Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын əліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін жəне болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін айтқан болатын. Бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатқан латын əліпбиіне көшу мəселесіне байланысты ғалымдардың, көпті көрген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың ой-пікірлерінің маңызы артып отыр.
Латын əліпбиінің елімізде он жылдай уақыт салтанат құрғанын тарих беттерінен білеміз. Сол заманның өзінде қазақты көптеген ел мен жер танығаны рас. Қазіргідей қанатын кеңге жайған қуатты мемлекетке айналған шақта біз халық болып бұл жазуды қолдап алып кетсек, өркениетті елдердің қатарына ілесе алатынымыз анық. Латын əліпбиі əлемдегі ең танымал жазулардың бірі саналатындықтан оның болашағы зор. 2006 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ əліпбиін латынға көшіру жөніндегі мəселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Əйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие жəне көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мəселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Əлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», — деген еді. Ия, қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген əліпбиді латын əріптерімен ауыстыру мəселесіне
алаңдаушылық тудырып отырғандар бар арамызда. Дегенмен, болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірін қолдау баршамыздың парызымыз. Тəуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың да маңызы өте зор. Жазу — барлық халыққа ортақ, мəдениеттерді жалғастырушы, байланыстырушы құндылықтардың бірі. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Бір жазудан екіншісіне көшу халықтың осы рухани байлықтан сусындауына қосымша қиындық келтіруі де мүмкін. Қазақ тілі бүгін бе, ертең бе міндетті түрде латын əліпбиіне көшеді. Əрине, осы мақсатқа жету үшін үлкен ізденіс, мол еңбек, қыруар қаражат қажет. Осының бəріне күш-жігеріміздің жететініне сенімді болуымыз керек. Ештеңеден қаймықпай, саннан сапаға, сөзден іске көшетін уақыт жетті. Елбасы айтқандай: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми жəне білім беру
үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты». Латын əліпбиіне көшу – заман талабы. Осы қаріпті қолдану арқылы біз əлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген ойдамын. Мəжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы əліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мəселелері туралы» парламенттік тыңдау өтті. Мемлекет басшысы атап өткендей ғалымдардың көмегімен қазақ əліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданып, əдістемелік жұмыстар жүргізілсе, жаңа əліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатары көбейіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындалса, бұл істі де еңсеретініміз анық. Осы мақсатқа қол жеткізіп, соның жемісін көру үшін білікті тіл мамандары мен оқытушы-профессорлар аянбай тер төгуі қажет. Ел болашағы үшін қабылданғалы отырған маңызды шешімге қолдау көрсету, жақсыны үйренбекке ұмтылу – жүрегі «елім» деп соққан əрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті болмақ. Сондықтан Елбасының шешімін қолдап, оның ары қарай жүзеге асуына үлес қосуымыз қажет деп білемін.
Қазыбек ӘБІЛҚАЙЫР