Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен облыс көлемінде алғаш рет өткізілген «Латын əліпбиіне көшу: дайындық барысы» атты семинар-кеңес өзектілігімен қатар маңыздылығымен де жиынға қатысушылар мен тыңдаушылардың көңілінен шықты. Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске
асыру жөніндегі Ұлттық комиссияға қарасты Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық əліпбиге көшіру жұмыс тобының мүшелері, белгілі саясаткерлер, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері, тіл жанашырлары, БАҚ өкілдері қатысқан семинар-кеңесті облыс əкімінің орынбасары Жақсылық Омар ашып, жүргізді. Елбасының терең мазмұнға толы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты құнды еңбегінің бағыттарына тоқталып өткен
Жақсылық Мұқашұлы өңірде латын əліпбиіне көшіруді жалпыұлттық талқылау жөніндегі «Жаңғырудың жаңа белесі» атты ақпараттық-насихаттық жұмыс тобының құрылғандығын да тілге тиек етті. Семинар-кеңестің күн тəртібінде латын əліпбиі туралы баяндамалар оқылып, тіл жанашырларының тұщымды ойлары ортаға салынды.
Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияға қарасты Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жұмыс тобының жетекшісі Ерден Қажыбек өз сөзінде латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақ еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелетіндігін айтты. -Біз латын əліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде басы артық кірме сөздерден арыламыз. Латын əліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, оның қолданыс аясын одан əрі кеңейте түсуге, мəртебесін көтеруге мүмкіндік жасау деп түсіну керек,- деді А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек. Келелі кеңесте «Əліпби ауыстыруды жазу реформасына айналдыру керек» деген тақырыпта баяндама жасаған Қазақ жазуын латын графикасы негізінде жаңа ұлттық əліпбиге көшіру жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Əділхан Жүнісбектің айтуынша, бүгінгі қазақ жазуына, тек əліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек. Реформа бір ғана əліпби ауыстырумен тынбайтынын, бұл үш мəселені қамтитындығын атады. Үш мəселе – дыбыс, əліпби жəне емле-ереже: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; əліпби – сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; емле-ереже – дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дəнекері деп көрсеткен баяндамашы осы үш мəселе бір-бірімен байланысты жəне қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды дейді. Сонымен қатар ол əліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғышарты жəне ең төте жолы болып табылады дей отырып, егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тіл бұзар əріптер мен емле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалатынын да айтады. Профессор өз сөзін латын əліпбиін жатырқамай, дер кезінде қабылдау керектігімен түйіндеді. Ал «Əліпби категориясы» атты тақырыпта баяндама жасаған Сулейман Демирель атындағы университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова ең алдымен «Қазақ тілін латын əліпбиіне ауыстыру мəселелері» деп жазып жүрген кейбір БАҚ өкілдеріне
ескертпесін айтты. Бұл қате байланыс дейді ол. Дұрысы: «Қазақ жазуын латын əліпбиіне ауыстыру» деп мəлім етті. Ары қарайғы ойын баяндама тақырыбына жалғады. Өз сөзінде профессор қазақ жазуын латын графикасына көшірудегі бірқатар мəселені тілге тиек етіп, тұщымды ойларымен бөлісті. Семинар-кеңесте өз ойларын ортаға салған елімізге белгілі саясаттанушылар Дос Көшім, Айдос Сарым латын əліпбиіне көшу қазақ тілінің мəртебесіне дем береді деді. «Латын əліпбиі – заман талабы» деген Елбасы сөзін басшылыққа ала отырып, əлем кеңістігіне еркін саяхаттай алатынымызға кəміл сенуіміз керек». Келелі жиынды қорытындылаған облыс əкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы осылай деді. Сонымен бірге бəсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін Елбасының алға қойған мақсатміндеттерін жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс істеу керектігін айтты.
Қазыбек ӘБІЛҚАЙЫР