Ашық есік күні өтті

Ашық есік күні өтті

Талғар аудандық Мемлекеттік корпорациясы бөлімшесінде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің Алматы облысы бойынша Департаменті Алматы облыстық «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясымен бірігіп қызмет алушыларға және қоғамдық ұйымдарға мемлекеттік қызмет көрсетудің түрлері және ондағы өзгерістермен ақпараттандыру мақсатында ашық есік күнін өткізді.

Алматы облыстық Әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитеті басшысының орынбасары Ерлан Жеңісбайұлы арнайы келіп, зейнатақы төлемдері мен зейнет­керлерге, ерекше күтімді талап ететін жандарға, сондай-ақ көпбалалы аналарға көрсетілетін қызметтердегі ерекшеліктерге тоқталып, баяндама жасады. Мүмкіндігі шектеулі жандар қажеттіліктерін тиімді пайдаланулары үшін және жемқорлықтың алдын алу мақсатында ашылған арнайы әлеуметтік порталдың жұмыс барысымен таныстырып, ондағы мүмкіндіктердің қолжетімділігін түсіндірді.
Баяндама негізіне сүйенер болсақ, Алматы облысы бойынша осы уақытта 674761 адам зейнетақы және жәрдемақы алушылар болып табылады. Оларға ай сайын 29 млрд.246 млн. теңгеден аса қаржы төленеді. Орта есеппен алғанда зейнетақы төлемдерінің ең жоғарғы көрсеткіші 90 мың теңге болса, ең төмені зейнетақы мөлшері 43272 теңгені құрайды. Ал көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақымен 56870 отбасы қамтылса, Талғар ауданы бойынша 5251 отбасы жәрдемақы алып отыр.
Атаулы жиынға қоғам белсендісі, қалалық аналар кеңесінің мүшесі Күләш Оразалиева, аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Райхан Джулимбетова, «Кәусар» инновациялық орталығының басшысы Наиля Үмбетова және көпбалалы аналар мен зейнеркерлер қатысты. Жиынға қатысушылар көкейіндегі сауалдарын қойып, өз ойларымен бөлісті.
Түйткілді мәселелердің түйінін түсіндіріп, жиынға қатысушылардың сауалдарына сауатты жауап берген Ерлан Жеңісбайұлы алдағы уақытта барлық мәселелер ашық түрде электронды портал арқылы жүзеге асырылатынын, мүгедек жандарға тағайындалатын жеке көмекшілердің орнына жәрдемақы тағайындалатынын жеткізді.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»