Есімі елдің есінде

Есімі елдің есінде

Майдан даласында жаудың тылында, партизандардың қатарында ерлікпен шайқасқан жерлестеріміздің ішінен Сапаров Жұмабек Молдабайұлының есімі айрықша. Ол – Солтүстік Қазақстан облысы, Полудинский ауданы, Байсал ауылында 1925 жылы 27 желтоқсанда дүниеге келген. 1942 жылы орта мектепті бітіріп, РККА қатарына 18 жасында әскерге шақырылады. 1943 жылы Пехота училищесін бітіріп, Орлов-Курс шайқасына майданға аттанады. 1943 жылы соғыс ортасында жарықшақ жарақатын алып, емделіп шыққан соң 13-десант гвардиясы бригадасының құрамымен Карель майданында, 2-ші, 3- ші Украина майданындағы шайқастарға қатысқан.

Карелия, Румыния, Венгрия, Австрия, Чехословакия елдерін жаудан азат ету мақсатында жаумен шайқасып, 1945 жылдың мамыр айында Прага қаласында соғысты аяқтаған. Соғыста алған үш жарақаттың салдарынан казіргі уақытта Ұлы Отан соғысының екінші дәрежелі мүгедегі. Қан майданда көрсеткен ерен ерліктері үшін: «Ұлы Отан соғысының 1-дәрежелі», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған. Әуе десантын дайындау нұсқаушысы, әуе десантты бөлімінің ардагері, подполковник шенін иеленген батыр. Әуе десантында жүргенде Сталин әскерлерінің қатарында болып, соғыстың қайнап жатқан тұстарында жауға тұтқиылдан соғып, 153 рет әуеден секірген.

Соғыстан кейін 1950 жылы Рязань қаласындағы жоғарғы әскери автомобиль училищесін бітіріп, инженер-механик мамандығын меңгерген. Совет армиясы құрамынан шыққаннан кейін, автомектепте мұғалім, инженер-методист, мектеп басшысы, Гурьев облавтотрест басшысы, Алматы қаласындағы №4 автобус паркін құрған басшы, минавтотранспорт эксплуатация бөлімінің басшысы, Талғар аудандық автотранспорт кәсіпорнында директор болып қызмет атқарған. 1986 жылы Талғар қалалық АТП бөлімінен зейнетке шығып, 2000-2003 жылдары ҰОС ардагерлері кеңесінің төрағасы болып қызмет еткен. Сол кезде аудандағы ардагерлердің қатысумен «Орыс халық қоры», «Әжелер ансамблдері» құрылады. Қазіргі уақытта әрбір ауылдық округтерде әжелер ансамблдері жұмыс жасайды.
Сондай-ақ аудандағы Қызыл-Қайрат, Нұра ауылдарындағы Мәдениет үйлерінің бой көтеруіне ықпал етіп, Жұмабек атаның ұйымдастыруымен аудандағы барлық ҰОС-ның ардагерлері баспанамен, жер телімдерімен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда үш баладан немере, шөбере сүйіп отырған батыр ақсақал 96 жаста. Қимылы ширақ, өзі тың. Тек соғыстан кейінгі жылдары ауданымыздағы 790 ардагердің осы күнде санаулысы ғана қалғанына қаймығады.

Иә, Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдарымыздың қарасы азайып барады. Біз Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске ештеңеге теңеспейтін күшпен жеттік. Ол күш, әрине «бірлік». «Ер есімі – ел есінде», — демекші бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған батыр бабаларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»