Вакцина – індетке тосқауыл

Вакцина – індетке тосқауыл

Карантиндік шектеу шаралары мен санитарлық талаптарды сақтау, халықты вакцинациялау арқылы коронавирус індетінің таралуына біршама тосқауыл қойылып, жағдай тұрақталғандай болып көрінгенімен, арқаны кеңге салу әлі де ерте. Осыған орай, Талғар ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Б.М.Успановқа жолығып, ауданымызда коронавирус індетіне қарсы қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуал туралы айтып беруін сұраған едік.

— Бексұлтан Манарбекұлы, COVID-19 инфекциясына қатысты ауданымыздағы эпидахуал қандай деңгейде?

— Иә, адамдардың денсаулығы мен өміріне зор қауіп төндіріп отырған коронавирус індетін жұқтырғандар саны соңғы аптада азайғаны рас. Нақтырақ айтсам 28 маусым күні COVID-19 дертін 6 адам жұқтырған. Олардың барлығында ауру белгілері байқалған. Талғар қаласында және Нұра ауылында бір-бір адамнан, Панфилов, Тұздыбастау ауылдық округтерінде екі нау­қастан анықталған. Бұл тек бір тәуліктің көрсеткіші. «Сақтықта қорлық жоқ» деп, тегін айтылмаған ғой. Өкінішке орай карантин талаптарын, санитарлық-гигиеналық ережелер мен әлеуметтік қашықтықты сақтамаудың арты қауіпті дертті жұқтыруға себеп болуда. Науқастардың басым бөлігі жұқпалы дертті сауда үйлерінде, базарлар мен дүкендерде, қоғамдық көліктерде жұқтырған. Ковидке шалдыққандардың барлығы белгіленген алгоритм негізінде амбулаториялық ем қабылдап жатыр.
Бүгінгі таңда Талғар аудандық орталық аурухананың провизорлық стационарында 16 адам, Панфилов ауылындағы ауылдық ауруханасында 58 науқас пневмония және тұмау (ОРВИ) диагнозымен емделуде. Амбулаториялық ем алып жатқан адамдардың саны — 55. Үй карантиніндегі 90 адам дәрігер бақылауында. Айта кету керек, Алматы қаласындағы «Каусар» оңалту орталығында орналасқан 100 төсектік 2-ші деңгейдегі жұқпалы аурулар бөлімінде науқастар қабылдау уақытша тоқтатылды.

— ПТР сынамаларын тапсырғандардың нәтижесі қандай?

— Аудан аумағында эпидемиологиялық бақылауды күшейту негізінде 2020 жылдан бастап 66892 адамнан ПТР сынамалары алынып, нәтижесінде 3245 адамнан ковид анықталған. Оның ішінде 2343 науқаста ауру белгілері бар болғандар, ал 902-і симптомсыз сырқаттар. Бұл коронавирус індетіне қатысты былтырғы жыл мен биылғы жылдың осы күнге дейінгі жалпы көрсеткіші. Ал 28 маусым күнгі көрсеткіш бойынша 172 адамнан ПТР сынамасы алынған.

-Қатерлі дертпен күресуге қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмек жеткілікті ме?

— Ауданда 17 мобильді топ жұмыс істейді. Ауруханаларда 150 оттегі баллоны, 70 оттегі концентраторлары, 123 оттегі көздері, 31 өкпені жасанды желдететін (ИВЛ) аппараты, сонымен қатар екі айлық мерзімге қажетті дәрі-дәрмек қоры бар.

-Аудан бойынша вакцинациялау науқаны қалай жүріп жатыр?

— Аудан бойынша 17 егу пунктері, оған қоса Панфилов, Жалғамыс, Нұра, Бесағаш, Тұздыбастау ауылындағы мектептерде тағы да 6 егу пункті жұмыс жасауда. Орталық аудандық ауруханасына мемлекеттік тапсырыс бойынша маусым айының ортасында тағы да 15 автотоңазытқыштар (белсенді термоконтейнерлер) жеткізіліп, арнайы тексерістен өткізілгеннен соң 14-і іске қосылды. Бүгінгі таңда аудандық ауруханада барлығы 27 автотоңазытқыштар (белсенді термоконтейнерлер) жұмыс жасап тұр. Вакциналарды сақтайтын арнайы 4 дана мұздатқыш құрал-жабдық бар.
Бүгінгі таңда, дәлірек айтар болсам, 29 маусым күнгі деректер бойынша барлығы 22415 вакцина жеткізілді. Оның 20535-і егілді. Қалғаны 1880 дана. Алғашқы кезекте «Спутник V» вакцинасының 17815 бірінші компоненті жеткізіліп, бүгінгі таңда 16773 адам екпе алып үлгерді. Одан кейінгі келіп түскен 14500 дана екінші компонентін 11424 адам қабылдады. Ең алдымен екпені індеттің алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлері мен әлеуметтік сала қызметкерлері алғаны белгілі. Сонымен қатар, «Hayat-Vax» вакцинасының 2200 бірінші компоненті толықтай егілді, екінші компонентінің 2200 данасы алынған болса, оның 1792-мен екпе жасалынды. «Короновак» вакцинасының 2400 бірінші компоненті жеткізіліп, онымен 1562 адам егілді. 2400 дананы құрап отырған екінші компоненті өз кезегін күтуде.
Сонымен қатар медицина мамандары жылжымалы медициналық кешен арқылы сұраныс бойынша шалғайдағы ауыл-аймақтардың тұрғындарына, бірқатар мекеме, кәсіпорындардың қызметкерлеріне шығып екпе шараларын жүргізуде. Кешен заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Халыққа екпеден бөлек флюрография, УЗИ қызметі де тегін көрсетіледі.

-Берген сұхбатыңызға рахмет!

Райхан Азимова,
«Талғар»