ЕЛІН ҚОРҒАУ — ЕРГЕ СЕРТ
7 мамыр — Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні. Бұл тәуелсіз еліміздің өзіндік қорғаныс қабілеті бар екенін білдіретін мереке. Бұл күннің мереке ретінде аталып өтуіне 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасына қол жеткен келісімдерге байланысты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы себеп болды. Бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өткен болатын. 29 жылдық қалыптасу кезеңінде ұлттық әскер күштері азаматтардың еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтіп, аянбай еңбек етуде. Әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан жылға нығаюда.
Отан алдындағы борышын Қордай ауданына қарасты 20/38 әскери бөлімінде өтеп келген Ерасыл Мұратұлы «Отанға қызмет ету – ер азаматтың міндеті» деп санап, болашақта Отанға қызмет ету бағытында жұмысқа орналасуды мақсат етеді.
— Әскер – елдің басына күн туа қалған жағдайда жүгінер ең маңызды күш. Бүгінгі таңда бейбітшіліктің туы желбіреген мемлекеттердің де әскери күші жағынан бес қаруы сай, төрт құбыласы түгел. Әйткенмен әскер соғысты күтпейді, тыныштықты күзетіп, елдің есендігін тілейді. Ел қорғаны болар жаужүрек батырлар әскер қатарына қосылуы тиіс. Бірақ бүгінде, өкініштісі, мұны борыш құрлы көрмей жүрген жігіттердің қарасы көп. Сарбаз атану – әрбір жігіттің арманына айналуы тиіс. Өйткені Отанды қорғау – қасиетті борыш. Осы орайда жастарға патриотизмнің құндылығын, адамгершіліктің биіктігін, туған жерді сүюдің киелілігін мейлінше көбірек түсініп, замандастарыма Отан алдындағы борыштан қашпауға кеңес беремін, — дейді жас сарбаз.
«Тәрбие — тал бесіктен» деген атам қазақ, көкірегінде намысы бар, бойында күш-қуаты бар, Отан үшін отқа түсетін ұрпақ өсірді. Ата-баба аманаты болып қалған ұлан-байтақ қазақ даласын аман сақтап, бейбіт күнде баянды тіршілік ету тәртіп пен тәрбиеге байланысты. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы бекер айтпаған. Сондықтан Отан алдындағы борышты әскери билет үшін емес, әр азамат өз парызым деп түсінгені абзал.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар