесі еліміздегі өзекті мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан да депутаттар бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, баға бағамдарын да назарға алды. Күн санап шарықтап жатқан азық-түлік пен көкөністің бағасын тұрақтандыру мақсатындағы жасалып жатқан жұмыстарға көңіл аударды. Іс сапар барысында Айгүл Сайфоллақызы мен Мақпал Мазаққызы қаламыздағы құрылысы жүріп жатқан 1200 орындық мектепке де бас сұғып, нысанның жобасымен танысып, құрылыс жұмыстарының қарқынын көріп қайтты. Жұмыс барысының соңында ауданымыздағы көне тарихи орын «Талхиз» қалашығанына атбасын бұрып, халқымыздың рухани, тарихи құндылықтарының бірі саналатын қалашықтың тарихымен танысты. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізімінде тұрған Талхиз қалашығының тарихы сонау XI-XIІ ғасырдан бастау алады. Шыңғыс хан дәуірінен бері келе жатыр. Ол жерде қалашықтың орны, іргетасы, күймелер жүрген жолдар да бар. Табылған артефактілер де жетерлік. Сондықтан да ескерткішті қорғап, тарихымызды сақтап қалу баршамыздың басты парызымыз.


Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени өмірімен танысқан халық қалаулылары түс ауа аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық мәслихаттың депутаттарымен кездесіп, ауданымыздағы түрлі өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»