Әлем жұртына зор қауіп төндіріп, берекесін қашырған коронавирус індетімен Қазақстанның да күрескеніне, міне, бір жылдан асып барады. Жұқпалы індеттің мутацияланған штамдарының пайда болуы да қарсылық әрекеттерді қиындата түсуде. Соңғы уақыттағы індетті жұқтырғандардың саны күрт өсуіне байланысты еліміздегі эпидемиологиялық жағдай күрделеніп, қоғамды алаңдатып отырғаны да белгілі.
Талғар ауданы коронавирустың таралуы бойынша «сары аймақта» тұр. Яғни, аймақта эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі, босаңсуға еш негіз жоқ деген сөз. Бүгінде ауданымызда коронавирус індетіне байланысты қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуал қандай деген сауалға жауап іздеп Талғар ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Б.М.Успановқа жолыққан едік. Ауданымыздың бас санитарлық дәрігерінің берген мәліметіне сүйенер болсақ, өткен тәулікте, яғни 11 мамыр күні аудан бойынша коронавирус инфекциясын 40 адам жұқтырған, олардың барлығында ауру белгілері байқалған. Науқастар амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Айта кету керек, КВИ анықталған науқастардың 19-ы сауда және ойын-сауық орталықтарында, базарлар мен дүкендерде жұқтырған деп болжалған, 6-ы қоғамдық көлікті жиі пайдаланатындар, 4 адам науқас жандармен қарым-қатынаста , ал 8-і түрлі басқосулар мен той-томалақта болғандар екен. Атам қазақ : «Сақтықтансаң сақтайды!» деп тегін айтпаған. Өкінішке орай, тез тарайтын, жұқпалы дерттен сақтануда селқостық танытатындар баршылық. Көп жағдайда карантин талаптарын, санитарлық-гигиеналық ережелер мен әлеуметтік қашықтықты сақтамау салдарынан КВИ дертін жұқтыру қаупі еселеніп отыр.
Бүгінгі таңда үй карантиніне 763 адам алынған, Талғар аудандық орталық аурухананың провизорлық стационарында 263 адам, Панфилов ауылындағы ауылдық ауруханада 92 науқас пневмония және тұмау (ОРВИ) диагнозымен емделуде. Сонымен қатар Алматы қаласындағы «Кәусар» оңалту орталығында орналасқан 100 төсектік 2-ші деңгейдегі жұқпалы аурулар бөлімінде 90 науқас ем алуда.
Иә, «ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деген тәмсіл сөз дәл қазіргі жағдайға қатысты айтылғандай. Өйткені күллі адамзатқа қауіп төндіріп отырған COVID-19 індетін тізгіндеудің бірден-бір жолы халықты вакцинациялау болып тұр. Екпе салғызу арқылы адам өз денсаулығы мен айналасын қорғай алады. Яғни, халықтың басым бөлігі екпені қабылдаса «ұжымдық иммунитет» қалыптасып, қатерлі дерт кері шегінетіні де белгілі.
Елімізде 1 ақпаннан жаппай басталған коронавирусқа қарсы вакцинациялау аудан аумағында да жүргізіліп жатыр. Аудан бойынша 14 егу пунктері жұмыс жасауда. 3 наурыздан бастап 12 наурызға дейін «Спутник V» вакцинасының 11715 бірінші компоненті жеткізіліп, онымен 11600 адам егілді. Одан кейін вакцинаның 8100 дана екінші компоненті алынып, 5165 адамға екпе салынды. Сонымен қатар, «Hayat-Vax» вакцинасының 800 данасы жеткізіліп, онымен 256 адам егілді. Медицина мамандары жылжымалы медициналық кешен арқылы да шалғай ауылдардың тұрғындары мен бірқатар кәсіпорындардың еңбеккерлеріне қызмет көрсетіп, 380 адамға екпе салды.
Райхан Азимова,
«Талғар»