Баспаналы болу бақыты бұйырды

Баспаналы болу бақыты бұйырды

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері ел еңсесі көтеріліп, экономикамыздың қарыштап дамуының арқасында баспана қажеттілігі туындаған және әлеуметтік аз қамтылған халықты лайықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жолдары ашылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар қазақстандықтардың жайлы өмір сүруіне, әркімнің баспана және жұмыспен қамтылуына бағытталған. Ал, бүгінгі қоныс той – соның айғағы.

9 мамыр Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Талғар ауданы, Бесағаш ауылындағы «Алматау» тұрғын үй кешенінде 234 пәтерлі 9 қабатты үй қолданысқа берілді. Аудан басшысы Қайдар Әбдіханов пәтер иелерін айтулы мерекемен және жаңа қоныстарымен құттықтап, пәтерлерінің кілттерін табыстады. Айта кетсек,басым бөлігі «7-20-25» бағдарламасының аясында баспаналы болып отырған жандар. Жаңа баспаналар бірінші кезекте «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан» кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарындағы отбасыларға берілді. Көпқабатты үйлердің құрылысын жүргізген «ЭлитСтрой» мердігер компаниясы қасиетті Рамазан айында ерекше қайырымдылық жасап, І топ мүгедегі Ажар Аязбаеваның отбасына пәтер кілтін табыс етті.

Құрылыс қарқыны жыл сайын артып келе жатыр. Оның дәлелі былтырғы жылдың шілде айында Талғар қаласынан 6 қабатты үйден 340 пәтердің пайдалануға берілгені болса, биылғы жылы да сол қалыптан танған жоқ.

Биылғы жылдан бастап, ел тұрғындары үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға пайдалану жобасы жүзеге асқан болатын. Бұл жобаға қатысу мүмкіндігіне ие болып, баспана жағдайын дұрыстап алғандар қатарында Талғар тұрғындары да бар. Қалай болғанда да қоныс тойын тойлаған өңір тұрғындарының саны артуы үшін барлық бағыттағы жұмыстар тоқтамақ емес.

Адам өмірінде ең керекті нәрсенің бірі – баспана. Дана халқымыз: «Үйің болмай – күйің болмас» деп бекер айтпаған. Баспаналы болу әрбір адамның асқақ арманы. Ендеше сол армандарымыз орындала берсін деп тілейік.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»