Абыройлы сала

Абыройлы сала

1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев №745 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанын жариялады. Мемлекеттің дербес Қарулы Күштерін құрудың қажетті алғышарттары мен Отанды қорғауға олардың дайындығын қамтамасыз етудің негіздері қадамдары жасалды. Осылайша Қазақстан армиясының келбеті қалыптасып, қанаты қатайып, бұғанасы бекіді. Қазақстан әскерінің сап түзеп тұрған сарбаздары мен сардарларының Отанға деген патриоттық сезімі артып, рухы биіктеді. 7 мамыр 1998 жылдан бері кәсіби мереке ретінде аталып келеді.

Осы жылдар ішінде қорғанысын мықтап, күшін арттырған саланы ТМД мемлекеттері ұрысқа қабілетті, қазіргі заманғы техникамен және қару-жарақпен жабдықталған, қуаты мен ұтқырлығы жоғары, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шеше алатын қабілетті әскері бар жүйе ретінде таныды. Мұның бәрі дәстүр сабақтастығын жалғастырған рухты, өр мінезді, білімді ұрпақтың бірауыздылығымен, беделді ісімен, біріккен күшімен жеткен жетістіктер еді. Абыройға бөленген бұл саладағы игі істерді Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы да бағаламай қалған жоқ. Қарулы Күштердің құрылғанына 20 жыл толу құрметіне орай ел Үкіметіне 7 мамыр Отан қорғаушы күнін Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі деп белгілеуді көздейтін Заң жобасын Парламентке тапсырды. Президент пәрменімен біраз уақыт қаралып, қабылданған жаңа мерекеге біз ғана емес, бүкіл республика жұртшылығы қуанды. Қазір жалпыхалықтық сипатқа ие болған Отан қорғаушылар күні құрметті де абыройлы мерекелердің қатарында. Бұл, әрине Жоғарғы Бас қолбасшылықтың және халықтың өткен үш он жылдықтағы жетістігі деп білемін.

Республикамыздың Қарулы Күштерінің беделін көтеру жолында еңбек етіп келе жатқан барша азаматтар мен отандастарды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Мықты денсаулық, отбасыларына амандық, бақыт және сәттілік тілеймін.

Айдар Болатұлы,
Талғар ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы,
подполковник